Жезқазған өңіріндегі өндірістік нысандарда күрделі жүйелерді жөндеуде тәжірибелі де кәсіби мамандар біріккен мамандандырылған жөндеу-механикалық басқармасында бірнеше телімнің жұмысы жолға қойылған.
Шахталар мен фабрика, зауыттардағы телімдердегі жұмысшылардың әрқайсының еңбек жағдайын, әлеуметтік мәселелерінің дер кезінде шешілуіне ықпал етіп жүрген «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Серік Алтынбеков білікті мамандарды ұлықтауды ұмытқан емес.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы жұмысшы мамандықтарды кеңінен насихаттап, өз саласында табысқа қол жеткізіп жүрген кәсіби мамандарды кеңінен дәріптеуге үндеген болатын. Жақында Серік Советұлы басқармаға қарасты № 4, 8 телімдерде болып, аталған ұжымдарда өндірістің үздіксіз жүруіне атсалысып жүрген екі азаматқа марапат тапсырды.
№ 4 телімде слесарь-жөндеуші болып еңбек ететін Арман Әлімбетов пен №8 телімнің мастері Арал Балабиевті мерейлі жастарымен құттықтап, кәсіподақтың еңбек адамдарына арнайы тағайындаған «Еңбек озаты» төсбелгісін табыстады.
Арман Әлімбетовтің бұл телімде еңбек еткеніне 20 жыл болыпты. Телім басшылығының оң бағасына ие болған кәсіби маман өз шаруашылығына мығым.
– Күрделі жөндеу-механикалық жұмыстарын атқарамыз. Берілген тапсырмалардың қай-қайсын болсын уақытында аяқтап, жоспарды орындаймыз. Қарапайым еңбек адамын ұлықтап жатқан кәсіподақ комитеті мен басқарма басшылығына алғысым шексіз, – деді Арман Әлімбетов.
Арал Балабиевтің саладағы тәжірибесі 8 жыл болған. Ол телімдегі жұмыстардың жүйелі жүруіне, қауіпсіздік шараларының басты назарға алынуына жауапты. Мастер ретінде атқарған шаруалары тиянақты.
– «Жұмысшы мамандықтар жылында» мәртебемізді көтеріп, марапаттап жатқан басшылыққа, кәсіподақ ұйымына ризашылығымды білдіремін. Кәсіпорындардағы жабдықтар мен механизмдерді жөндеу жұмысына жауапты біздің телімнің жігіттері үнемі алдыңғы қатарда. Осындай ұжымда еңбек етіп жүргенімді мақтан етемін, – деді Арал Фатихұлы.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.