1957 жылы «Сталин» және «Аманкелді» ұжымшары негізінде тарихы тереңнен тамыр тартқан «Байқоңыр» кеңшары құрылды. 1974 жылы желтоқсанда одан «Сәтбаев» кеңшары жеке шаруашылық болып, бөлініп шықты.
Бұл – кіндік қаным кенді өңір топырағына тамса да, әкемнің қызмет бабына байланысты, «бесіктен белім шықпай жатып» басталып, жасым кәмелетке жеткенше жалғасқан бақытты балалық бал дәуренім өткен, туыстай тамыр-таныс тапқан мерейлі мекен. Көңіл түкпіріндегі оған деген ыстық ықыласым суыған емес. Бәлкім, жолым түскен сайын «төркіндеп» келе жатқандай толқып, қимас күй кешетінім содан шығар?!
Маған кеңшар кезінде де, кейін шекарасы ресми құжатпен шегенделіп, «ауылдық округ» аталса («Қоскөл» және «Жанкелді») да, екеуінің еншісі ешқашан бөлінбегендей көрінеді…
«Қарақұм» – құтты қоныс
Оның төрт түлік мал ұстау үшін таптырмайтын артықшылығын айтып жеткізу қиын. Бала кезде сексеуілі сыңсыған шағыл-шағылдың арасындағы кейбір қыстақта күзде жиналған мая-мая шөптің көктемге «мұрты» бұзылмай жеткенін талай көрдік. Ұсақ тұяқтың өзі қыстай «тебіндеп» шығатын. Шеген құдықтың мөлдір суына қанып алып, жусап жататын.
Таң бозарып, қас қарайғанша қарбалас тірлік толастамайтын. Бел ортасында балалар да жүретін. Марқұм Жұмағали Тынымбаев, бүгінде ауыл ақсақалына айналған Қалдыбай Рахметов, мен және тағы екі-үш бала «отау иесі» атанатын жасқа жетер-жетпесте әкеміздің артына мінгесіп, тамызда қозы айыруға шығатынбыз. Шаршап-шалдығу қайда, күніне екі отарды еркін еңсеріп тастайтын едік. Араға апта салып қырқым басталғанда сол қозыны жығысуға кірісетінбіз.
«Қарақұмның» қадір-қасиетін шаруа баққан қыр қазағы жақсы біледі. Қазір де кейбіреуге «ит байласа тұрғысыз» көрінетін иен даланың игілігін көріп, ұрпақ өсіріп, келешегіне үкілі үмітпен қарап, қазақи жалпақ тілмен айтқанда: «айранын ұрттап, қойын құрттап» жүріп жатыр. Құтты қонысты қастерлеген жергілікті жұртшылық: «Қарақұм» дегенше, «қарағым!» десейші» деп, кейінге сұңғыла сөз қалдырған.
Аудан орталығынан 320 шақырым шалғайда жатқан ауыл аймағы солтүстігінде – Қостанай, батысында – Ақтөбе, оңтүстігінде – Қызылорда облысымен, шығысында Жангелді ауылдық округімен (бұрынғы «Байқоңыр» кеңшары – авт.) шектеседі. 854 819 га. аумақты алып жатқан Қоскөл ауылдық округінің 12 400 гектарында елді-мекен орналасқан, 126 039 гектары шаруа қожалықтарының иелігінде.
Қазақстанның кеңдігіне көз жеткізгің келсе, «Қарақұмға» келіп қайт: бос жатқан жер – 716 380 га. Мұны статистикалық мәліметке сүйеніп, дерек үшін айтып отырмын. Әйтпесе, «жер жеткілікті» деп, жағасы жайлауда жайбарақат жүрген фермерді көрмейсің. Қайта шалғы салатын шабындық таппай, жайлау жетіспей жататын жағдай аз емес. Оның сан-сапалақ себебі бар.
Жалпы ауылдың ахуалы жаман емес. Еңбегінің зейнетін көрген 78 зейнеткерді, ұрпақ өсіруге ұлан-ғайыр үлес қосқан «Алтын алқалы» – 11, «Күміс алқалы» 7 құтты құрсақты ананы ауыл-аймақ алақанына салып отыр. Ең бастысы – тұрмыстың тауқыметін тартып, «атаулы көмек» алатын адам жоқ. Еңбекке жарамды 365 адамның мәнайы себеппен жұмыссыз жүргенінің саны бір қолыңдағы саусағыңа да жетпейді.
Алпыс шақты шаруа қожалығы бар. Оның біреуі асыл тұқымды ірі қара өсірумен, бесеуі мал тұқымын селекциялаумен айналысады. Мал басының өсімі бар. Бір жылда 11 түйе, жарты мың ірі қара, мыңнан астам жылқы қосылды. Бірақ, қой мың жарым басқа кеміп кетті. Қазақтан: «Мал өсірсең – қой өсір, табысы оның көл-көсір» деген қанатты сөз қалғанымен, бұл қолайсыз көрсеткіш кері кетудің басы болмасын?! (оның себебіне келесі мақалада тоқталамын – авт.).
