«Жала жабу» – бұл жалған айып тағу, біреуге негізсіз кінә арту дегенді білдіреді.
Жала жапқаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 73-бабымен жауаптылық көзделген.
Жала жабу, яғни басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн немесе оның беделiн түсiретiн көрiнеу жалған мәлiметтер тарату – жеке тұлғаға бір жүз алпыс айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға немесе он бес тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алуға, лауазымды адамға бес жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не жиырма тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алуға алып келеді.
Аталған баптың 2-бөлігіне сай, көпшiлiк алдында немесе масс-медианы немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасалған дәл сол іс-әрекет – жеке тұлғаға бір жүз сексен айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға немесе жиырма тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алуға, лауазымды адамға алты жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не жиырма бес тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алуға алып келеді.
Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, адамды сыбайлас жемқорлық, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп айыптаумен ұштасқан іс-әрекеттер – жеке тұлғаға екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға немесе жиырма бес тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алуға, лауазымды адамға жеті жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не отыз тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алуға алып келеді.
Жала жабу адамға қасақана жалған ақпарат тарату арқылы беделіне нұқсан келтіруі болғандықтан, оны дәлелдеу үшін нақты дәлелдер мен айғақтар қажет және ақпараттың жалған екенін нақты дәлелдеу – басты талап болып табылады
Жала жабу қателесіп айтылған ақпарат емес, қасақана жалған ақпарат тарату болуы керек. Бұл үшін ақпаратты таратқан адамның нақты мақсаты, яки беделін түсіру, қызметінен кетіру, кек алу т.б. дәлелденуі қажет. Мысалы, хат, хабарлама, СМС, аудио, бейне жазбалар арқылы қасақана әрекеттің болғаны дәлелденеді.
Жалған ақпарат тарату фактісі бойынша, ол үшінші бір тұлғаларға таратылуы қажет. Бұл, әлеуметтік желідегі жазбалар, БАҚ-тағы мақала, мектепте, жұмыс орнында айтылған сөз, басқа да әлеуметтік желілердегі посттар, чаттардағы хабарламалар болуы мүмкін.
Жәбірленуші тарапқа қандай да бір моральдық немесе іскерлік беделіне зиян келтірілді ме соны көрсету керек. Яғни, айыптаушы тарап немесе жәбірленуші таратылған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын дәлелдеуі керек.
Нақты бір фактіге қатысты негізсіз айыптау (мысалы зорлық жасады, пара алды) дәлелсіз болса, жала жабуға жатады.
Еліміздің Конституция мен азаматтық заңнамаларына сәйкес, жеке адамның қадір-қасиетін мемлекет қорғайды. Әркім жеке өміріне қол сұғылмаушылығына, жеке және отбасы құпиясы болуына, өз ар-намысы мен ізгі атының қорғалуына құқығы бар. Егер мәліметті таратушы оның шындыққа сай келетінін дәлелдей алмаса, азамат сот бойынша ар-намысы, қадір-қасиеті мен іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді теріске шығаруды талап етуге құқықты.
Нұргүл КЕНДИРБАЕВА,
Ұлытау облысының қылмыстық істер жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы.

