Детектив
(Соңы. Басы газеттің № 14 (1767) санында)
Ашуға булыққан көрші электрлік кескішпен темір есікті ашуға кірісіпті. Сәуле төменге түспей, жоғары сатыдан қарап тұрған.
Есікті ашысымен суды жабу үшін ұмтыла ішке кірген көрші жанұшырып тез шықты. Шыға:
– Жедел жәрдем шақырыңдар! Полицияға хабарлаңдар! Қылмыс! Қылмыс! – деп айқай салсын.
Сәуле одан әрі тұруға дәті бармай ішке кіріп кетті. Бір сұмдықтың болғаны анық еді…
***
Арада үш-төрт ай өткен. Сол күнгі қайғылы оқиғаны жұрт сан-саққа жүгіртіп бақты. Бойауын қойулатып, небір жайтты қосып айтатындарын қайтерсің. Күйеуі әйелін қызғанып, екі бірдей жанның өмірін қиыпты дегенге саятын әңгіме тоқетері. Дәл солардың қастарында тұрғандай көпіртеді-ау!
Дәулет сондай қылмысты әрекетке барды дегенге Сәуленің сенгісі жоқ. Ондай қатыгез адам емес ол. Бірақ оны қалайша ақтап алмақ?! Содан бері өзін көрген емес. Біреулер оны қамауда екен десе, енді біреулер алдында күдікті ретінде ұстаған екен, әйткенмен жазықсыз болған соң босатып жіберіпті дейді. Олай болса ол бұл қалада емес, ауылға кеткен шығар деп ойлады Сәуле. Дәулет соншалықты жақын адамы емес қой, неге екенін өзі де білмейді, әйтеуір пәле-жаладан аулақ болса екен деп іштей тілейді. Оған деген бір жылылық бар…
Сот отырысы болатын күнді асыға күтті. Сәуле қылмыстық істі қарауға бұрын-соңды қатысып көрмеген еді. Тек телевизордан көргені болмаса. Залға жиналғандар мұндай көп болар ма. Артқы жақтан орын алған. Көзімен Дәулетті іздеп отыр. Бірақ ол көрінбеді. Бір мезетте тосын жайт болды. Сотталушы отыратын темір қоршауға Қайратты (!) алып кірсін. Кәдімгі төртінші қабатта тұратын Қайрат. Сәуле өзінің туған күнінен кейін оны да, оның жары Назгүлді де көрмепті. Бір сатыда тұрып қалайша жүздеспегендеріне таңы бар… Сол сұмдық оқиғадан кейін Сәуленің есі шығып кеткені сонша, бұл сыйлас көршілерін де ұмытыпты-ау. Сонда деймін, бұл қылмысқа Қайраттың қандай қатысы болмақ?! Сәуле аң-таң.
Сот отырысы басталып кетті. Алғашқыда куәлерден жауап алынды. Сәуленің жүрегі алдамаған екен, Дәулет куә ретінде сырттан шақыртылды. Куә болса, қылмыскер емес деген сөз. Осы ойына келгенде Сәуленің қуанышты көңіл-күйге бөленгені…
Сәуле сот отырысына қатыса отырып, шытырман оқиғаның ортасында жүргендей әсерге бөленді. Иә, Дәулет сол түнде үйіне келіпті. Тергеушілер алғашқы жауап алғанда онысын жасырады. Түнімен жұмыста болдым деп құтылады. Бірақ ол өтірігі жоқ жерде ашылып қалады. Тергеушілерге сол түн ішінде автокөлік жылдамдығын өрескел асырғаны үшін Дәулеттің атына жол полициясы қызметкерлерінің хаттама толтырғаны мәлім болады. Содан Дәулет күдікті ретінде дереу ұсталады.
