Өткен аптада «Қазақмыс» Тобының кәсіпорындарында бірінші басшылардың төрағалығымен еңбек ұжымдары өкілдерімен кездесулер өтіп, оның барысында 2023 жылдың 9 айындағы жұмыстың аралық қорытындылары жарияланды. Басшылар бұдан бөлек өндірістік жоспарлар мен еңбекақыны көтеру тәсілдеріне тоқталды.
Жиынға үш мыңға жуық жұмысшы қатысты. Кездесуге қатысушыларды барынша қамтуға шалғай аймақтардағы кәсіпорындарды кездесуге онлайн қосу арқылы қол жеткізілді.
Топтың өндірістік жоспарлары іс жүзінде 100% орындалды. Атап айтқанда, есепті кезеңде 19,8 млн. тоннадан астам кен өндірілді, орындалуы 99,4 % болды. 140,3 мың тонна катодты мыс шығарылды, бұл жоспарланған көлемнің 99,5 пайызы.
2024 жылы Жыланды кен орнын игеру, Нұрқазған кен байыту комбинаты, Нұрқазған кенішін қайта құру, Жайсаң кенішін жобалық қуатына жеткізу және Шатыркөл – Жайсаң кластерінің байыту фабрикасында кенді қайта өңдеуді бастау жоспарланған.
«Қазақмыс» компаниясы мен Ұлытау облысы, Қарағанды және Жамбыл облыстарының әкімдіктері арасында әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру үшін 29,9 млрд теңгеге меморандумдар жасалды. Оның ішінде 6,9 млрд теңге болатын жұмыстардың алғашқы кезегі аяқталды. Олардың қатарында әлеуметтік инфрақұрылым нысандары, туризмді, мәдениет пен спортты, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен көлікті дамытуға, сондай-ақ, елдімекендерді жалпы абаттандыруға бағытталған жобалар бар.
Кәсіпорын қызметкерлерін әлеуметтік қолдау Ұжымдық шарт және атаулы әлеуметтік қолдау бағдарламалары аясында жүзеге асырылады. 2023 жылдың 8 айы ішінде 2,3 млрд теңге көлемінде көмек көрсетілді. Оған әлеуметтік жағынан аз қамтылған жұмысшыларға, мүгедектерге, өндірісте қаза болған жұмысшылардың отбастарына, ардагерлерге, зейнеткерлерге, балаларға (мектепке дайындық, демалыс және сауықтыру) қолдау кіреді.
Жиын барысында соңғы үш жылда компанияда жалпы жалақы 82,3 пайызға өскені айтылды. Бұл ретте инфляция индексі осы кезеңдегі жиынтықта 43,1%-ды құрады. Осылайша, «Қазақмыс» қызметкерлерінің жалақысының өсімі елдегі инфляция индексінен айтарлықтай асып түсті. Егер 2020 жылы орташа жалақы 326 196 теңге болса, 2023 жылы ол қазірдің өзінде – 646 215 теңге. Негізгі кәсіптер бойынша еңбекақы мөлшері жағынан «Қазақмыс» өнеркәсіптің басқа кәсіпорындары арасында жетекші орын алады.
Қазақстан қалалары ішінде орташа номиналды жалақы деңгейі бойынша «Қазақмыс» қатысатын қалалар ең жоғары жалақы алатындардың бестігіне кіреді – үшінші орында Сәтбаев, бесінші орында Жезқазған қаласы тұр.
2023 жылы «Қазақмыста» жалақы өсімі инфляция деңгейінен асып түскеніне қарамастан, компания басшылығы жұмысшылардың жалақысын 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап 7 %-ға дейін көтеру туралы шешім қабылдады.
Жалақыны көтеру сараланған тәртіппен жүзеге асырылады. Бұл әр түрлі кәсіптер мен лауазымдар үшін өтемақы өсімі әр түрлі болады дегенді білдіреді. Жалақының өсу пайызы кәсіпорынның қызмет түріне, жұмыстың күрделілігіне және қызметкердің мамандығына байланысты болады.
Өнім шығаруға тікелей қатысы жоқ әкімшілік және басқарушы персоналдың жалақысының өсуі 2024 жылы әлі күтілмейді. Бұл Астана, Қарағанды және Алматы қалаларындағы сервистік компаниялар мен кеңсе қызметкерлеріне қатысты.
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС баспасөз қызметі.