Ұлытау-Жезқазған өңірінде 2023 жылдың сәуір айынан бері Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданы халқының қоршаған ортасы мен денсаулығының жай-күйін кешенді бағалау бойынша жұмыстар жүргізілгені белгілі. Сараптамалық зерттеумен айналысқан «ЭКОСЕРВИС-С» ЖШС басшылары мен мамандары 19 ай бойы жүргізген осы сараптамалық-зерттеу жұмыстарын аяқтап, оның нәтижелерін көпшілікке жария ету мақсатында Халықтар достығы мен мәдениеті үйінде қорытынды кездесу өткізді. Бір өкініштісі, ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде кеңінен хабарланса да өңірдің өзекті мәселесіне арналған осы қорытынды жиынға бес-алты-ақ адамның келгені ұят болды.
Тұрғындар алдында есеп беруге арналған басқосуда «ЭКОСЕРВИС-С» ЖШС-нің Ұлытау облысындағы өкілдігінің директоры Ерлан Садуақасов, аталмыш серіктестіктің Ғылым және аналитикалық зерттеулер департаментінің директоры, медицина ғылымдарының докторы Наталья Яковлева аймақтағы атмосфералық ауаны, топырақ қабаттарын, суды, өсімдіктерді тексеріп, сараптау бойынша екі жылға жуық уақытта атқарған жұмыстарының қорытындыларын жан-жақты баяндады. Дәрігерлер бригадасының жетекшісі, медицина ғылымдарының докторы Ықылас Молдалиев тұрғындардың денсаулығына байланысты жүргізілген тексеріс нәтижелерін ортаға салды.
Бірден айту керек, өңірдің экологиялық ахуалы мен оның адамдардың денсаулығына әсері туралы алаңдарлық жайттар көп. Арал теңізінен ұшатын тұзды шаң-тозаңдардың және аймақтағы өнеркәсіп нысандарының әсерінен атмосфералық ауаның, судың, топырақ қабаттарының ластануы бойынша төтенше экологиялық жағдайларға жатқызатын бірталай айғақтар анықталды. Мәселен, ауа сапасы бойынша жылдың әр мезгілінде 1,5 мың өлшеу жүргізілген. Атмосфералық ауада көміртегі тотықтары, азот диоксиді, күкірт диоксиді, күкіртті сутек мөлшердегіден жоғары болыпты. Жезқазған қаласында күкіртті сутегі сараптама жүргізілген 472 күннің 435-де, Сәтбаев қаласында 280 күннің 210-да ұдайы жоғары мөлшерде болған. Сондай-ақ, 472 күндік тексерісте күкірт диоксиді Жезқазғанда 124 күн, азот диоксиді 354 күн, Сәтбаевта азот диоксиді 124 күн, күкірт диоксиді 101 күн жоғары болғаны анықталды. Гептилдің әсеріне, радиациялық ахуалға, шаңның құрамындағы металдарға да тексеріс жасалған. Ол бойынша да проблемалар бар.
Өңірдегі ауызсудың санитарлық-эпидемиологиялық жағдайына зерттеу жүргізіліпті. Суда кадмий, молибден, мышьяк, қорғасын, селен сияқты 2-класты қауіпті металдар, 3-кластық мыс, марганец, мырыш, мұнай өнімдері, фосфат бар екені анықталған. Е. Садуақасовтың мәлімдеуінше, судың сапасы өте нашар екені белгілі болған, бірақ нормадан ауытқушылығы төтенше экологиялық жағдай деңгейіне жетпейді. Жалпы ауызсу көздерінің бактериологиялық, химиялық көрсеткіштері біршама қанағаттанарлық жағдайда деп бағаланды. Жерасты суларының жағдайы бойынша төтенше экологиялық жағдай жариялауға болады деген қорытынды жасалыпты. Су ресурстарының таусылу жағдайы байқалып, Сарысу, Қаракеңгір өзендерінің экологиялық ахуалын жақсарту жөнінде шаралар қабылдау қажеттігі анықталды.
Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Жезді, Қарсақбай кенттерінде және Кеңгір, Талап ауылдарында топырақтың ластануы бойынша төтенше экологиялық жағдай жариялауға негіздер бар. Өсімдіктердің жағдайы мен жануарлардың өсіп-өнуіне экологияның теріс әсеріне байланысты төтенше ахуал жариялау қажет деген шешім жасалып отыр. Мысалға, Жезқазған қаласындағы ағаштар 10-100% аралығында ауруға ұшыраған. Аймақта өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы да тексерілді. Аумақтың радиациялық ластануына орай 109 сынама алынып, зертханалық сараптамалар жасалды.
Тұрғындардың денсаулығына жасалған тексеріс нәтижесі туралы айтқан дәрігерлер бригадасының жетекшісі, профессор Ықылас Молдалиевтің мәлімдеуінше, экологиялық жағдайдың нашарлығынан туындаған аурулар көп, адамдардың денсаулығы өте төмен. Медициналық зерттеу өңірдегі 803 адамның денсаулығын тексеру бойынша жасалыпты. Екі қаланың адамдары Қонаев қаласы тұрғындарының, Талап, Жезді, Қарсақбай, Ұлытау елді мекендерінің тұрғындары Ақтоғай селосы адамдарының денсаулық деңгейімен салыстыру арқылы жүргізілген. Ұлттық денсаулықты дамыту ғылыми орталығында және оның Қарағанды, Алматы облыстарындағы филиалдарында зерттелген деректер бойынша экологиялық әсерден туындайтын сырқат түрлері салыстырмалы өңірлерге қарағанда біздің аймақта 2-3 есе жоғары екені анықталған. Жүрек-қан тамырлары, қалқанша безі, ас қорыту, жыныс-зәр шығару, жүйке жүйесі ауруларының көрсеткіші өте жоғары. Негізінен бұл аурулардың жоғары мөлшерде болуына техногендік жағдайдың әсері тиіп отыр деп санайды дәрігер мамандар.
Міне, осылайша өңірдің экологиялық ахуалы алаңдарлық жағдайда екені ғылыми зерттеу арқылы айқындалып отыр. Аралдың әсеріне байланысты Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Талап, Кеңгір, Теректі ауылдары дағдарыс алдындағы аймақ деп танылды. Аймақ экологиясындағы анықталған зиянды әсерлерді жою мақсатында Кешенді жоспардың жобасы жасалды. Онда ғарыш саласының әсерін азайту үшін Ұлытау ауданында қазіргі заманға сай оңалту орталығын салу сияқты бірталай кешенді шаралар қамтылған.
Жалпы, «Экосервистің» 19 ай ішіндегі бұл бақылау мен сараптау жұмыстарының қорытындылары Үкіметтің тиісті министрлігіне беріледі. Ғылыми зерттеу нәтижелері бойынша аталған өңірлерді төтенше экологиялық жағдайдағы немесе дағдарыс алдындағы аймаққа жатқыза ма? Оны құзырлы министрлік пен Үкімет шешеді.
Амандық РАХҰЛЫ.