Сан құбылған саясаттың құрбаны болған тарихи оқиғаның көптеген деректері енді айқын бола бастады. Әу бастан-ақ бұл оқиға түрліше сыйпат алғаны да рас. КСРО кезінде көтерілісті қаладағы бұзақылардың әрекеті ретінде көрсетуге тырысты. Кейінірек ол «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» ретінде танылды. Көптеген деректер жасырын қалып, олардың көздерін жою мақсатында КОКП ОК-нің бұйрығымен жағылып жіберілді де…
1991 жылы КСРО құлағаннан кейін ғана көтеріліске қатысқандардың көпшілігі ақталып, көптеген деректердің көзі ашылды. Оқиға «көтеріліс» ретінде танылып, тәуелсіздікке бағытталған, ұлтты біріктіруші оқиға ретінде бағалана бастады. Көптеген тарихшылар Алматыдағы желтоқсан оқиғасы КСРО-ның құлауына әсер еткен негізгі оқиға болды деп есептейді. Оған кері пікір білдіретіндер де жоқ емес. Ресми деректер бойынша, желтоқсан толқулары КОКП ОК-нің бас хатшысы С. Горбачевтың ұлт басшысы – Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевты бұрындары Қазақстанда жұмыс істемеген Ульяновск обком партиясының бірінші хатшысы Генадий Колбинмен алмастыру шешімінен кейін басталған. Қазақстанға басшылық етіп басқа ұлт өкілін тағайындау жергілікті халықтың тарапынан наразылық тудырды. Мұны олардың алаңға «Өзін-өзі басқаруды талап етеміз!», «Әр халыққа – өз көшбасшысы!», «37 жыл болмайды!», «Ұлы державалық алаңғасарлыққа тоқтау салу!» деген жазуы бар плакаттарды алып шыққанынан байқауға болады. Оқиға 16 желтоқсан күні бейбіт шеру ретінде Брежнев алаңында басталды. Ал, 17 желтоқсан күні шерушілердің саны 20 мыңға дейін көбейіп, кейін көтерілісшілер мен тәртіп сақшылары арасындағы қанды қақтығысқа айналды. Плакаттардағы ұрандарға қарап, оқиғаның ұлттық және саяси мәнге ие болғанын аңғару қиын емес. Көтерілістің себебі ретінде басқа ұлттың тағайындалуымен қатар, кеңестік жүйеге қарсылық әрекеттер де көрініс тапқан. Егер, тарихқа зер салар болсақ, Колбиннің тағайындалуына дейін, Қазақстандағы 22 бірінші хатышының тек 4-еуі ғана этникалық қазақ болған. Бір ғажабы, осыған дейін елде халық тарапынан мұндай наразылық туындамаған. Осы жерде не себепті дәл осы тағайындау ұлттық сана сезімнің оянып, көтерілістің тууына себеп болды деген заңды сұрақ та туындайды. Бұл орайдағы тарихшылар пайымы төмендегідей. «Сталин қайтыс болғаннан кейін, КСРО-дағы биліктің әлсіреуі байқалды. Елдердегі бірінші хатшы лауазымына, сол елдердегі титулдық этностар тағайындала бастады. Бұл өз кезегінде орталық биліктің әлсіреп, одақтас елдердегі өзін-өзі басқарушылыққа алып келді. Қазақстанда, әсіресе оңтүстік аймақтарда, қазақтардың табиғи өсімі жоғары болған, бұны 1970, 1979, 1989 жылдары өткізілген санақтардан көруге болады. Қазақ жастары жаппай оқуға қалаларға ағыла бастады. Осы жайттар одақтас елдердегі ұлттық сана сезімнің оянуына әсер етті. Салдарынан 70-80 жылдары КСРО-да ұлтаралық шиеленістер көрініс таба бастады (1972 жылғы Каунастағы бұзақылық, 1978 жылғы Грузиядағы жаппай шеру, 1980 жылғы Минскідегі оқиға, Қазақстандағы желтоқсан оқиғасы). КСРО билігіне Горбачевтің келуімен «қайта құру» саясаты басталды. Ол елге жариялық, сөз және басылым бостандығы саясатын енгізіп, елді демократияландыруға тырысты. Горбачев КСРО-да жаңа тағайындаулар жасай бастады, бұл тағайындаулар Қазақ КСР-ін де айналып өткен жоқ. Қонаевтан кейін билікке Назарбаевтің келуі күтілген болатын, алайда оның орнына Горбачевтің командасында болған, Қазақстанға еш қатысы жоқ Колбин тағайындалды. Қазақ билігіндегі қалыптасқан жүйені бұзу арқылы, бұл тағайындау қазақ элитасының наразылығын тудыртты. Сол себепті желтоқсан оқиғасын саяси пиғылы бар деп тұжырымдауға болады».
