Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен жарияланған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жұмысшы мамандықтар фестивалі өтті.
Оған Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков, облыстық мәслихаттың төрағасы Бауыржан Шыңғысов, Қазақстанның Еңбек Ері, кенші Тұрсынбек Мәкішев арнайы қатысты. Өңір басшысы фестивальдің ашылу салтанатында жұмысшы мамандықтарының өңіріміз үшін аса маңызды екенін атап өтті.
– Бүгінгі фестиваль сіздер үшін мамандық таңдауға бағыт-бағдар беріп, өз болашақтарыңызды айқындауға мүмкіндік сыйлайды. Әркім өзінің сүйікті ісімен айналысып, қоғамға пайдасын тигізсе, бұл – нағыз жетістік. Жұмысшы мамандығын таңдау – бұл абыройлы таңдау, – деді өңір басшысы.
Сонымен қатар, іс-шарада Қазақстанның Еңбек Ері Тұрсынбек Мәкішев фестиваль жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, жастардың саналы таңдау жасауына серпін беретінін жеткізді.
Бірегей алаң 3 күн бойы шеберлік сыныптарын, кәсіптік сынақтар мен шеберлік байқауларын ұйымдастырып, дайындық сабақтарын өткізеді. Бұл шаралар жас жерлестерімізді нағыз еңбек әлеміне жетелеп, жұмысшы мамандықтарының құндылығын сезіндіруге, олардың бойындағы қабілеттерді ұштауға бағытталады.
Айта кетейік, «Жұмысшы мамандықтар саябағында» Ұлытау облысының техникалық және кәсіптік білім беру колледждерінің ұйымдастыруымен 15-ке жуық арнайы көше атауы берілген көрме ұйымдастырылды. Бұл фестивальге «Қазақмыс» корпорациясының кейбір өндірістік нысандары мен технологиялық колледжі де қатысып, кәсіби маман даярлаудың қыр-сырын көпшілікке паш етті.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.