Бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы қарым-қатынасты дамыту, міндеттер мен проблемаларды шешу мақсатында облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы өңір кәсіпкерлерімен кездесті.
Ұлытау облысында кәсіпкерлердің бастамасын қолдау үшін «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» филиалдары мен «Ұлытау» ӘКК жұмыс істейді. Аталған орталықтар шағын және орта бизнес иелері үшін арнайы ақпарат алаңын ұйымдастырған.
Кәсіпкерлермен кездесуге аймақ басшысымен бірге облыс прокуроры Жасұлан Еламанов арнайы қатысты. Өткен жылы – өңірдегі қаржылық институттардың қолдауымен 65 ауыл шаруашылығы техникасы жаңартылған. Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» ауыл халқының табысын арттыру бағдарламасы да жемісті жүзеге асқан.
Кездесу еркін форматта өтті. Жиналғандар сұрақтарын облыс әкіміне, тиісті басқарма басшыларына тікелей жолдады, сондай-ақ осы уақытқа дейін бизнес иелерінен келіп түскен сауалдарға да жауап берілді. Атап айтар болсақ, кәсіпкерлер тарапынан жеке бизнес иелеріне коммуналдық тариф бағасын төмендетуге, биылдан қалмай ветеринариялық зертхана ашуға, балабақшалардағы тамақтануға төленетін ақы мен азық-түлік бағасының өсуіне қатысты сұрақтар қойды.
Жиыннан кейін аймақ басшысы мен облыс прокуроры кәсіпкерлер қауымын жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.