Өңірге жұмыс сапарымен ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитеті төрағасының орынбасары Ернұр Жәутікбаев келіп, облыс орталығындағы базарларды аралап, ондағы түйткілді мәселелермен танысты. Нәтижесінде өңірдегі базарлардың жаңартылатыны мәлім болды.
Сауда комитеті төрағасының орынбасары өзінің жұмыс сапарын 9-орамда бой көтеріп жатқан «Сарыарқа» сауда үйінен бастады. Құрылысы жуырда ғана басталған орталыққа осы көше аумағындағы көлік құралдары бөлшектерін сататын шағын дүкендер мен өзге де сауда нүктелері орналастырылмақ. Сонымен қатар, балаларға арналған ойын алаңы да осы ғимараттан қарастырылуда. Құрылыс нысаны желтоқсан айында толықтай дайын болады деп күтілуде. Мердігер компания алдын ала белгіленген уақыттан кешіктірмейміз деді.
– Автобазарда 30 бөлім бар. Соның барлығын реттестіріп береміз. Қалған бөлігі сауда-саттық орындарына айналады. Нысанды жылдың аяғына дейін қосамыз, – дейді «Казжапаров» мердігерлік компания өкілі Елдос Казжапаров.
Орайы келгенде айта кетейік, ҚР Сауда және интеграция министрлігі базарларды заманауи үлгіде жаңғырту мақсатында «Жол картасы 2024-2025» жобасын қолға алған болатын. Осы жобаға облыс орталығындағы үш базар кіріп отыр. Оның бірі – «Нарық» орталық базары болса, екіншісі – «Мерей». Келешекте бұл екі базар «Жол картасы» аясында жаңаша келбетке енетін болады. Мұнда сауда қатарлары ретке келтіріліп, жабдықталу мен жарықтандырылуға баса назар аударылмақ. Сонымен қатар инфрақұрылым кешендері де заманауи үлгіде жабдықталмақ.
– Қазір бүкіл Қазақстанның өңірлерінде аралау жүріп жатыр. Жол картасы әзірленіп, сауда орындарын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылдың соңына дейін 100 мың халықтан асатын қаланың барлығына базарларды жаңғырту жұмыстарын жүргіземіз. Соны көруге келдік, – дейді ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитеті төрағасының орынбасары Ернұр Жәутікбаев.
Жезқазған мен Сәтбаев қалаларындағы базарларды аралап, онда қажетті өзгерістерді саралаған Сауда комитеті төрағасының орынбасары Ернұр Жәутікбаев «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Ұлытау облыстық филиалы ғимаратында жиын өткізді.
– 2025 жылдың соңына дейін жаңғырту жұмыстарын жүргізіп бітіруіміз қажет. Бүгін өздеріңізбен бірге біраз сауда орындарын араладық. Қандай жұмыс жүргізілу қажет екенін көрдік. Жол картасында тұрған нысандарды қолға алып бірігіп жұмыс жасауымыз қажет, – деді мейман өз сөзінде.
Дөңгелек үстелге қатысқан жергілікті кәсіпкерлер мен салаға жауапты басқарма басшылығы тақырып шеңберінде түйткілді мәселелерді ортаға салды. Министрлік тарапынан қолға алынған Жол картасына облыс орталығындағы үш базар енгізілген. Қосымша өзгерістер де қарастырылмақ. Ұлытау облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Данияр Арынғазиннің айтуынша, Жол картасы аясында кәсіпкерлермен бірлесіп жұмыстар атқарылуда. Аталмыш жобаға базарларды қосу мәселесі де қызу талқылануда.
Қайта жарақтау шаралары – көше дүңгіршектерін, ескі сауда павильондарын заманауи объектілерге алмастыруды көздейді. Ал, әмбебап базарларды ойын-сауық орталықтарына немесе үлкен сауда үйлеріне айналдыру үшін кәсіпкерлерге 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін уақыт берілмек. Ол үшін мемлекеттік ведомстволардың өзге де өкілдері жәрдем көрсетуге дайын.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.