Тау-кен, металлургия және аралас өндіріс еңбеккерлерінің «КәсіпҚорған» кәсіподағы Мемлекет басшысының Жарлығымен жарияланған «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында Металлург күніне орайластырып тұңғыш рет «КәсіпSkills» кәсіби шеберлік байқауын қолға алған болатын.
Байқаудың жүлде қоры да қомақты болды. Жезқазған өңіріндегі төрт заводтан балқытушы, электрик, дәнекерлеуші, кран машинисі сынды мамандлық иелерін қатысқан бұл кәсіби шеберлік байқауы алғаш реті өткізілгенімен кең қолдау тапты. Арнайы құрылған комиссия мүшелері жоғарыда аталған мамандық иелерінің кәсібилігі мен қатар теориялық білімін де сарапқа салды. Байқаудың негізгі бөлігі Жезқазған құю-механикалық заводында өтті.
Салтанатты марапаттау кезінде «КәсіпSkills» кәсіби шеберлік байқауының өз деңгейінде өтуіне күш салған құю-механикалық заводының басшылығы мен ұжымына «КәсіпҚорған» кәсіподағы атынан алғыс жарияланды. Ұжымға 3 тоңазытқыш сыйға берілді. Марапаттау жиынына «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС бас директоры Жәнібек Байғабелов, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Бас механигі Қуаныш Жұбанышов, «КәсіпҚорған» кәсіподағының төрағасы Уәлихан Нұржанов қатысты.
Кәсіподақ төрағасы Уәлихан Қуанышбекұлы марапаттау салтанатында:
– Байқауда бақ сынаған әрбір қатысушы өз ісінің шебері екеніне көз жетті. Сіздер өздеріңіздің күнделікті жұмыстарыңызды көрсетіп қана қоймай, теориялық тұрғыда да шыңдалған маман екендіктеріңізді дәлелдедіңіздер. Нақтылық пен жауапкершілік өндіріс үшін қажет екенін жете түсіне алатындарыңыз қуантты, – деді.
«КәсіпҚорған» кәсіподағы Жезқазған филиалының төрағасы Ақылбек Төлепбергенов байқауға ерекеш ықылас танытқан құю-механикалық заводының директоры Сәбит Мыңбаевқа Алғыс хат тапсырды.
Екі аптадан аса іскерлік пен білім дағдылары сынға түскен қатысушылардың қатарынан үздіктері анықталды. «Үздік балқытушы» номинациясында
І орынды Жезқазған құю-механикалық заводынан Александр Шлехт жеңіп алса, Жезқазған мыс қорыту заводының балқытушысы Дүйсен Салмұрзинов ІІ орынды иеленді. Қарсақбай металлургиялық заводынан Мұрат Мұқанов ІІІ орынға қол жеткізді. «Үздік кран машинисі» атағын құю-механикалық зауытынан Анна Кенжеғұлова жеңіп алды. Жезқазған мыс қорыту заводтың шихта дайындау цехынан Еркебұлан Үтеев ІІ орынды иеленді. Құю-механикалық заводынан қатысқан Алена Миронова ІІІ орынмен марапатталды.
«Үздік электрик» аталымында № 1, 2, 3 Жезқазған байыту фабрикасынан Евгений Малетин І орынды иеленсе, мыс қорыту заводынан Нұрбек Сатыбалдиев ІІ орынды еншіледі. ІІІ орынды құю-механикалық заводынан Антон Галутов місе тұтты.
«Үздік дәнекерлеуші» номинациясында мамандандырылған жөндеумеханикалық басқармасынан Сәулет Әбдірахманов І орынның тұғырынан көрінсе, ІІ орынмен мамандандырылған электр жабдықтарын жөндеу басқармасынан Нұрбол Амангелдиев марапатталды. Құю-механикалық заводынан бақ сынаған Нұржан Әбдіровке ІІІ орын бұйырды.
Айта кету керек, бұл байқау «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС және «қазақмыс Смэлтинг» ЖШС басшылығының қолдауымен ұйымдастырылды. Үздіктерге ақшалай жүлде мен «Еңбек озаты» төсбелгісі табысталды.