Қалдыбек Кәкімжанов
«Қоскөл» ауылдық округінің тізгіні қазір біз қозы бөліп, қырқымда мал жығып жүргенде «биыл мектепке барамын» деп өрекпіген кекілді қара бала Қалдыбек Кәкімжановтың қолында. Әкесі әдемі әзілі бар, қалжыңмен қағысуды көңілі қалап тұратын, астарлап сөйлегенде анау-мынауыңның аяғын аспаннан келтіретін шешен адам еді…
«Байқоңыр» – бай өңір
Кезінде төскейін төрт түлік, әсіресе үйір-үйір жылқы мен мыңғырған қой малы жайлаған өңірдің қойнауы пайдалы қазбадан да кенде емес. Қарашаңырақ Қарсақбайдан алғашқы қара мыс алғанда Жезқазғанның құнарлы кенін Байқоңырдың қызулы көмірімен балқытқан. Тар табанды шойынжол сорабы күні кешеге дейін жатты. Мойынға дорба асып алып шахталар маңындағы үйіндіден көмір қалдығын тергеніміз де әлі есте. Қазір «Қияқтының» көмірі ел қажетін өтеп тұр.
Оның тағылымды тарихы да тым тереңде жатыр. Бізге жеткен дерекке қарағанда, әз-Тәуке 1710 жылы осы аймақта иісі қазақтың басын қосып, жоңғар-қалмаққа қарсы қарулы қам-қарекет қарастырған екен. Бастапқы сойқан соққыны 1726 жылы «Шұбартеңіз» төңірегінде беріпті. Келесі жылы «Білеуті» мен «Бұлантының» арасындағы жалпақ жазықта ойратты ойсырата жеңіпті. Бұдан бірнеше жыл бұрын «Қазақмыстың» қаржылай қолдауымен «Бұлантының» бойында тарихи кешен бой көтерді (ол туралы жеке мақалада жазамын – авт.).
Одақта еңбек бәскесінің алдын бермей, «миллионер кеңшар» атанған «Байқоңыр» тоқырау тұсында қоғамдағы қиғаштыққа килігіп, қиындықтың қамытын киді. Есіл игілік «ұстағанның –қолында, тістегеннің – ауызында» кетті. Сырттан «жау» келген жоқ, басқарудағы біліксіздік, әлде бақайесеп әсері ме, әйтеуір, тақырға отырып тынды. Кеңшар қазынасының қалған-құтқаны жеке шығып үлгерген фермерге, «таңғы асын тәңірден тілеп» алаңсыз жүрген аңқау тұрғынға үлес ретінде таратып берілді.
Тоқырауда тоз-тозы шыға жаздаған шалғайдағы шаруашылық адамы қазір есін жиған. Қалғанын қанағат тұтқан халық нарықтық қатынасқа бейімделіп, уақыт көшінен қалмай, ілгері ұмтылуда. Талпынысы табыссыз емес. Қат-қабат қиыншылық байсалды байқоңырлықтарға қыр көрсете алмады. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген. «Жоқ!» деп, салы суға кетіп отырған ешкімді көрмейсің.
Жанкелді ауылдық округін бүгінде бұрын бірнеше жыл осында орта мектептің директоры болған Шәріп Бекетов басқарады. Әкесі Дастан мінезі біртоға, біреудің бетіне келмейтін байсалды, ұстамды да ақжарқын адам еді. Он екі жыл кеңшардың екі фермасында меңгеруші болды, сосын ұзақ жыл селолық кеңестің төрағасы қызметін атқарды. Мен Шәріпті көрген сайын көз алдыма Дастан ағаның сол кездердегі ұмытылмас бейнесі көлденеңдеп тұра қалады.
Шәріп Бекетов
Иә, алыстағы ауылдың тұрмыс-тіршілігі тіреліп тұрмаса да, көшкен жұртта қалғандай жайы жоқ. Шаңырағы опырылып орасына түскен «ортақ меншіктің» орнына жеке шаруасын шыр айналдырып, еңсесін көтеріп алған ел емен-жарқын. Табысы кедейшілік деңгейінен төмен отбасын таппайсың. Мұқтаждық туып қалғанына «Қияқтының» көмірі тегін түсіріп берілді
52 шаруа қожалығы бар. Азын-аулақ болса да жыл сайын мал басының өсімі байқалады. Бизнеске бейімі бары кәсібін ашып алған. Ауылда екі азық-түлік дүкені, «Кәусар» тойханасы, монша, Мәдениет үйі тұрғындарға қызмет көрсетеді.
«Қарақұм» мен «Байқоңырдың» тыныс-тіршілігіне біршама тоқталдық. Шалғайдағы шаруашылықтың шырайын шығарған игі істі шама-шарқымызша тілге тиек еттік. Жұртшылықты мазалаған мәселе де жеткілікті. Оның басты-бастысын келесі мақалада қаузаймыз.
Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
Суреттерді түсірген автор.