Республиканың түсті металлургиясында аты алтын әріппен жазылған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген металлургі, КСРО-ның еңбек сіңірген өнертапқышы, бірнеше Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту ордендерінің иегері, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Игнати Лидің туғанына 10 тамызда 100 жыл толды.
Жезқазған мыс қорыту зауытының қалыптасуы мен дамуында өзіндік із қалдырған тұлғаның есімін ұмытпай, еңбегін ұлықтау мақсатында Жезқазған мыс қорыту зауытында жиын өтті. Игнатий Лидің ұрпақтары, бірге еңбек еткен әріптестері қатысқан бас қосуда «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС бас директоры Жәнібек Байғабелов даңқты металлургтің салаға қосқан үлесінің мол екенін айта келіп, оның еңбегі ұмытылмайды деді.
Жиынға арнайы келген ұрпақтарына Жәнібек Алтынбекұлы Игнатий Лидің бейнесі бар қол сағатты сыйға тартты. Зауыт ұжымының әкелеріне деген құрметтері үшін ұрпақтары алғыстарын жеткізді. Ұлытау облыстық мәслихатының төрағасы Бауыржан Шыңғысов, зауыттың бұрынғы директорының бірі, Игантий Евгеньевичтің шәкірті Қайсар Телешов, ҚР Құрметті металлургі Төлеген Бүкіров сөз алып, мерейтой иесі жайлы естелікпен бөлісті.
Атақты металлургтің 100 жылдығына орай «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Ардагерлер кеңесі ардагерлер арасында шахмат пен дойбыдан жарыс өткізген болатын. Жиында жеңімпаздар марапатталды. Жарыс қорытындысында шахматтан және дойбыдан бірінші орынды Шадий Нысанбаев жеңіп алса, шахматтан екінші орынды Асылхан Арыстанбеков еншіледі. Рахметжан Мұхамеджанов үшінші орынға лайықты деп танылды. Ал, дойбыдан екінші орын Владимир Сенинге бұйырса, үшінші орын Мақсұт Шағрайдың еншісіне тиді.
Еске алу жиынан соң көпшілік Игнатий Лидің рухына тағзым жасады. «Байқоңыр» тойханасында ас берілді.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.