«Еңбек адамы» айдарының бүгінгі кейіпкері жайлы сипаттаманы осылай берсе жарасымда болады. Өйткені ол тұтас бір өндіріс ошағында қауіп-қатердің алдын алып, техника қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарының жүзеге асуына ықпал етіп келеді. Заты нәзік болса да зауытта жүріп, өндірістік үдерістің қыр-сырына қаныққан ол бүгінде тұтас бір бөлімге басшылық жасап отыр.
Ерке Мұқанова – дәрігерлер әулетінен шыққан жалғыз өндіріс майталманы. Тегінің өзі аңғартып тұрғандай Ерке елімізге танымал білікті дәрігер атанған Өмірбек Мұқановтың қызы. Әкесінің жол нұсқауымен өндіріске келген Ерке Мұқанова бұл кәсіпке 2000 жылы бет бұрды. Гуманитарлық бағыттан техникалық бағытқа келудің қандай қиындық тудыратыны белгілі ғой. Өзіне бейтаныс салаға қадам басқанда Ерке Өмірбекқызы өндірістік үдерістің неден басталып, неден аяқталатынын мүлде түсінген де жоқ. Бірақ, адамның еңбектегі бағы жанамын десе, оның жолына білікті де білімді мамандарды, басшыларды жолықтырады екен. Ерке Мұқанованың еңбек жолында сондай басшылар мен тәлімгерлер кездесті. Алғаш құю-механикалық зауытына келгенде сол кездегі зауыт директоры Яхия Көпеев пен бас мамандар, цех басшылары Ерке Өмірбекқызын қанаттарының астына алып, кәсіпке баулыды. «Үйренемін, шыңдаламын» деген мақсаты бар жас маманның ынтасын олар одан әрі оята білді. Техника қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөліміне жұмысқа қабылданған сәттен бастап зауыт директоры мен алдыңғы аға буын өкілдері кейіпкерімізді цехтардағы жұмыстың барысымен таныстырып, білімін жетілдіруге тырысты. Осы сәттен бастап ол техника қауіпсіздігі мамандығын толық білуге құлшынды. Түрлі кітаптардан өзінің мамандығына қажетті дүниелерді саралап алды. Жезқазған политехникалық колледжін техникалық мамандық бойынша тәмамдап шықты. Ерке Мұқанованың бет алысын байқаған басшылық оны құю-механикалық зауытының бас техникалық жетекшісі ретінде тағайындады. Кейіннен Ө. Байқоңырова атындағы Жезқазған университетін «Еңбек қауіпсіздігі және өмір тіршілігі, қоршаған ортаны қорғау» мамандығы бойынша екінші жоғарғы білімді алып шықты.
– Менің жұмысымның негізгі мақсаты – өндірістің бел ортасында жүрген еңбек адамының өмірі мен денсаулығын сақтау. Осы ретте біз еңбек жағдайын жақсарту, жұмыс орнындағы қауіпсіздікті сақтау, жұмысшыларды арнайы киіммен, қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге баса көңіл бөлеміз. Тамақтану мәселесін де назардан тыс қалдырмай, бақылап отырамыз. Қауіп-қатердің алдын алу арқылы ұжым арасында жағымды климаттық жағдай қалыптастыруға ықпал етеміз. Тәуекелдерді болдырмаудың арқасында жұмысшылардың өмірін аман сақтап қалуға тырысамыз. Әрине, бұл ретте жұмысшылардың да өз өміріне деген жауапкершілікпен қарауы маңызды рөл атқарады. Күнделікті өтетін өндірістік кеңесте қауіпсіздік бойынша жіберілген олқылықтар талқыланып, тиісті шешімдер шығарылады. Техника қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы табыстарымыздың көбі үйлесімді жұмыстардың нәтижесі деп білемін, – дейді бізбен әңгімесінде Ерке Өмірбекқызы.
Ширек ғасыр өндіріспен өмірін өрнектеген Ерке Мұқанованың ізін ұлы Нұрсұлтан Ысқақов лайықты жалғастырды. Нұрсұлтан Шығыс Жезқазған кенішінің еңбек қауіпсіздігі бөлімінің жетекші инженері. Нұрсұлтанның алғашқы мамандығы жылу-энергетика және байланыс саласы болды. Осы мамандықты Алматы қаласындағы университетте игерді. Ол еңбекті қорғау саласына бет бұрған алғашқы жылдары-ақ білімділігімен танылды. 2018 жылы Ресейде өткен еңбекті қорғау жөніндегі халықаралық байқауда «Еңбекті қорғау бойынша үздік маман» номинациясын жеңіп алды. Бұл қазақстандық инженерлік-техникалық қызметкерлердің арасындағы алғашқы жеңіс болатын.
Ана жолын үлгі тұтқан Нұрсұлтан Ысқақов ұжымының мақтанышы. Ерке Мұқанова қазір жас мамандарды кәсіпте бағыт-бағдар беретін тәлімгер. Оның шәкірті Мөлдір Қадыр ұстазынан көп нәрсені үйренгені айтып, ағынан жарылды.
Шын мәнінде кейіпкеріміз қауіп-қатерге қалқан бола жүріп, әріптестерінің өмірі мен денсаулығына зиян тудыратын жағдайлардың алдын алуда. Құю-механикалық зауытының ұжымы білікті маманымен мақтанады.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.