Өткен аптаның соңында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңі мәреге жетті.
Ырысы мен ынтымағы жарасып, бірлігімен көпшілікке үлгі болған отбастарын дәріптеу мақсатында өтіп келе жатқан ұлттық байқауға облысымыз бойынша оншақты отбасы қатысып, бақтарын сынаған еді. Қорытындысында Жезқазған қаласынан Доспановтар отбасы І орынды жеңіп алып, республикалық байқауға жолдама мен 300 000 теңгелік сертификатқа ие болды.
Орайы келгенде айта кетейік, Жезқазған өңіріне кеңінен танымал Доспановтар әулетінің металлургия саласы бойынша жалпы еңбек өтілі 400 жылдан асады. Әулет басы – Қазақстан республикасының еңбек сіңірген металлургі, КСРО Құрметті металлургі, Октябрь революциясы және Еңбек Қызыл Ту ордендерінің иегері Қойшыбек Доспановтың өнегесін жалғастырған балалары да айтарлықтай абырой-беделге жетіп, металлургтер әулетінің мерейін көтеріп келеді. Әке сөзін құлаққа құйып өскен балалары да еңбек жолын мыс зауытында бастауды жөн көрді. Міне, осы ордалы отбасы қыркүйек айында Астана қаласында өтетін «Мерейлі отбасы-2023» ұлттық байқауының республикалық кезеңінде Ұлытау өңірінің намысын қорғамақ.
Байқау қорытындысы бойынша сондай-ақ, ІІ орын – Ұлытау ауданынан Құлахметовтар отбасына (200 000 теңге), III орын – Жаңаарқа ауданынан Қожамұратовтар отбасына (100 000 теңге) бұйырды.
Одан бөлек, бірнеше отбасылар арнайы номинацияларға ие болды.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.