Бүгінде елімізде спорттың ерекше бір түрі дамып келеді. Әсіресе, әйелдер арасындағы ауыр спорт түріне деген қызығушылық басым.
Зілтемір көтеруден Олимпиада ойындарында топ жарып, Қазақстанның туын желбіреткен әлем чемпиондары Светлана Подобедова, Мая Манеза, Зульфия Чиншанлоның жеңістері кейінгі қыз-келіншектерге үлгі болғандай. Олай дейтініміз, біздің Жезқазған өңірінен зіл темір көтеруден жоғарғы көрсеткішке ие болып жүрген Әсел Шәріпованың жетістігі көңіл қуантады.
Ел аумағындағы республикалық, халықаралық, әлемдік чемпионаттарда топ жарып, жеңіспен оралып жүрген Әсел Шәріпова жақында халықаралық деңгейдегі спорт шебері атанды. «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС «Жезқазғантүстімет» ӨБ құрамындағы Жезқазған байыту фабрикасында еңбек ететін Әселдің бұл атақты алуы тұтас өңіріміз үшін зор мақтаныш. Өндіріспен қатар спортты алып жүрген Әсел Шәріпованың бұл жеңістері оңайлықпен келмегені анық.
– Тұрақты түрдегі дайындық. Жаттығу мені осы дәрежеге көтерді. Бұл көрсеткіштермен тоқтап қалмаймын. Әрі қарай да алдыма қойған мақсатқа жетуге ұмтыламын. Мені үнемі қолдайтын фабрика басшылығына, ұйымыма, кәсіподақ комитетіне алғысым шексіз, – дейді зілтемірші ару.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.