Жаңа Конституцияда халықтың мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы әрі Егемендіктің иесі екені нақты көрсетілген. Бұл – елдің саяси жүйесіндегі маңызды конституциялық қағидаттардың бірі.
Ата Заңның 4-бабына сәйкес, Қазақстан халқы мемлекеттік билікті жалпыхалықтық референдум және еркін сайлау арқылы тікелей жүзеге асырады. Сонымен қатар халық өз билігін мемлекеттік органдар арқылы да іске асырады.
Бұл қағидат әрбір азаматтың ел өміріндегі маңызды шешімдерге қатысу мүмкіндігін айқындайды. Азаматтық белсенділік тек сайлауға немесе референдумға қатысумен шектелмейді. Ол қоғамдық мәселелерді көтеру, жергілікті бастамаларға араласу, ұсыныс білдіру және мемлекеттік органдармен ашық диалог жүргізу арқылы да көрініс табады.
Ұлытау облысында да қоғамдық қатысудың маңызы ерекше. Жезқазған мен Сәтбаев қалаларындағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жол, ауызсу, экология мәселелері, ал ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік инфрақұрылым мен жұмыспен қамту бағыттары тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлерін ескеруді талап етеді.
Халықтың үнін есту және қоғамдық пікірді шешім қабылдау барысында назарға алу – жергілікті басқарудың тиімділігін арттыратын маңызды тетік.
Жаңа Конституция азаматтардың мемлекет өміріне қатысу құқығын бекіте отырып, қоғамдық жауапкершілік пен белсенді азаматтық ұстанымның маңызын арттырады.

