Қазақстанда 1929-1931 жылдары кеңестік әміршілдік жүйеге қарсы бағытталған 372 қарулы қақтығыс болғаны тарихтан белгілі. Соның бірі – «Қарақұм көтерілісі».
1930 жылы наурызда басталып, желтоқсанда аяқталған оған Қазалы, Қармақшы, Тереңөзек, Жалағаш, тағы басқа аудандардың шаруа жайымен көшіп-қонып жүрген шаруалары қатысты. Көршілес Ырғыз бен Арал, Қарсақбай ауданының бірқатар ауылы да бас көтеруге қосылды. Кеңес өкіметтің қысымына шыдамай, Қарақұмды паналаған ауылдар қолдарына қару алып, қорғануға мәжбүр болды. Көтерілісшілердің үлкен бір тобын дінбасы Жұмағазы Бәйімбетов басқарды.
«Қанға бөктірген қарулы қақтығыстың алға қойған мақсаты не?» деген сауалға ҰҚК архивінде сақталған «Жұмағазы ханның сөйлеген сөзі» деп аталатын құжат біршама жауап беретіндей. Онда: «Кеңес өкіметін құлатып, қазақ жерінде өз билігімізді жүргіземіз деген ой бізде болған жоқ. Қазақ халқы Қазан төңкерісінен кейін басқа халыққа қарағанда бірінші болып Кеңесті қолдаған еді… Менің ойымша бұрынғы отарлық саясат әлі де жалғасып келеді. Неге біз Қарақұмға жиналдық. Өйткені Кеңес өкіметі қазақтарды репрессияға ұшыратты. Байларды конфискілеп, өздерін жер аударды. Басқаларына ауыр салық салып, руларды ыдыратып жіберді. Енді, міне, күштеу жолымен коллективтендіру жүргізілуде. Халық осының бәріне көніп келді… Егер сіздер болған оқиғаны келіссөз арқылы шешетін болсаңыздар, біз сіздерге тек өз ризашылығымызды білдіреміз» делінген.
Әскери округтік комиссия Қарақұмға үкімет комиссиясын жіберуді ұсынады. ҚазОАК төрағасы орынбасары Әліби Жангелдин, жазушылар С.Сейфуллин, Ғ.Мүсірепов, тағы басқа танымал тұлғадан тұратын комиссия Қарақұмға аттанады. Бірнеше күнге созылған келіссөзден кейін, олар көтерілісшілерді қаруын тапсыруға көндіреді. Өкінішке орай, Мемлекеттік комиссияның шешіміне қарамастан, Қазақстан К(б)П Өлкелік комитетінің бірінші хатшысы Ф.Голощекиннің тапсырмасымен келіссөзге қатынасқан адамның барлығы дерлік Алматыға әкелініп, абақтыға жабылды. 1930 жылы 15 шілдеде Қазақстандағы Біріккен Саяси Бас басқармасының «үштігімен» олар ату жазасына кесілді.
Осыдан кейін Қарақұмда шаруалар қайтадан бас көтереді. Тамыз-желтоқсанда болған қарулы қақтығыстан кейін қолға түскен 586 адамның 210-ы «кедей» мен «орташа» ретінде босатылады, 6 адамның ісі ОГПУ-дің Қарсақбай аудандық бөліміне тексеруге жіберіледі. «Ерекше үштіктің» шешімімен 175 адам ату жазасына кесіледі. 172 адам 2-10 жыл мерзімге еңбекпен түзету лагеріне жіберіледі. 6 адам Қазақстанның өзге аймағына жер аударылады. Шығыс Сібірге5 жылға – 1 адам, еңбекпен түзету лагеріне 3 жылға 9 адам айдалады. Жазалау Ұлы Отан соғысына дейін жалғасады.
Таяуда Қоскөл ауылдық округінің орталығында «Халық қатысқан бюджет» бағдарламасы аясында аудандық бюджет қаражаты есебінен Қарақұм көтерілісіне қатысқан боздақтарға арналған мемориалдық тақта салтанатты жағдайда ашылды.
Әлібек ӘБДІРАШ.