Қазақстанның ең танымал кардиохирургы, UMC Қорының басқарма төрағасы Юрий Пя және Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының мамандары облысымызға келіп, Жезқазған медициналық орталығында болды. Астаналық мамандардың сапары барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп интервенциялық кардиология мен жоғары технологиялық қызметтерді одан әрі дамыту мүмкіндіктері талқыланды.
Юрий Пя мен оның әріптестері Ұлытау облысына кардиологиялық қызмет пен өңірдегі жоғары технологиялық қызметтерді дамыту перспективаларын талқылау және ұзақ мерзімді әріптестік қарым-қатынас орнату мақсатында келді. Атақты кардиохирургпен бірге сапарлас болып келгендер арасында Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының (ҰҒКО) басқарма төрағасы М. С. Бекбосынова, ҰҒКО басқарма төрағасының орынбасары А. А. Абдиоразова, Интервенциялық кардиология клиникалық академиялық департаментінің директоры М. А. Арипов, интервенциялық аритмология кафедрасының меңгерушісі О. М. Нұралинов, Озық білім беру орталығының директоры Т. С. Қапышев, UMC/ҰҒКО мейірбике ісі жөніндегі директоры Г. Е. Нәдірбекова, Медициналық жабдықтарды пайдалану департаментінің директоры А. С. Закиров болды. Мамандар Жезқазған медициналық орталығының жұмысымен танысты. Бұл бірегей медициналық мекеме биылғы жазда облыстық кардиологиялық орталық мәртебесін алған болатын. Оның жабдықталуына «Қазақмыстың» қамқорлығы айтарлықтай болып отыр.
Жалпы, «Қазақмыс Холдингі» ЖШС мен «Жүрек орталығы» қорының ынтымақтастығы 2018 жылдан бері жоспарлы түрде дамып келеді. Осы ынтымақтастықтың нәтижесінде қор Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтың дәрігерлерінің жүрек ауруларымен күресуіне елеулі көмек жасап келеді. Мәселен, бірлескен соңғы жетістіктердің бірі – донорлық органдарды сақтау, ұзақ тасымалдау және емдеу үшін құрылғы жасау жөніндегі ғылыми жобаны іске асыруда «Қазақмыс» ауқымды қаржылық қолдау көрсетті. Мамандар бұл теңдесі жоқ жоба Қазақстанмен қатар, бүкіл әлем медицинасында тың серпіліс береді деп бағалауда. «Жүрек орталығы» қоры осы айдың басында аталмыш құрылғының салтанатты тұсаукесерін өткізіп, кардиохирургияны дамытуға және бірегей құрылғы жасауға қосқан үлесі үшін «Қазақмыс Холдингі» ЖШС-іне қордың Heart by Heart сыйлығын тапсырды.
Бүгінде облыстық кардиологиялық орталық мәртебесіне ие болған Жезқазған медорталығы жүрек аурулары бойынша бүкіл өңір халқына көмек көрсетеді. Атақты кардиолог Юрий Пя медициналық орталықтың жұмысымен танысу барысында ондағы әріптестерінің қызметіне, кәсіби деңгейіне және жабдықталуына жоғары баға берді. ҰҒКО басқарма төрағасы, еліміздегі ең үздік кардиологтардың бірі Махаббат Бекбосынова кардиологтар мен жалпы практика дәрігерлеріне дәріс өткізді. Медицина қызметкерлері дәріс барысында науқастарды емдеу ерекшеліктері, клиникалық хаттамалар, кардиологиялық қызметтің ұйымдастырушылық мәселелері туралы пікір алысып, тәжірибе алмасты. Сондай-ақ, астаналық мамандармен кездесуде жергілікті дәрігерлер интервенциялық кардиологияға, аритмологияға, мейірбике ісі мен медициналық құрал-жабдықтарды ұйымдастыруға байланысты техникалық аспектілер мен күрделі жағдайларды талқылау мүмкіндігіне ие болды. Мамандар күрделі сырқаты бар 9 науқасқа қатысты кеңестер берді. Сапар қорытындысы бойынша Юрий Пя мен оның командасы Жезқазған медициналық орталығы басшылығымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға және 2024 жылға арналған жол картасына қол қойды.
Амандық РАХҰЛЫ.