Сол кездегі солақай саясатшылар бұл оқиғаны ұлтаралық қақтығыс ретінде де көрсетуге тырысты. Ұлтаралық шиеленістің негізгі белгісі – шиеленіскен топтар этникалық белгісіне қарай бөлінеді. Сондықтан Желтоқсан оқиғасы елдегі екі негізгі этностардың – қазақтар мен орыстардың қақтығысы ретінде қарастырылды. Алайда, кеңестік кезеңде құпия болған деректердің ашылуымен, желтоқсан оқиғасына қазақтардан басқа да ұлт өкілдерінің қатысқандары анықталды. Ішкі істер министрлігінің анықтамасында алаңда ұсталғандардың арасында 26 орыс, 18 ұйғыр, 10 татар, 7 қырғыз, 4 өзбек, 4 кәріс және бірнеше (қарақалпақ, грузин, шешен, грек, украин, башқұрт) ұлттың өкілдері болғандығы белгілі болды. Алайда Орталық Комитеттің қатаң нұсқауымен олардың басым көпшілігі сол күні-ақ қамаудан шұғыл босатылып жіберілген. Осыдан кейін-ақ көтерілісшілер кілең қазақтар болып шыға келді. Сондай-ақ, 16 желтоқсан күні шерушілер Колбиннің кетіп, оның орнына билікке қазақты, немесе қазақстандықты тағайындауды талап еткен. Олар Колбиннің орнына нақты кандидаттарды ұсынған, олардың ішінде қазақтармен қатар орыстар да болған. Сол себепті оқиғаны қазақ ұлтшылдығының көрінісі деп қарастыруға негіз жоқ. «16 желтоқсан күні таңғы сағат 8-де, Колбиннің тағайындалуынан кейін шерудің бірден ұйымдасқан түрде басталуы, шерушілердің қолында жазулары бар плакаттардың болуы, шерудің алдын ала ұйымдастырылғанын көрсетеді» дейді сол кездегі солақай саясатшылар Желтоқсан оқиғасына басқаша сыйпат беруге тырысып. Алайда, Колбиннің тағайындалуын билік басындағы шектеулі адамдардан басқа ешкім білмегені елге аян. Оқиғаға қатысқандардың айтуынша, көтерілісті ешкім ұйым-
дастырған жоқ, ол кенеттен болған. Бұл ұлттық сананың көрінісі. Ендеше желтоқсан оқиғасы ұлттың санасы оянып, әкімшіл-әміршіл жүйеге қарсы шығу, тәуелсіздікті аңсау, елдің бостандығын көксегендіктен болған оқиға емес деп ешкім айта алмаса керек.
«Боран-1986» операциясы жайлы не білеміз?
Әңгімеміздің басында айтып өткеніміздей, бейбіт шеруге шыққан жастардың әрекетінен қорыққан жүйе шеруді басып-жаншу үшін арнайы әскери жасақтар алдырды. Осы мақсатта арнайы «Боран-1986» әскер операциясы ұйымдастырылды. Олар қазақ жастарын қырғынға ұшыратып, аяусыз соққыға жығып, ақ қар, көк мұзға жатқызып, зорлық-зомбылық көрсетті…
Горбачев билікке келе сала «Қайта құру» атты жаңа экономикалық жоспарды алға қойды. Оның бұл жоспарына қарсы болуы мүмкін және саяси сенімсіз деп танылған басшыларды орнынан алу мәселесі жабық түрде аз топ арасында талқыланған болатын. Сол мақсатта 1986 жылдан бастап Қонаевқа саяси қысымдар жасалды. Ал 11 желтоқсанда Саяси бюро Қонаевтың орнына Ульяновтың хатшысы Колбинді ұсынды. 16 желтоқсанда 18 минутқа созылған Пленумда Д. Қонаевты орнынан алып, орнына Г. В. Колбинді қойды. 17 желтоқсанда алаңға қазақ жастары таңертең ерте жинала бастады. Бұл бойынша сағат 07:30-да КГБ-ға алаңға наразы топ жиналып жатқандығы жайлы хабар келіп түскен. Артынша әр жарты сағат сайын Мәскеуге тың ақпараттар беріліп отырған. Сағат 09:30-10:15 аралығында алаң қоршауға алынған. Артынша КСРО-ның әр аймағынан арнайы әскери күштер алынып, наразы жастарды басуға кіріскен. Бұл «Боран-1986» арнайы жоспарының негізінде жүзеге асырылды. Алаңға мұздай қаруланған әскери күштер, күрекпен қаруланған әскери оқу орнының студенттері мен полиция, өрт сөндіру қызметтері жедел түрде жеткізілген. Сонымен бірге арнайы 15 БТР әскери техникасы қалаға кіргізілген. 