Тарих өткендерімен құнды, өзгерістерімен жасампаз. Кез-келген қаланың кұрылымы мен көркі көз тартқан көшелеріне байланысты болса керек. Көшелер – қала төлқұжатының бір парағы. Осы орайда біз газетімізде «Жезқазғанда көшесі бар…» деген тақырыппен қала көшелері жайлы мағлұмат беруді бастадық. Кез-келген оқырманға Жезқазған қаласының көшелері мен ескерткіштері жайлы, көшеге есімдері берілген тұлғалардың өмір-тарихы туралы сыр шертетін бұл топтамалар танымдык-анықтамалық дүние болары даусыз.
Жезқазған – шағын да болса көрікті, ел дәулетін асырған металлургтер мен байытушылардың, «Арқаның інжу-маржаны» атанған қаланың барлық тіршілігін қамтамасыз етіп келе жатқан басқа да қадірлі мамандық иелерінің сүйікті шаһары. Мұнда әркездері жан-жақтан ағылып келіп еңбекке араласқан түрлі ұлт өкілдері қоныстанды. Соған сәйкес қаланың 150-ге тарта көшесінің де өзіне сай тарихы мен архитектуралық ерекшеліктері бар. Жалпы, Жезқазған қаласының көшелерін 7 топқа бөліп қарастыруға болады.
- Тарихи оқиғаларға байланысты қойылған көше аттары.
- Тарихи тұлғаларға байланысты қойылған көше аттары.
- Аудан, қала, яғни, жер-су аттарымен аталған көше аттары.
- Халықаралық, не болмаса, мемлекеттік дәрежедегі қоғам кайраткерлерінің атымен аталатын көше аттары.
- Интернационалдық мағынадағы өзге ұлт өкілдерінің көрнекті тулғаларының есімімен аталатын көше аттары.
- Жезқазған қаласының қалыптасуы мен дамуына, өндірісі мен мәдениетінің, білім-ағарту саласы мен денсаулық сақтау салаларының қарыштап есуіне қарқынды еңбек еткен құрметке лайық жергілікті тұлғаларымыздың есімімен аталатын көше аттары.
- Алғашқы құрылыс салынғанда сол жерлердің ерекшеліктері мен орналасуына, сол жерге орналасқан мекемелерге, мамандықтарға байланысты қойылған көше аттары.
Тарихи оқиғаларға байланысты қойылған көше аттарына Ұлы Отан соғысындағы жеңіске орай «Бейбітшілік», «Жеңістің 30 жьлдығы» атаулары берілсе, Қазақстан халықтарының ынтымақ, бірлік мерекесіне арналған «Первомайская», 8 Наурыз – халықаралық әйелдер мерекесіне байланысты «8 Март» көшелері, тың игеру жылдарындағы қойылған «Целинный» көшелері жатады.
Тарихи тұлғаларға байланысты көше аттарына Алаша хан, Ағыбай батыр, Ер Шоштан, Жанайдар батыр, Кетбұға би, Аманбай батыр, Аманкелді батыр атындағы көшелер жатса, аудан, қала, жер-су аттарымен аталған көшелерге Қарағанды, Балқаш, Жезді, Ұлытау, Кеңгір, Сарыарқа деп аталған көшелерді жатқызуға болады.