Дәулет екінші қабаттағы пәтерінің балконына алдын-ала байлап кеткен арқан арқылы көтеріледі. Бар есіл-дерті келіншегінің ұрлығын әшкерелеу-тін. Өзі түнгі жұмыста болғанда үйінде біреумен болатындығына сезіктенген. Жабылып қалмайтындай етіп қойған балкон есігін ашып ішке кірген. Жатын бөлменің шамы жанып тұр екен. Төсекте қан-қан болып шалқасынан жатқан ер адамды көргенде шошып кетеді. Бірден шығар есікке қарай ұмтылады. Сәл ашық қалған ванна есігінен сарылдап аққан судың дыбысы естіледі. Сірә, әйелі шомылып жатыр. Оның көзіне түспей шығып кетуге ұмтылады. Шығар есіктің екі құлпы бар еді. Кілт сұғулы тұрған төменгі құлпын ашты да, жоғарыдағы құлпын өз кілтімен жауып кетеді.
Тергеушілер қылмыстық оқиға орын алған пәтерді зерттегенде кілт салынған құлыптың ашық болғанын, ал үстіңгі құлыптың тілі электр кескішпен тілінгенін анықтайды. Балкон есігі іштен жабық. Яғни кісі өлтіруші есікті өз кілтімен жауып шығып кеткен. Кілт үй иесі Дәулетте ғана болмақ. Әрі оның жұмыс арасында келіп кеткені ашылып қалды. Ендеше бірден бір сезікті – Дәулет…
Тергеушілердің бұл болжамына сол үйдің ортаңғы сатысында тұратын егде адамның жауабы өзгеріс әкелді. Және бір күдікті пайда болады. Жаздың түнгі ыстығынан тынысы тарылған ол ұйықтай алмай есік алдына шығады. Үйдің алдында біраз ерсілі-қарсылы жүреді де, енді бір сәтте шеткі сатының алдындағы орындыққа тыныстап отырады. Бір мезетте қолында торкөз сөмкесі бар бір ер адам іштен шыға келеді де, бейне бір құпиясы ашылып қалғандай сасып, ішке қайта кіріп кетеді. Ананың оқыс қимылына қарт таңданады да қояды.
Арада қанша уақыт өткенін дәл айта алмайды, мүмкін он-он бес минут өткен болар, ақырын кетіп бара жатып артына қараса әлгі торкөз сөмке ұстаған адам қоқыс салатын контейнерлерге жақындап барып қалған екен. Не деген қызық адам деп ойлаған қарт. Түн ішінде қоқыс төгіп жүргені несі? Мені көріп сасып қалғаны ол. Әлде бірдеңесін ұмытып кетіп, соны алуға қайта оралды ма екен.
Үлкен кісіден жауап алған тергеуші барып қараса, контейнердің бірінде торкөз сөмке шынында әлі жатыр екен. Оған ер адамның киімдері мен арқан салыныпты. Ішінен қан жұққан шұлық пен шалбар, резеңке қолғап және шығады. Бұл киімдердегі дақтарға жасалған сараптама нәтижесі екінші қабаттағы пәтерде пышақталып, жан тапсырған жәбірленушінің қанына дәл келетінін анықтады. Сөмке иесін тауып алу еш қиындық келтірмейді. Ондағы «Гудок» атты теміржолшылар газетінің бірінші бетінде үйдің де, пәтердің де нақты мекенжайы жазылған екен. Осылайша Қайрат күдікті ретінде қамауға алынады.
