«Қазақмыс» корпорациясының түрлі құрылымдарында еңбек етіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған өндіріс ардагерлерінің басын бір арнаға біріктірген Ардагерлер кеңесі жыл сайын 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай жиын өткізеді.
Басты мақсат – өмірлерін өндіріспен өрнектеген қарттарға құрмет көрсетіп, еңбектеріне алғыс айту. Аталмыш мереке аясында биыл отызға тарта ардагер «Еңбек ардагері» медалімен және «Қазақмыс» корпорациясының Құрметті еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталды.
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Ардагерлер кеңесінің басқарма төрағасы Төлеген Бүкіров пен «КәсіпҚорған» кәсіподағы Жезқазған филиалының төрағасы Ақылбек Төлепбергенов қарттарды мерекемен құттықтап, аталмыш медаль мен төсбелгіні табыстады. Сонымен қатар Ақылбек Сағиұлы өндіріс саласында өнегелі із қалдырған бірқатар ардагерлерге кәсіподақтың Құрмет грамотасын тапсырды.
Айта кетейік, «Еңбек ардагері» медалі мен «Қазақмыс» корпорациясының «Құрметті еңбек ардагері» төсбелгісі қырық жылдан аса еңбек еткен ардагерлерге табысталады.
Қарттарға деген құрметті Ардагерлер кеңесінің Сәтбаев қалалық филиалы да ұйымдастырып, «Бақдәулет» мейрамханасында дастархан жайды. Мұнда да Ардагерлер кеңесінің, кәсіподақтың, «Amanat» партиясы «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Ұлытау облыстық филиалының Құрмет грамоталары мен сыйақысы табысталды.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.