Павел СТОВБЧАТЫЙ
2-бөлім
Қарғыс атқан қала, қарғыс атқан ел!..
Мен жерден көтеріліп бара жатқан лайнердің терезесіне қарап отырып, бір кездері өзіме қорған болған таңғажайып ел мен керемет қаланы іштей қарғадым. Иә, Италия маған адам армандайтынның бәрін берді, бірақ мен үшін бұл ел жеткіліксіз болды. Жүрегім де, тәнім де Ресейді аңсады да тұрды. Мен тек сол елде ғана өзімнің шынайы бақытымды таба алатындай сезіндім. Нақұрыс! Жоқ, мен анау айтқандай патриот емеспін, бірақ «оттың ортасын» қаладым. Мені ол жаққа қандай күш тартты? Білмеймін. Бәлкім, бұл ақылға да, логикаға да бағынбайтын нағыз патриотизм шығар?..
Мені Ресейге әлде бір тылсым күштің сүйреп әкеле жатқанын ішім сезетін сияқты. Бәлкім бұл сезім ойда-жоқта жолыққан ана бір тамаша адамнан кейін пайда болды ма екен. Ол менің осы уақытқа дейін өзімнің басымнан өткерген оқиғаларды жіпке тізгендей етіп қағазға түсірген шимайларымды кітап етіп басып шығаруға уәде берген еді сол жолы. Жоқ, менің Ресейге тек мемуарларым үшін ғана бара жатпағаным анық. Сонда не үшін? Түсіне алар емеспін.
Ресейдегі ірі және белгілі баспалардың бірінің иесі Неапольде екі күн ғана болды, бірақ мен онымен жолығысып, тілдесіп үлгердім. Ол кезде мен онымен салыстырғанда қайыршы болсам да, біраз капитал жинап қойғанмын. Ол нағыз магнат еді, басқа жаңа орыстардан мүлдем өзгеше. Ең бастысы оның ақшаның құлы емес екені айқын аңғарылып тұрды.
Оның мықтылығының өзі осы еді. Иә, ақша ең ұлы күш. Егер оның торына шындап түссең, сен ешқашан өзіңді-өзің еркін билей алмайсың. Ойлау қабілетің де өзгеріп шыға келеді. Сені өзің емес, ақша билеп, ақша сөйлетіп, ақша жүргізіп-тұрғызады.
Андрей Валентинович өзінің биязылығынан бір танбады. Оның бет әлпеті мен дауысында адамдарды өзіне тартатын табиғи жылылық бар еді. Сол тылсым мені де өзіне баурап алды. Бір жағынан, мен өзімнің ешкімге қажеті жоқ, бірақ өзім үшін құнды көрінетін шимайларымды жарыққа шығарғым келді. Сұхбаттасымның мені қызықтырғаны – мен өз есімімді атаудан мүлдем айырылған жан болсам да кітабымды бүркеншік атпен шығаруға және ол жайлы ешқашан жария етпеуге жүз пайыздық кепілдік бергені.
– Сіз құпияның бәрін сақтауға маған шын мәнінде жүз пайыз кепілдік бере аласыз ба? – деп қайыра сұрадым мен әңгіменің соңында, барлық негізгі мәселелер талқыланған кезде.
– Иә, – деп нық жауап берді ол. Бірақ екеуміз де ол «жүз» тек Құдайдың қолында ғана екенін білетінбіз.
* * *
Лайнер сәт сайын биіктеп келе жатыр. Жер алыстап барады. Ал мен өзімнің тағдырымды ойлап отырдым. Енді, тіпті бәрін қайталағым келсе де, жерге секіре алмаймын. Ұшақ биіктеген сайын менің итальяндық жұмағымды тастап кетуімнің басты себептері – Отаныма деген сағыныш пен тәуекелге деген құштарлық екенін сезіне бастадым.
Ойлап отырсам, менің зонадан бостандыққа шыққаныма үш жылдан да аз уақыт өтіпті, бірақ, мен жалықтым. Әлде бір тылсым өмірге деген сағыныш мені жегідей жеді. Жер бетінде бұл бейбақты жеңетін күш жоқ сияқты. Тіпті, бірде есірткіні ермек ету туралы да ойладым, бірақ мен оны уақытында түсіндім. «Тек бұл емес, – дедім мен айна алдында тұрып өзіме нық сеніммен. – Тек бұл емес!».
