Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Жезқазған – Қызылорда бағытындағы республикалық маңызы бар автожолда жүргізіліп жатқан қайта жаңғырту жұмыстарының қарқынын бақылап, нысандағы мердігер мекемелердің жұмысымен танысты.
Бүгінде біздің өңірге тиесілі 208 шақырым жолды биіктету, жаңа су өткізу құбырларын орнату жұмыстары толық аяқталған. Құрылыс алаңында 50 шақырымға асфальт төселген.
Жұмыс сапары барысында өңір басшысы мердігер компаниялармен жиын өткізіп, құрылыс сапасы мен жұмыс мерзіміне қатысты нақты тапсырмалар жүктеді.
Атап айтқанда, облыс әкімі жол құрылысында қолданылып жатқан барлық техниканы Ұлытау облысында тіркетіп, жыл соңына дейін салық төлеу міндетін қатаң бақылауға алуды тапсырды. Сондай-ақ жобада шетелдік жұмыс күшін тарту мәселесіне тоқталып, тек нақты қажет, жоғары білікті мамандарды ғана шақыру қажеттігін, қажетті инертті материалдар мен миграциялық сұрақтарды көктемде кедергілер туындамауы үшін қыс мезгілінде шешуді ескертті.
– Өңіріміз үшін ғана емес, бүкіл республикамыз үшін айрықша маңызға ие Жезқазған – Қызылорда бағытындағы автожолды қайта жаңғырту жұмыстарының барысын бақыладым. Көктемде басталған реконструкцияның қарқыны жаман емес. Қазір көрші облыс шекарасына жақын орналасқан 50 шақырым учаскеге жаңа асфальт жабыны төселді.
Сонымен бірге, толықтыруды қажет ететін бірқатар кемшіліктер анықталып, мердігер ұйымдарға тиісті ескертулер берілді. «Қазавтожол» мекемесі, мердігер компаниялар және Ұлттық сапа орталығы өкілдерімен өткен кеңесте инертті материалдарды уақытылы дайындау, қыс мезгілінде миграциялық мәселелерді реттеу, техникаларды жыл соңына дейін толық біздің облысқа тіркеу, анықтамаларды мемлекеттік тілде рәсімдеу, сондай-ақ стела орнатуға қатысты нақты тапсырмалар жүктелді.
Бұл маңызды трасса толық пайдалануға берілсе, өңіріміздің логистикалық әлеуеті артып, Жезқазған мен бүкіл Ұлытау облысының екінші тынысы ашылады деген сенім зор.
Жоба сапалы әрі кестеге сай жүзеге асса, Ұлытау – шын мәнінде тоғыз жолдың торабындағы стратегиялық өңірге айналып, игілігін ел көретін болады, – деді өңір басшысы Дастан Рыспеков.
Сонымен қатар облыс әкімі «Қазавтожол» АҚ-ына Ұлытау облысына кіреберіс жол бойына стелланы келесі жылдың сәуір айынан кешіктірмей орнату жөнінде тапсырма берді.
Ұлытау облысы әкімдігі жол инфрақұрылымын жаңғырту өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін басым бағыттардың бірі екенін атап өтеді. Жобаның сапалы әрі уақытылы орындалуы қатаң бақылауда болады.
Ұлытау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.






