«Uly dala» ЖШС көтерме-тарату орталығында Ұлытау облысының «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы құрған іскер әйелдер кеңесінің бірінші отырысы өтті. Кәсіпкерліктің сан-алуан түрлерімен айналысатын әйелдер тәжірибе алмасу және болашақ жоспарларын талқылау үшін жиналды.
Заман көшінен қалмай ізденудің арқасында табыс көзін тауып жүрген кәсіпкер әйелдер қатары күн санап артып келеді. Осыдан-ақ әйелдердің өңір экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып отырғанын аңғаруға болады. Кездесуде «Ютария ltd» ЖШС, «Uly Dala» ЖШС компаниясының бас директоры Сәуле Шауенова бастаған іскер әйелдер өз білімдерін жас кәсіпкерлермен бөлісті, ал жаңа буын интернет арқылы сатудың инновациялық әдістерін ұсынды. Бұл жиын Ұлытау облысының табысты әйелдерін оқыту, қолдау және бизнесте өзара іс-қимыл жасау үшін таптырмас мүмкіндік болып отыр.
Жиын барысында іскер әйелдер кәсіпкерлігінің идеялары мен мүдделерін жаңа деңгейге көтеруге арналған тақырыптық форумдар мен іс-шаралар өткізу талқыланды. Ал, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының АҚ бағдарламаларды ілгерілету жөніндегі бас менеджері Жазира Арыстанова кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021 – 2025 жылдарға арналған Ұлттық жоба жайлы ақпарат берді. Енді ұлытаулық кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдетілген несиелерге өтінім беру үшін ірі қалаларға барып әуреге түспейді.
Сондай-ақ, жиында ашық дауыс беру әдісімен Ұлытау облысы бойынша іскер әйелдер кеңесінің жаңа төрағасы болып Гүлмира Қаженова сайланды, бұған дейін бұл қызметті Жезқазған индустриалды гумантиралық колледжінің директоры Марал Тілеужанова атқарған болатын. Іс-шара соңында көтерме-тарату орталығына экскурсия ұйымдастырылды.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.