Барлық істерімді көмекшім әрі серігім Марио Пасолиниге тапсырып, сөмкелерімді жинап, әуежайға жеттім. Құжаттар туралы көп уайымдамадым. Бұл жағына келгенде итальяндықтар алдарына жан салмайтын сияқты.
Шебер француз визажисі менімен екі сағат бойы әуре болды. Нәтижесінде кешегі «Кот», бүгінгі симпатяга Джузеппе, МУР-ға да, тіпті Интерпол үшін де қолжетімсіз болып шыға келдім.
Алайда, мен бірден Мәскеуге барғым келмеді. Нағыз қылмыскер, баукеспе ретінде Пермь мен Оралды таңдадым. Мен қайта отырсам, дәл осы жерде отыруым керек. Бұл өңір талай зұлымдық жасалған жер…
«Жарайды, тағдыр маған осыны бұйырған екен, көндім», – дедім өз-өзіме бұл сапарымның арты қандай боларын ойлай отырып. Шынында да маған өлім жазасына кесу немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкім шығаруы әбден мүмкін еді. Қалай болғанда да, бұл өмір бойы құсамен жүргеннен жақсы…
Ескі әдеттер мен ептіліктер еркіндікте жүргенде де есімнен бір шықпады. Мен бұрынғысынша чифир ішіп, жалғанды жалпағынан басып жүрдім. Ебі келгенде сүйкімді итальяндық әйелдердің бөксесін де сипап қаламын. Ондай өрескел қылықтарым үшін шапалақ жеген кездерім де болды. Кейде өзімнің итальяндық қымбат костюмімді шешіп, ақшамды алып, қаңғыбастардың қоналқыларын да араладым. Сол жерде ғана мен өзімді еркін сезініп, өз адамдарымның ортасында болғандай күй кештім. Олар итальянша немесе испанша сөйлесе де мен олардың түпкі ойлары мен арманын түсініп отыратынмын.
Қарапайым адамдардың көпшілігі байлардың өмірі туралы көп нәрсе білмейді, бірақ ең бастысы, өздерінің сәндік туралы бақытсыз түсініктерінің нағыз сәнді өмірден қаншалықты алыс екенін болжай алмайды. Ол үшін ондай сәтті тек өз басыңнан өткізіп, бақыттың тәтті уының дәмін өзің татып көруің керек. Сағыныш құсасын өз тәніңмен, жаныңмен сезінуің қажет. Мен де сол тостағанның дәмін татып жүрген жанмын. Қаңғыбастардың ортасында болып, содан шынайы ләззат алуымның өзі сол құсаның уын қайтарсам деген әрекет…
Кейде мен өзімнің денеме әлде бір тылсымның сіңіп кеткенін сезінгендей болам. Армандарым бір сәт тұтас шындыққа айналып кетеді. Бір кездері бір көруге арман болған әдемі қыздар қазір «менің қалтамда отыр». Иә, қалтамда. Қайсын қаласам, шақырсам болды қасымнан табылады. Түн ләззаты деген шын мәнінде қандай сиқыр екенін мен анық сезініп жүрдім. Ал басқа ойын-сауықтар өз алдына бөлек. Мен үшін бұлар тек арман ғана еді ғой кеше. Енді соның бәрі шындыққа айналды. Қазір мен шын мәнінде «Кот» болдым. Өз еркіммен, өзімше, қалағанымша қыдырып жұрген «Котпын». Мен проблема дегеннің не екенін мүлдем ұмыттым. Мүмкін оным күпірлік шығар. Бірақ, менің денеме қонып алған тылсым күш соны істетіп тұр. Бәлкім, дәл осы түйткілсіздік, мен үшін ішінара үйреншікті болған лагерьлік үрейдің мүлдем жоқтығы мені қайғыға батырып жіберген шығар. Кез-келген адамға қандай да бір кедергілер қажет қой.
Уақыт өте келе мен жазудың қуанышын да сезінбедім. Ал, мен жағасында отырған теңіз мені бұдан да аз қызықтырды. Ақыр соңында қыздар да, ақша да шаршатты, мен өзіммен-өзім жалғыз қалдым.
Қарғыс атқан қала, қарғыс атқан ел! Бір күні мен өз жазбамды дәл осылай бастаймын.
Орысшадан аударған
Ізтай Белгібайұлы.
(Жалғасы бар).