«Қазақмыс» кен көздері шоғырланған жерлерді игеру арқылы халықты тұрақты жұмыспен қамтуды жүзеге асыра отырып, кеніштер мен фабрикалар салуды ХХІ ғасырдың бас кезінде қарқынды жүргізді. Соның нәтижесінде Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында «Қарағайлы» байыту фабрикасы «Қазақмыс» корпорациясының демеушілігімен қайта жанданды.
Бұл өндіріс ошағының тарихы өткен ғасырдың 50-жылдарынан бастау алады. 1950 жылдары кен барлау экспедициясының зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Қарағайлы кенішінде барит полиметалының мол қоры бар екені анықталады. Минералдық құрамы әртүрлі, дегенмен, басым бөлігі – барит, қорғасын, мыс пен мырыш. Осындай бағалы металдарды өндіріп, оны қорыту әрі байыту мақсатында 1963 жылы Қарағайлы кен байыту фабрикасының іргетасы қаланды. Алғашында жылдық қуаты 100 мың тонна өнімді қорытатын № 1 және кейіннен, 1978 жылы жылдық қуаты 1,5 млн. тонна кен өңдейтін № 2 фабрика іске қосылды. Осы жылдары өндіріс орнын ашуға арнайы Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы Д. Қонаев пен сол кездегі облыстық партия комитетінің хатшысы Н. Назарбаев келген еді. Құрылуы бірнеше кезеңнен тұратын фабриканың бүгінде жұмысы қарқынды, еңбегі толымды.
Заманауи технологияларға негізделген кен байыту тетіктерінің нәтижесінде фабрика тәулігіне 10 мың тонна кен байытуға қуатты. Фабрикаға қарасты «Ақбастау» және «Абыз» кеніштерінен әкелінетін рудадан мыс және мырыш концентраттарын алады.
2004 жылы қайта түлеп, жанданған Қарағайлы кентіндегі фабрика басшылығы тұрғылықты халықтың жұмыспен қамтылуына басымдық беріп отыр. Жиырма жылда қарышты қадаммен алға озған фабриканың мерейтойы аталып өтті.
«Қарағайлы» байыту фабрикасының басшылығы мен «КәсіпҚорған» кәсіподағының «Қарағайлы» фабрикасындағы комитеті ұйытқы болған салтанатты жиында өндіріс озаттары сый-құрметке ие болды. Қарағайлы кентінің тамырына қан жүгіртіп отырған өндіріс нысанының өнім өндірудегі үлесі арта түскені айтылып, кент әкімдігі атынан фабрика басшылығына алғыс білдірілді.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.