Қазақ мысының бастау бұлағы саналатын Қарсақбай кентінде де металлургтердің кәсіби мерекесі үздіктерді үкілеумен көрініс тапты. Тоқсан алты жылдық тарихы бар Қарсақбай металлургиялық зауыты кенттің тіршілігін тоқтатпай, жалғастырып келеді. Өндіріс ошағындағы еңбек озаттарын Жезқазған мыс қорыту зауытының директоры Жасұлан Байниязов құттықтады.
– Түсті металлургияның қарашаңырағы саналатын Қарсақбайдың металлургтері біздің мақтанышымыз. Зауыттың өндіріске қажетті бұйымдар шығаруында жүздеген қарсақбайлық жұмыла еңбек етуде. Қарсақбайдың қара мысының арқасында қаланған бұл саланың ғұмыры ұзақ болсын, – деді Жасұлан Тұрсынбекұлы.
Өндірістегі жеке табысы үшін зауыттың өндірістік-техникалық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Құланқадыр Еділбаев ІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды. Зауыттың күзетшісі Әбдібек Тоқметов, электрмонтер Еркін Жеңсікбаев, металл құюшы Бақтияр Аңсағаев, қалыптаушы Серік Түлкібаев ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісін тақты.
Сонымен қатар, көлік жүргізуші Балқаш Телбаев «Қазақмыс» Холдинг Директорлар Кеңесі төрағасының Құрмет грамотасымен, металл құюшы Мұрат Мұқанов «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасының Құрмет грамотасымен марапатталды. «Жезқазғантүстімет» ӨБ Бас директорының Құрмет грамотасына құю-механикалық бөлімінің жұмысшысы Марғұлан Қорштаев, металл жонушы Руслан Маслов пен электр және газбен дәнекерлеуші Владимир Миллер ие болды.
Мереке иелеріне «КәсіпҚорған» кәсіподағы Жезқазған филиалы төрағасының орынбасары Сержан Жақсыбеков лебізін арнай келіп, ұйым атынан зауыттың директоры Мұрат Мәткенов пен электр және газбен дәнекерлеуші Дарқан Қожахметовке «Еңбек озаты» төсбелгісін тапсырды.
Салтанатты жиын Қарсақбай кентіндегі саябақта спорттық шарамен жалғасты. Спорттың бірнеше түрінен жарыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар бағалы сыйлыққа қол жеткізді.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.