Экономиканың өсуіне тікелей ықпал жасайтын кіші және орта бизнесті дамыту – мемлекеттік саясаттың бір бағыты. Бұл орайда Жезқазған қаласында жеке кәсіпкерлігін ашуға ниетті жастарға қолдау үнемі көрсетіліп келеді.
Қала әкімінің грантын тағайындай отырып, қоғам сұранысына сай жеке ісін жүргізуге демеушілік таныту мысты шаһарда бизнес тетіктерінің кеңінен қалыптасуына ықпал етеді. Апта басында Жезқазған қаласы әкімінің грантына өз жобаларын ұсынып, үздік шыққан 18 жас кәсіпкер марапатталды. Биыл грант алуға барлығы 78 өтінім келіп түскен, 120 адам кеңе салған.
Қалалық мәслихат депутаттары, «Атамекен» Ұлттықпалата өкілдері, үздік кәсіпкерлер, қоғамдық бірлестік төрағалары, кәсіподақ ұйымдарының өкілдері, қалалық әкімдік өкілдерінен құралған комиссия мүшелері үздік 18 жобаны анықтады. Үздік бизнес-жобалар ішін демультипликациялық студия, заманауи үлгідегі лофт-жиһаз жасау, ұлттық нақыштағы тігін цехы, көлік панельдеріне жабын жәнет.б. жобалар бар.
Үздік шыққан 18 жоба өз тұтынушысын тауып, кәсіптері кеңейе түсетініне сенім мол екендігін жеткізген Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Жайлаубаев жас кәсіпкерлерге сәттілік тіледі.
Гранттарды Жезқазған қалалық мәслихатының төрағасы Раушан Қапарова, Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Жайлаубаев және комиссия мүшелері табыстады.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.