Обалы нешік, Темірланға қастандық жасағанын Қайрат бірден мойындайды. Сөйтсе оған көптен өштесіп жүрген екен. Сол күні кешке ол Темірланды Дәулеттің пәтеріне кіріп бара жатқанында көріп қалады. Үй иесінің жұмысқа кеткенін білетін. Ендеше, ол осында қонуға келді деген сөз. Сол сәтте көптен ойлап жүрген әрекетінің орайы келді деп біледі. Жер үйде тұратын бір ағасының сарайында жатқан арқанды сұрап алады. Сол арқан арқылы түнде бесінші қабаттағы үйінің балконынан Дәулеттікіне түседі. Жаздың күні кім балкон есігін жапсын, күткендегідей ашық тұр екен. Жатын бөлменің шамы сөндірілмепті. Темірлан шалқасынан түсіп ұйықтап жатыр екен. Қайрат ештеңеге алаңдамастан шалт қимылдап, Темірланның кеуде тұсына ас пышағын екі мәрте сұғып алады. Балконға ұмтылған сәтте:
– Жаным, қашанғы күтемін, келсеңші тез! – деген әйелдің масаң даусын естиді Қайрат. Ваннаның сәл ашық қалған есігін сонда барып көрген…
Сол сәт Сәуленің көз алдына сол бір көріністер келе қалған. Қайраттың: «Жүк вагоны аударылып қалыпты…» деп тұра қашқаны. Ол сонда Темірланмен жүздескісі келмеген екен ғой… Сосын Темірлан мен Дариғаның қызып қалғаны. Енді қайтсін, ішкендері спирт болған соң. Бермейін деді ме, арақ құрып кетті емес пе…
Сәуле Қайраттың Темірланға деген қылмыстық әрекетінің мәнісін бірте-бірте ұғына бастаған. Ол ағасының кегін қайтарған екен-ау. Ағасы мен Темірлан бір класта бірге оқыпты. Екеуі де бірге оқитын бір қызды ұнатады ғой. Қыз Қайраттың ағасымен тіл табысса керек. Тіпті мектепті бітірісімен үйленбекші болыпты. Олардың бұл ұйғарымын естіген Темірлан қарап қалсын ба? Тарих пәнінен емтихан тапсырған күні түстен кейін ол қояр да қоймай Қайраттың ағасы Қайсарды және бір кластасы Оразды киік аулауға баруға көндіреді ғой. Әдеттегідей үшеуі де бір-бір екі аяқты мотоциклді мініп алған. Ауылдан ұзап, тас жолға жеткен жерде Темірлан Оразды дүкенге жұмсайды да: «Сені біз Теректінің сайында күтеміз», – дейді ғой.
Темірлан айтқан сусын мен тағамдарды сатып алып, тас жолға көтерілген соң Ораз жолдастарының қай тұста екенін білмекке дүрбі салған. Сол-ақ екен сұмдық көріністі көріп, шошып кетті: Темірлан аңдаусыз тұрған Қайсарды мылтықтың дүбімен қарақұсынан ұрған!
Қайсар сайға барып құлапты! Бұлай болуы еш мүмкін емес! Ол мотоциклдің құлағында ойнайтын. Жалғыз Ораз емес, көп адам оған сенбеген. Күдік қалғаны анық. Бірақ үлкендер: «Ажалға сөз жоқ қой!» деген де қойған. Бұл Темірланның қастандығын Ораз өз көзімен көргенін осыдан үш-төрт жыл бұрын Қайратқа айтқан.
– Қайрат, мен саған айтуға тиістімін. Мойнымда қарыз болып кетпесін! Темірлан сол жолы аңдаусыз тұрған сенің ағаңды мылтықтың дүбімен көкжелкеден ұрып, сайға сұлатып түсірді. Сосын оның мотоциклін де құлата салды. Ағаң жігіттің сұлтаны еді ғой, әттең қыршын кетті, – деп Ораз ағынан жарылған.
– Мен ағамның кегін қайтардым. Оныма еш өкінбеймін! – деді соңғы сөзінде сотталушы Қайрат.
Айтпақшы, Дариға өз ажалынан көз жұмған екен. Масаңдықтың салдарынан болар, тыныс жолына су кетіп, ванна ішінде жатқан жерінде тұншығып қалыпты. Бұл – медициналық сараптаманың қорытындысы.
Сәуле ауыр ойға беріліп, өз-өзіне келе алмай жұрттың соңынан асықпай шыққан. Өзін Дәулеттің күтіп тұрғанын көргенде бойын қуаныш кернеді…
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.