1985 жылы КСРО-ның ІІМ «Қоғамдық тәртіпті бұзудың алдын алу бойынша ескерту және тоқтату бағытындағы» жоспар жасап, оны іске қосты. Осы жоспар негізінде Қазақстанда «Қазақ ССР-інің ІІМ-нің наразы топты тарату бойынша арнайы «Боран-1986» жоспары жасалынды. Жоспар бойынша наразы топты дереу арада құрықтау, кез келген бас көтеруді аяусыз басу мен жаныштау, билікке қарсы элементтерді жою іске асырылуға тиіс болатын. Осы жоспар негізінде Мәскеу алаңдағы жастарды аяусыз қырды. Тек ресми дерек бойынша 8,5 мың адам тұтқындалып, 1700 адам ми шайқалу ауыр жарақатын алған. Прокуратурада 5324, ал КГБ-да 850 адам сұраққа алынған. 900 адам әкімшілік жазаға тартылған. 319 адам жұмыстан, 309 студент оқудан шығарылған. 103 адам сотталып, екеуі өлім жазасына кесілген. 4 адам қаза тапқан. «Желтоқсан оқиғасынан» кейін қазақ ұлтшылдығымен күрес атты науқан басталып, КСРО-ның құлауымен аяқталды.
Мұны әркім білуге тиіс
Желтоқсан оқиғасының ақтаңдақтары әлі толық ашылып болған жоқ. Құзырлы орындар мен күштік құрылымдардың мұрағаттарындағы осы оқиғаға қатысты құжаттарды ақтара қалсаңыз аяқ алып жүргісіз былықтарға да кенелеріңіз анық. Оны тарих ғылымдарының докторы Болатбек Нәсеновтың Қасым порталындағы мақаласынан айқын аңғаруға болады. Бүгін біз сол мақаладан шағын ғана үзінді ұсынғанды жөн көрдік. Өйткені, мұны әркім білуге тиіс.
Желтоқсан көтерілісі кезіндегі заңсыздықтар туралы Конституция сотына арыз түсті. Соның қортындысы туралы мынадай қысқаша хабарлама берейін. «1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне байланысты 99 адам сотталды (оның 91 ісін таптым, ал Асанбай Асқаров пен Бекежановтың ісі Фрунзеде деп бермеді, қалған 5-еуінің ісі белгісіз, үш адам еріксіз емделуге жіберілді (олар естерінен ауысқан адамдар (Б. Н.). Ұлтшылдығы үшін, нәсілге бөлгендері үшін және көпшілікпен бірге тәртіпсіздікке қа-
тысқандары үшін – 78 адам, әдейі кісі өлтіргені үшін екі адам, адам өлтіруге ұмтылғаны үшін 2 адам, ал басқалары әртүрлі қылмыстар жасағандары үшін сотталды. Бостандықтарынан айырылғандары – 82 адам, өлім жазасына кесілгендері – 2 адам, 15 адам бостандығынан айырылмай шартты түрде сотталды». Міне, осы берген мәлімдеменің өзі де дұрыс емес. Сотталып түрмеде отырып жазаларын өтегендері 91 адам (өлім жазасына кесілген Қайрат Рысқұлбеков пен Абдықұлов Мырзағұлды қосқанда). Сонда 7 адамды неге қоспаған. Жоғарғы соттың, Бас прокурордың берген жеңілдіктерімен босатылды деген 55 адам кімдер екені белгісіз. Сотталған 92 адамның бірде-біреуі Президенттің Жарлығына дейін босатылған жоқ. Тіпті жергілікті сот, прокуратуралар Президентің Жарлығының өзін орындамай, желтоқсандықтарды жарты немесе бір жылдан кейін босатқан. Олардың моральдық, материалдық шығындарын қайтаруды дер кезінде қарамай желтоқсандықтарды сандалтып қойған сот орындары аз емес. Кейбіреуі аман-есен құтылғандарын олжа тұтып ол шығындарын сұрауға батылдары бармағандары да жеткілікті, – деп жазады тарихшы өз мақаласында.
Материалдар ғаламтор ақпараттары негізінде дайындалды.
Ықшамдап әзірлеген Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.