Жезқазған индустриалдық-гуманитарлық колледжінің 300-ден астам студенті білім ордасын тәмамдады. Халық достығы мен мәдениет үйінде түлектерге диплом тапсыру салтанаты өтті. Үлкен өмірге жолдама алғандарды ұстаздары мен ата-аналары құттықтады.
Жезқазған индустриалдық-гуманитарлық колледжі 20 жылдан астам студенттерді білім нәрімен сусындатып келеді. Осы жылдар ішінде 8000-ға жуық түлек түлеп ұшып, қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде қызметте жүр. Биыл да колледжден 15 мамандық бойынша 364 студент дипломдарын қолдарына алды.
– Бүгін біз үшін өте маңызды күн. Бүгінгі күні балаларымыз мемлекеттік емтихандарды сәтті тапсырды. Дипломдық жобаларын қорғады. Өмірге жолдама алды. Шәкірттеріме, түлектеріме ақ жол тілеймін. Жақсы маман болсын, – деді Жезқазған индустриалдық-гуманитарлық колледжінің директоры Марал Тілеужанова салтанатта сөйлеген сөзінде.
Қолына диплом алғанның бірі – Ақмарал Мұратбекқызы. Ол аудармашы мамандығын аяқтап, болашақта алған білімімнің жемісін көремін дейді. Әрине білім берген ұстаздардың да еңбегінің ерен екенін айтып, алғыс білдірді. Айта кету керек, колледжде ғылым кандидаттары, магистрлер жұмыс істейді.
– Мен бұл колледжге 2021 жылы мектепті аяқтап түскен болатынмын және түскеніме өкінбеймін. Осы колледж арқылы мен аудармашы мамандығын аяқтап қана қоймай, осы колледжден өзіме қаншама жақсы қасиеттер жинадым. Соның ішінде өзімді жақсы қырымнан да ашып үлгердім десем болады. Осы тұрғыда колледж директоры Марал Кәрібайқызына және өзімнің кураторым Маренда Александровнаға үлкен алғысымды айтамын, – дейді Ақмарал Мұратбекқызы ағынан жарылып.
Орайы келгенде айта кетейік, Жезқазған индустриалдық-гуманитарлық колледжі 15 мамандық және 24 біліктілік бойынша білім береді. Бүгінгі таңда білім ордасында 1100 студент білім алуда.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.