Тоқсаныншы жылдардың тоқырауында еншісін алып, 1996 жылдан бері жеке емхана ретінде халыққа қалтқысыз қызмет жасап келе жатқан «Қаратал» емханасының ұжымын көпшілік осылай әспеттейді. Шындығында да қараталдық ақ желеңді абзал жандар халыққа жақын.
Емханаға кіргеннен кішіпейілдік танытып, дертіне дауа іздегендердің көңілін демеп, дертіне шипа дарытады. Елімізде медицина саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген Денсаулық сақтау ісінің үздігі, жоғарғы санатты балалар дәрігері Жұмакүл Қалмағамбетова басшылық жасайтын ұжымда қазіргі таңда 25 медицина қызметкері бар. Қаладағы ОДА-дан жолдама арқылы келген тұрғындарға мұнда жүйке жүйесі, асқазан ауруларын емдейтін мамандар, оташы, сынықшы, көз дәрігері, гинеколог және т.б мамандар қызмет көрсетеді. Физио емдеу бөлмесінің, күндізгі стационарлық емдеу бөлімшесінің жұмысы жолға қойылған. Флюрографиялық қызметті де осында табасыз.
Емхана жоғарғы және бірінші санатты мамандармен қамтылған. Жоғарғы санатты дәрігерлер Манат Қыздарбекова, Алла Ищенко, жоғарғы санатты медбибілер Галина Степина, Лиза Бозшина, Дина Жанұзақова емделушілерге қамқорлықпен қарауда.
– «Қаратал» емханасы құрылған 26 жыл ішінде жезқазғандықтарға жауапкершілікпен қызмет етуде. Біздің дәрігерлер мамандығына адалдық танытып келеді. Осы емханада еңбек етіп, қазіргі таңда елордасында мамандығы бойынша жұмысын жалғастырып жүрген сексеннің сеңгіріндегі Тыныштық Бейсембаева ұжымымыздың мақтанышы. Т.Бейсембаева Қарағанды облысы әкімінің сыйлығының иегері. Жас мамандарды өз ісіне баулуда оның еңбегі ұшан-теңіз. Төл мерекеміздің қарсаңында емханамыздың аға медбибісі Галина Степина мен Лиза Бозшина «Медицинаға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталады. Бұл біз үшін үлкен жетістік әрі абырой, – дейді Жұмакүл Әбдіқадырқызы.
Халықтың алғысына ие болған қараталдықтар биылғы кәсіби мерекеге осындай зор табыспен жетіп отыр. Ұжымды біз де кәсіби мерекелерімен құттықтап, еңбектеріне табыс тілейміз.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.
Суретте: жас маман–медбибі Эльмира Ерғалиева, бас медбибі Галина Степина, емхана басшысы Жұмакүл Қалмағамбетова мен жоғарғы сантты дәрігер Алла Ищенко.