Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – көлік министрі Әсел Жанасова мен Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен Жезқазған қаласындағы жаңартылған теміржол вокзалына барды, деп хабарлайды Ұлытау облысы әкімдігінің ресми сайты.
Сапар барысында вокзалды қайта жаңғырту жұмыстарының нәтижесі мен жолаушыларға қызмет көрсету үшін жасалған жағдайлар таныстырылды. Вокзал инфрақұрылымының барлық санаттағы азаматтар үшін қолайлы әрі қолжетімді болуына ерекше назар аударылды.
Ұлытау облысында «Самұрық-Қазына» АҚ төрт теміржол вокзалын жаңғыртты. Атап айтқанда, Жезқазған және Қаражал қалаларындағы, Жаңаарқа ауданындағы және Қызылжар станциясындағы вокзалдар жаңартылды. Барлық нысан пайдалануға беріліп, жолаушыларға қызмет көрсетіліп жатыр.
Теміржол вокзалдарын жаңғырту жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға, өңір тұрғындары мен қонақтары үшін заманауи, қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасауға бағытталған.
Сапар қорытындысы бойынша жолаушыларға қызмет көрсету сапасын одан әрі арттыруға және теміржол инфрақұрылымының қолжетімділігін қамтамасыз етуге баса мән беру қажеттігі айтылды.

