«Қазақмыс» компаниясының басшылығы өндіріс нысандарында еңбек ететін еңбеккерлердің балаларының жазғы демалысын пайдалы әрі қызықты ұйымдастыру дәстүрін үзбей жалғастырып келеді.
Тұмса табиғатымен баурап алатын Бурабай ұлттық паркіндегі Щучинск демалыс аймағы мен Балқаш көлінің жағасындағы «Балдәурен» лагерінде ата-аналары корпорацияның өндіріс нысандарында еңбек ететін 1 501 бала жазғы демалыстарын ерекше әсерде өткізіп қайтты. Щучинскідегі курорттық аумақта 1 202 бала дем алса, 299 бала «Балдәуренде» тынықты. Өндіріс орындары шоғырланған өңірлерден барған балалар демалыстарын қызықты өткізді. Әр күнге жоспарланған бағдарламалар, спорттық шаралар, балалардың қабілетін дамытуға бағытталған жаттығулар ерекше көңіл-күй сыйлады.
Жалпы, «Қазақмыс» корпорациясы жазғы лагерлерге жолдаманың сексен пайызын және жол шығынын қаржыландырды. Сонымен қатар, аз қамтылған отбасылардың балаларына тоқсан пайыз жеңілдік берілді.
Әлеуметтік осал топтағы отбасылардың балаларына жолдама тегін берілді. Мұндай мүмкіндікке көп балалы, мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылардың және өндірісте қаза тапқан қызметкердің балалары ие болды.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.






