Облыста оңалтуды қажет ететін 18 жасқа дейінгі 500-ге жуық бала бар. Олардың тең жарымы республиканың басқа өңірлеріне барып ем-дом қабылдайды. Ал, оңалту орталықтары өңірде жоқтың қасы. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында облыс орталығында оңалту орталығын ашу жоспарлануда.
Ол Жезқазғандағы «Қарлығаш» соматикалық шипажайы ғимаратының базасында ашылмақшы. Аймақ басшысы Берік Әбдіғали алда оңалту орталығы болуы тиіс нысанда болып, жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Ашылатын жаңа орталық 50 орынға лайықталған. Жылына 600-ге жуық 1 жастан 14 жасқа дейінгі балаларды қабылдауға қауқарлы болмақ. Қос қабатты ғимараттың бірінші қабатындағы жұмыстар аяқталды. Мекеме келер жылдың қаңтар айында қолданысқа беріледі деп күтілуде.
Орталықта тұз шахтасы, шунгит, эрготерапия сияқты арнайы бөлмелер ашылады. Сондай-ақ, сенсорлық, емдік дене шынықтыру, ойын бөлмелері болады. «Иммунитет көтеру үшін тұзды шахта мен шунгит бөлмелерінің пайдасы орасан болады», – дейді ақ халаттылар. Ал, сенсорлық және интерактивті бөлмелер бүлдіршіндердің буын қимылдары мен ойлау қабілеттерін дамытады.Ем қабылдау циклі – 21 күн. Айта кетейік, оңалту орнын жабдықтау және мамандарды оқыту «Қазақстан халқына» қоры есебінен жіргізіледі.
Одан әрі облыс әкімі бастаған топ бұрынғы перзентханаға атбасын бұрды. Қазір медициналық колледжге берілген мекемеде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Мекеменің жарты бөлігі оқуға арналған орын болса, енді жартысы студенттерге арналған жатақхана болмақ. Аймақ басшысы жұмысты ширатуды тапсырды.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.