Ұлытау техникалық университетін құру туралы Үкімет қаулысы қабылданды. Аталмыш құжатта «Ұлытау техникалық университеті шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны құрылсын. Кәсіпорынға қатысты мемлекеттік басқарудың тиісті саласына басшылық жасау жөніндегі уәкілетті орган болып Ғылым және жоғары білім министрлігі белгіленсін. Оның қызметінің негізгі мәні – техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білім беру саласында білім беру болып айқындалсын», – делінген.
Жалпы, бұл мәселе Ұлытау облысы құрылған күннен бастап күн тәртібіне қойылған еді. Ол жайлы облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы өзінің өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте де айтқан болатын.
– Бізде мемлекеттік университетті құру мәселесін көтерген едім. Мұндай оқу орындарының қаражаты көбірек болады. Яғни, жаңа қондырғы алу керек, жаңа оқыту әдісі қамтылуы тиіс. Президент Үкіметке техникалық университет ашу тапсырмасын берді. Жақында Ғылым және жоғары білім министрімен сөйлестім. Олар бұл мәселені қарастырып жатқандарын айтып отыр, – деді Берік Әбдіғалиұлы брифингте. Ол, сондай-ақ, аталған мәселені шешудің жолын ұсынды.
– Сәтбаевта «Қазақмыстың» колледжі, политехникалық колледжі және Тау-кен металлургиялық колледжі бар. Бұл оқу орындарында біздің балалар білім алып жатыр. Алдағы уақытта техникалық университет ашылатын болса, үш колледжді біріктіріп, бір техникалық жоғары оқу орны етіп бастасақ деген жоспар бар. Үш колледждің негізінде мемлекеттік оқу орны болып құрылса, онда болашақта Үкіметтен үлкен жаңа ғимарат пен жатақхана салу ескеріледі, – деді облыс әкімі.
Міне, осы айтылған мәселе 15 тамызда жүзеге асып отыр. «Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ұлытау техникалық университеті» шаруашылық жүргізу құқығында республикалық мемлекеттік кәсіпорын құру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы қабылданды.
– «Ұлытау техникалық университеті» еліміздің тәуелсіздігі жылдарында құрылған алғашқы мемлекеттік университет екенін ерекше атап өткен жөн. Биыл білім беру бағдарламаларын әзірлеу, лицензия алу және аталған жоғары оқу орнын жарақтандыру бойынша жұмыстар басталады. Ал, 2024 жылдан бастап жаңа техникалық оқу орны алғашқы студенттерді қабылдай бастайды. Сонымен қатар, бас жоспарға сәйкес қаланың жаңа бөлігіндегі 30 га аумағында университеттің жаңа кампусын салуға жер анықталды. Канадалық серіктестермен бірлесіп, өңіріміздің жастары үшін білім беру және ғылыми бағдарламаларды іске асыру бойынша шаралар қабылдануда, – дейді өңір басшысы өзінің «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі парақшасында облыс жұртшылығын жаңа оқу орнының ашылуымен құттықтай келіп.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.