Жылда көктем келген сайын Жезқазған жұртшылығы «Кеңгірге су келу жайы қалай болар екен» деп алаңдайтыны бар. Ол түсінікті де. Бүкіл қалаға тіршілік нәрін беріп отырған су қоймасы көктемгі тасқын кезінде толығып, жаңарып отырмаса күрделі жағдай туындайтыны белгілі. Биылғы наурыз айының аяғынан басталған су тасқыны ерекше сипатқа ие болып, айналдырған төрт күннің ішінде келген судың көптігінен Кеңгір қоймасы арнасынан аса бастады.
Жеті жылдан бері Кеңгір арнасы кемеріне келіп суға толмай жүрген болатын. Мәселен, өткен жылдың көктемінде небәрі 72 млн. текше метрдей су келіп, қоймадағы қор 278 млн. текше метрге жеткен-тін. Ал, жер-көкті топан су басып жатқан биылғы жылы Қаракеңгірден келетін қар суының қарқыны айтарлықтай қатты болды. Алғашқы күні, яғни 27 наурызда 9 млн. текше метр мөлшерінде келген қызылсу аз уақытта еселеп артып, төрт күннің ішінде 162,5 млн. текше метр су құйылып қойма арнасы тіршілік нәріне толып шыға келді. Арнадан асқан су плотинаны бұзып кетпес үшін шұғыл сақтық шаралары қолға алынып, үшінші күннен бастап шандорлар (су ағызатын тетік) ашылып, су сыртқа жіберіле бастады. Өте көп көлемде келген су көлемінің қоймаға зардап келтірмеуінің алдын алу жөніндегі бірнеше тәулікке созылған қарбалас жұмыстар алапат күреске айналды десек болады.
Жауапты істің басы-қасында болған «Ұлытау облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» ММ басшысы Алмас Жандарбеков, «Жылу және сумен жабдықтау кәсіпорны» АҚ директоры Біркен Құлманов күн-түн демей жағдайды бақылауда ұстады. Су ресурстары жөніндегі мамандарды жұмылдырып тасқынға тосқын қоя білді. Алғашқыда екі-үш шандорды ғана ашқан еді. Бірақ, тасқынмен келіп жатқан судың көлемі ағызу көлемінен әлдеқайда артық болған соң 7 тетікті бірдей ашып, суды сыртқа молынан жіберуге тура келді. Ағыл-тегіл жөңкіліп сыртқа ағылған судың екпінінен зардап шеккен жағдайлар да болмай қалмады. Төмендегі 2 және 3-ауылдардың тоқ беріп тұрған трансформаторлары суда қалды. Қорғанбай елді мекені мен мыс зауыты саяжайларына баратын жолдың үлкен көпірін су бұзып зақымдап кетті. Алайда, мұндай шамалы «құрбандыққа» бармаса болмайтын еді. Ең бастысы, тіршіліктің нәрін ұстап тұрған плотинаға төнген қауіптің алды алынды.
Сонымен 2 сәуір күнгі жағдай бойынша Кеңгірге барлығы 265 млн. текше метр тасқын су құйылып, оның 169 млн. текшесі сыртқа ағызылды. Тасқын басталарда қоймада 213,5 млн. су болатын, қазір сыйымдылығына сай Кеңгірде 319 млн. текше метр су деңгейі ұсталып отыр. Қаракеңгір өзені арнасымен жүрген тасқын бәсеңдегенмен әлі де қоймаға су аздап келіп жатыр. Соған орай шамалап ағызу шаралары да жүргізілуде.
Амандық РАХҰЛЫ.