Жезқазған геологиялық-барлау партиясы Жезқазған-Ұлытау өнеркәсіптік аймағында әртүрлі пайдалы қазбаларға барлау-іздестіру жұмысын жүргізді. 1955 жылы оның көлемін 1954 жылғыдан 5 есе арттырып, болжамдық қорды бағалауды екі есеге ұлғайтқан ұжым Жезқазғанның қала мәртебесін алған айтулы оқиғаға лайықты тарту-таралғы жасады.
1957 жылы геологиялық-барлау партиясының базасында осы аймақтағы барлық геологиялық партия мен отрядты біріктірген Жезқазған кешенді геологиялық-барлау экспедициясы құрылды.
- Байлыққа бастайтын баспалдақ
Ұлытау төңірегінде мыс кені бар екені туралы алғашқы деректі патшалық Россия XVIIIғ. аяғы мен XIX ғ. басында генерал-майор фон Траубенберг, полковник Бентам, Орынбор шекаралық комиссиясының өкілі Генс жолдаған хабарламадан білді. Оған 1771 жылы өзінің жолжазбасында капитан Н. Рычков та назар аударды.
«Қырғыз-Қайсақ» даласындағы ен байлықты барынша тереңірек зерттеуге бастапқы қадам жасалды. 1814-1815 ж.ж. Герман басқарған Орынбор әскери экспедициясы Ұлытау аймағында мыс пен қорғасын кенінің мол қоры жатқаны жөніндегі болжамды екі рет дәйектеді. Россияның көпес-кәсіпкерлері алғашқы экспедицияның артынша қазақ даласына ағыла бастады.
1847 жылы 1 қарашада өнеркәсіпші Никон Ушаков Көкшетау округі басшылығына Ұлытау аймағынан Покровск («Покро»), Крестовоздвиженск («Кресто»), Петропавловск («Петро»), Златоустовск, Никольск және Спасск, ұзын-ырғасы алты мыс кен орнын ашқанын, сондай-ақ, мыс кені Есқұла, Көкдомбақ, Кеңгір, Жезді, Жанай жағында жолығатынын жеткізді. Сөйтіп, Жезқазған мыс кен орнын 1847 жылы 10 қарашада ресми тіркету бақыты екатеринбургтік көпеске бұйырды.
Жылдар жылжып жатты. Ұлытау маңайындағы мыс кен орнынан айрылып қалмау үшін иелері анда-санда қайта қарап тұрды, ежелден қалған көне үйіндіден құнарлы кен кесектерін жинады. Осындай тірлік XX ғасырға дейін жалғасты. 1903 жылы Жезқазған кен орнына алғаш ағылшын Вест келді, ол кен сапасын жоғары бағалады.
1904 жылы ағылшындар Жезқазған кен орнын россиялық Рязановтар компаниясынан 1909 жылға дейін жалға алды. Олар осы кезеңде барлау жұмысын жүргізіп, суретке түсірді. Кен орнын тиімді игеру мақсатында 1906 жылы Лондонда «Атбасар мыс кені» АҚ құрылды. Келесі жылы өнеркәсіптік барлау басталды. Алғашқы қорытындысы ағылшындар көңілінен шықты: кен құрамындағы металл үлесі 6-32% аралығында болды.
1908 жылы Жезқазған кен орнына американдық мамандар Титкомб пен Саймон атбасын тіреді. Олар оны «бірегей» деп бағалады. Атбасар ісінен американдық кәсіпкерлер де қаржысын аямады. Барлау жұмысына екпін берді. Тек 1910 жылы 68 ұңғыма бұрғылады, оның үштен екі бөлігінен бай кен қатпары кездесті. Ағылшындар Жезқазғанда 1907 – 1915ж.ж. орташа тереңдігі 60 метрлік 135 ұңғыма бұрғылады…
***
Жезқазған кен орнының қорын алғашқы толыққанды санау 1934 жылы жүзеге асырылды. Ол Қарсақбай мыс қорыту заводын кеңейту мен жаңадан Жезқазған комбинатын салуды жоспарлауға негіз болды. Бес жылдан кейін кен қоры тағы да егжей-тегжейлі есептеліп, бұл аймақ әлемдік ірі кен орындары қатарына қосылды.
Ұлы Отан соғысынан кейінгі кезең геологиялық іздестіру және барлау жұмысының қарқынды жүргізілуімен есте қалды. Жезқазған геологиялық-барлау партиясы Жезқазған мен Жездіде барлау жұмысының ауқымын айтарлықтай арттырды. Айыршоқы телімінде – молибден, Шайтантас пен Талдысай телімінде – никель мен кобальт, басқа да құрылыс материалдары мен жерасты суын іздестірумен айналысты.
1965 жылы аяқталған Жезқазған мыс кен орнын, Жыланды тобындағы мыс, қорғасын, мырыш, күміс және рений кен орнын түбегейлі қайта санау өндірістік базаны одан әрі кеңейтуге жол ашты. Қорғасында – қорғасын, Жездіде – марганец, Ешкіөлмес пен Қумолада асбест кен орны ашылды және барланды. Кең көлемді іздестіру-барлау жұмысының арқасында аса қажетті тұщы судың мол қоры табылды.
Сегізінші бесжылдықта Жезқазған кен орнының Ақши-Спасск аймағында ауқымды (100 шаршы шақырым) іздестіру-барлау жұмысы жүргізілді. № 55, 57 шахтаның кен қоры айтарлықтай толықтырылды. № 65, 67 шахтаның өндірістік өңірі толық барланып, бесжылдықта орташа тереңдігі 550 қума метр болатын 600-ден астам ұңғыма бұрғыланды. Сөйтіп, өнеркәсіптік санаттағы қажетті кен қоры анықталды.
Жезқазған-Сарысу ойпатының солтүстік қапталында екі терең тірек ұңғымасы бұрғыланды. Сынақ кезінде оның біреуінен мұнай тобына жататын газ белгісі байқалды. Оңтүстігіне қарай орналасқан «Ю-16» құрылымдық-іздестіру ұңғымасынан сұйық мұнай тамшысы табылды. Осы жұмыстың нәтижесі аймақтағы мұнай-газ бен мыс мөлшерін бағамдауға, геофизикалық деректерді дәйектеуге, одан арғы іздестіру жұмысының бағытын айқындауға құнды мәлімет болды.
Бір бесжылдықты берекелі қорытындылап, Жезқазған кен-металлургия комбинатының шикізат базасын кеңейту, әсіресе, негізгі пайдалы қазба – мыс кенінің қорын арттыру жөніндегі тапсырманы тиянақты орындаған байлық барлаушылары тоғызыншы бесжылдықта да толайым іс тындырды. Нақты жасалған кең көлемді бағдарламаға сәйкес аймақтың пайдалы кен қазбаларына барлау мен іздестіруді одан әрі сәтті жалғастырды.
Алға қойылған міндетті ойдағыдай орындау кенді аймақтағы табиғат тұмшалаған мыс қорын ашуға, Үлкен Жезқазғанның байлығын барынша еселеуге жол ашты. Қорғасын, мырыш, марганец, асбест, тағы басқа пайдалы қазбалар қоры табылды. Әлемдегі айырықша әрі ірі кен орнының көсегесін көгерткен Октябрь революциясы орденді Жезқазған кешенді геологиялық-барлау экспедициясының тарихы Жезқазғанның өсіп-өркендеуімен тығыз байланысты.
Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстанның
Құрметті журналисі.
Сурет әлеужеліден алынды.