Газетімізде бұдан бұрын хабарлағанымыздай, «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының республикалық кезеңіне облыста топ жарған Доспановтар әулеті шыққан еді. Нәтижесінде жерлестеріміздің мерейі үстем болып, республикалық турдан да жүлдемен оралды.
Доспановтар әулеті «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының республикалық кезеңінде лауреат атанып, 1 миллион теңгеге ие болды. Жүлделі сертификатты ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева табыс етті.
Орайы келгенде айта кетейік, Доспановтар отбасы – 11 бала, 29 немере, 26 шөбере тәрбиелеп, 1 шөпшек сүйіп отырған үлкен әулет. «Қазақмыс» корпорациясының құрылымында бір үйлі жанның бір салада еңбек ету үрдісін жалғастырып келе жатқан дәстүрге бай отбасының өндірістегі жалпы еңбек өтілі 400 жылдан асады.
Әулетбасы – Қойшыбек атамыз Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген металлургі, КСРО Құрметті металлургі, «Октябрь революциясы» және «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің иегері. Әке өнегесін жалғастырған балалары да металлургтер әулетінің мерейін көтеріп келеді. Ұлы Абдрашит Доспанов мыс зауытының бетке ұстар металлургтерінің бірі. 40 жыл жұмыс өтілі бар. Еңбек даңқы медалінің толық иегері. Мыс зауытындағы «Еңбек даңқы» медалінің кавалері» атағына ие болған алғашқы металлург.
«Ат тұяғын тай басар» дегендей, Абдрашиттің бастамасын бауырлары да құп көріп, қазіргі уақытта Доспановтар әулетінен 10 адам өндірісте еңбек етуде.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.