Жезқазған мыс қорыту зауытында жыл қорытындысына арналған салтанатты жиын өтті. «КәсіпҚорған» кәсіподағы Жезқазған филиалы ұйытқы болған шараға зауыт директоры Саят Әтен қатысты.
Жиында 22 желтоқсанда кәсіби мерекелерін атап өткен энергетиктерге құрмет көрсетілді. Зауыт басшысы Саят Абутахирұлы жылдың қорытындысы бойынша үздік көрсеткішке жеткен бес бірдей зауыт еңбеккерін үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапаттады. Олардың қатарында күкірт қышқылы цехының аппаратшысы Гүлдана Қожасова, күкірт қышқылы цехының электромонтері Эрнст Васильев, мысты электролиздеу цехының еңбеккері Қайырбек Балабиев, Нұрлан Досжанов шихта дайындау цехының шихташысы, балқыту цехының балқытушы Бағдат Сазанбаев бар.
Жиында кәсіподақтың арнайы тағайындалған «Кәсіподақтың Құрметті қайраткері» және «Еңбек озаты» төсбелгілері табысталды. Зауыт еңбеккерлеріне бас инженер Ермұрат Әбуов пен бас энергетик Кеңес Аймақашов әріптестеріне ақжарма тілектерін арнап, марапат тапсырды. Кәсіподақ комитетінің төрағасы Ардақ Ақылбекова кәсіподақтың белсенді мүшелеріне сый-құрмет көрсетті.
Салтанатты жиында ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісіне ие болғандардың бірі – Қайырбек Балабиев «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС және зауыт басшылығына, кәсіподақ төрағаларына алғысын білдірді.
– Металлургия саласындағы еңбегімді елеп, осындай марапатқа ұсынып жатыр. Жыл айрығында бұл төсбелгі мен үшін ерекше қуаныш болды. Жылдар бойғы еңбегіңнің жемісін көру – абырой. Осы марапатқа лайықты деп тапқан басшылыққа, кәсіподаққа айтар алғысым шексіз. Келер Ұлу жылы да ұжымымыз үшін табысты болсын, – деп тілегін де арнады Қайырбек Жолдасбекұлы.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