Ал, халықаралық, не болмаса, мемлекеттік дәрежедегі қоғам және мемлекет қайраткерлерінің есімімен аталған көшелерге келсек, қазақтың ұлы ақыны Абайдан бастап Қ. Аманжолов, Ж. Жабаев, Т. Жароков сияқты адуынды ақындардың, М. Әуезов, І. Есенберлин, Б. Майлин, С. Мұқанов секілді қаламы қарымды жазушылардың, Қ. Сәтбаев, Ә. Марғұлан, Ш. Уәлиханов, Ө. Байқоңыров тәрізді ғұлама ғалымдарымыздың, Т. Рысқұлов, Ә. Қазақбаев, Ә. Жанкелдин, Ә. Бөкейханов, Ә. Ермеков сынды мемлекет қайраткерлерінің, Ұлы Отан соғысында от кешіп, Отанды қорғауда орасан зор ерлік көрсеткен С. Асатов, Н. Әбдіров, Б. Бұлқышев, Р. Қошқарбаев, Т. Тоқтаров, Б. Момышұлы, И. Панфилов, қазақтың батыр қыздары М. Мәметова, Ә. Молдағұлованың, еліміздің айбынды рухын көтерген өнерпаздарымыз Ш. Айманов, К. Бәйсейітова, қазақтың музыка өнерін асқақтатқан А. Жұбанов, Д. Нұрпейісова мен Құрманғазының көшелерін тілге тиек ете аламыз.
Интернационалдық мағынадағы өзге ұлт өкілдерінің көрнекті тұлғаларының есімдерімен аталатын көше аттарына А. Бебель, В. Белинский, Ю. Гагарин, М. Глинка, Н. Гоголь, А. Пушкин, М. Шолохов, М. Горький, А. Чехов, Т. Шевченко т.б. көшелерін жатқызуға болады. Сонымен қатар, интернационалист-жауынгерлеріміз А. Мамажанов, В. Тарадаймен де мақтана аламыз.
Жезқазған қаласының қалыптасуы мен дамуына, өндірісі мен мәдениетінің, білім-ағарту саласы мен денсаулық сақтау салаларының қарыштап өсуіне қарқынды еңбек еткен құрметке лайық тұлғаларымыздың есімімен аталатын көше аттарына өндірісте өнегелі із қалдырған майталмандарымыз В. Гурба, В. Штифанов, Ғ. Омаров, М. Жүсіпов, Ы. Анарқұлов, Ш. Әубәкіровті атасақ, өндіріс ұйымдастырушыларынан Ж. Жанасов пен С. Қазанбаев, А. Шынтуринов пен О. Исаевті айта аламыз. Ал медицина саласынан Қ. Құрманбаев пен Н. Рановтың көшелерін көңілге медеу етсек, ауыл шаруашылық маманы, мыңғыртып мал айдаған айтулы шопан М. Берденовті және журналистер қатарынан Ә. Әміралинді, ал ішкі істер органынан генерал М. Құрмановты көре аламыз.
Алғашқы құрылыс салынғанда сол жерлердің ерекшеліктері мен орналасуына, сол жерге орналасқан мекемелерге, мамандықтарға байланысты қойылған көше аттарына көшенің қай жерде орналасқанына және жердің топырағына байланысты «Базарная», «Садовая», «Степной», «Песчаная», «Поселковая» деп аталса, сол жерде орналаскан мекемелер мен кәсіпорындарға байланысты «Железнодорожная» көше атауы пайда болған. Сондай-ақ, құрылысты жүргізген құрылысшылардың құрметіне «Алғашқы құрылысшылар алаңы», «Строителей» көшелері бар. Ал «Рабочий», «Металлургтер» көшелері де мамандықтарға байланысты қойылған атаулар.
Қала көшелерін таза да сәнді жасап, алып әсем ғимараттармен көз жауын алар көрікті қалаға айналдыру, оның тарихын танып-білу – туған жерін пір тұтатын, оны перзенттік парызына балайтын әрбір азаматтың адал борышы. Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов «Өз елінің мәдениеті мен әдебиетін, тарихын білмейтін адам толыққанды интеллигенция бола алмайды», – деп кесіп айтқандай, қаланың әр тұрғыны шама-шарқынша қала тарихының тамыршысы, тазалығының таразысы, жасыл желегінің жанашыры, көркінің көмекшісі болмайынша туған өлкесінің толыққанды перзенті де бола алмайды.
(«Жезқазған қаласының көшелері» кітабынан ықшамдап алынды).