Жезқазған қаласында Таисия Терёхина есімді өндіріс ардагері тұрады. Ол – бір ғасырдың куәсі. Он тоғыз жасында қасиетті мекенге жолдамамен келген Таисия Александровнаның еңбек жолы қара шаңырақ Қарсақбайда бастау алды. 1942 жылы зауыттың зертханасына сынама алушы болып жұмысқа қабылданды.
Кейіннен өндірістің ортасына түсті. Соғыс жылдарындағы зауыттың өнім берудегі көрсеткішін бәсеңдетпеу үшін жан алысып, жан беріскен уақыт еді. Сол зұлматты шақтың куәгері бүгінде бір дәуірді артқа тастап отырған жайы бар.
Таисия Александровна қандай ауыр жұмыс болса да ерлермен қатар соның жүгін көтере білді. Еңбекқор, алдына қойған мақсатқа жету жолында табандылығымен танылған оған кейін басшылық зауыттың техникалық бақылау бөлімін сеніп тапсырды. Таисия Терёхина бұл қызметті зейнет жасына жеткенге дейін атқарды. Елу жыл сол кездегі комбинаттың, кейін «Қазақмыс» корпорациясының техникалық бөлімін басқарды.
Еңбегіне сай Кеңес Одағындағы айтулы марапаттарға ие болды. Еңбек Қызыл Ту ордені, «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен еңбегі үшін», «Ерен еңбегі үшін» медальдарын омырауына тақты. Өндірістегі үдерістердің қалай жүзеге асатынын бес саусағындай меңгерген Таисия Александровна қаншама шәкірт тәрбиеледі. Осы саладан өмірлік жарын тапты. Жарты ғасырға жуық Александр Кочергинмен бірге ғұмыр кешті. Светлана, Олег есімді ұл-қыз тәрбиеледі. Олар да ата-анасының жолын жалғап, корпорацияның құрылымдарында еңбек етті.
Көңілі дарқан даладай қарттың туған күнімен қатар келген 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесінде «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС «Жезқазғантүстімет» ӨБ басшылығы мен Ардагерлер кеңесі құттықтауды ұмытпады. Өндірістік бірлестіктің Бас директоры Жасұлан Байниязов пен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Ардагерлер кеңесінің басқарма төрағасы Төлеген Бүкіров, өндірістік бірлестіктің еңбек қатынастары және әлеуметтік сала бөлімінің басшысы Еркебұлан Кенжеғұлов Таисия Александровнаның шаңырағына арнайы барып, құрмет көрсетті.
101 көктемін қарсы алып отырған ардақты ана құттықтап келген меймандарына батасын беріп, алғысын жаудырды.
Бағдат АЙТӨРЕҰЛЫ.