Биыл Қазақстан теміржолы үшін мерейтой жылы. Қазақ жеріне болат жолдың келуіне 120 жыл толып отыр. Ал, біздің өңірге қатысты Нілді – Жезқазған жолының құрылысы қолға алынғанына 88 жыл болса, мысты қаланы тұйықта қалудан құтқарған Жезқазған – Бейнеу және Шұбаркөл – Арқалық теміржолдарының іске қосылып, алғашқы пойыз қозғалысының басталғанына осы тамыз айында 10 жыл болады.
Қазақ, өзбек, қырғыз және тәжік елдерінің аумағы арқылы өтіп, Ресейді Орталық Азиямен байланыстырған Орынбор – Ташкент теміржолының құрылысы басталған 1904 жыл – Қазақстанда теміржол көлігінің құрылған кезеңі болып саналады. Алғашқы пойыздар Покровская Слобода (қазіргі Энгельс) пен Орал қаласына қатынап, Мәскеу – Рязань – Саратов желісінің жалғасы болды. Қазіргі Батыс Қазақстан облысындағы Тасқаладағы Шипово станциясының вокзалы ҚТЖ желісіндегі ең көне станциялардың бірі. Бұл ғимарат 1897 жылы салыныпты. Болат магистральдың келуі аймақтың сауда, өнеркәсіп, әлеуметтік салаларының дамуына ықпал ете бастады. Кеңес кезеңіндегі Қазақстандағы алғашқы теміржол 1920-1922 жылдары салынған Петропавл – Көкшетау учаскесі еді. Бұдан бері қарай жол Бурабай курорты және Ақмола станциясы арқылы Қарағандыға дейін жалғасты. Сондай-ақ, кеңес өкіметінің бастауындағы Түркістан-Сібір магистралінің (Түркісиб) құрылысы КСРО бірінші бесжылдығының маңызды құрылыстарының біріне айналды. Сібір мен Орталық Азияны байланыстырған теміржол 1927-1930 жылдары салынды. Ол республика аймақтарының экономикасы мен мәдениетінің айтарлықтай өсуіне ықпал етті.
Кезінде жол қатынастарына қатысты үлкен қызметтер атқарып, Көлік және коммуникация министрі және ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары лауазымына дейін көтерілген экономика ғылымдарының докторы Нығметжан Есенғаринның «Стальные магистрали Сары-Арки» атты кітабының бірінші томынан Орталық Қазақстан өңіріне болат жолдың келуіне қатысты көптеген құнды деректерді көруге болады. Ақмола – Қарағанды теміржол желісін пайдалануға берудің 75 жылдығы құрметіне шығарылған бұл кітап 2006 жылы Алматы баспасында жарық көрген екен. Ондағы материалдарды оқып көрсеңіз, сол кездегі адамдардың еңбегінің ерекше екпінділігіне еріксіз таңғаласыз. Мәселен, Ақмола – Қарағанды желісінің құрылысы 1930 жылдың қаңтарында басталады. Қашықтығы 233 шақырымды құрайтын бұл учаскеге рельс төсеу жұмысын 1931 жылдың 1 ақпанында аяқтап, уақытша пойыз қозғалысын қамтамасыз ету міндеті қойылады. Құрылыс жұмыстары қыс айындағы күрделі жағдайда жүргізіледі. Алғашқы айларда топырақ үйіндісін салу, жол төсеу, балластировка сияқты жұмыстардың барлығы қолмен атқарылған көрінеді. Украина мен Белоруссиядан мамандар келіп, «Казжелдорстройға» Түрксиб құрылысшылары да көмек көрсетеді. Айтқандай-ақ, теміржол құрылысшылары өз борыштарын ойдағыдай орындап, 1931 жылдың 1 ақпанында қарағандылықтар алғашқы пойызды қарсы алады. Газеттер «Қарағанды көміріне жол ашылды, Орал мен Магнитстройдың сапалы көмірлеріне жол ашық» деген сипатта ұрандатып жазып жатты.
Геологтар 1928 жылы Қоңыратта мыс кенінің мол қорын анықтауына байланысты болат жолды одан әрі Балқашқа тарту міндеті алға қойылды. Сөйтіп ең әуелі 507 шақырымдық Қарағанды – Балқаш теміржол желісінің құрылысы қолға алынды. Бұл жолды 1936 жылы пайдалануға беру ұйғарылған болатын. Құрылыстың алғашқы кезеңінде жұмыс баяу жүрді, жұмыс күші, кәсіби мамандар жетіспеді, құрылыс материалдары тапшы болды. Үлкен қиындықпен салынған Балқаш жолы 1936 жылдың басында уақытша пайдалануға берілді. Ендігі кезекте Жезқазғанға болат жол тартудың сәті туған еді.
Екінші бесжылдық жоспарларына сәйкес Балқаш мыс комбинатының құрылысымен қатар Жезқазған кенін игеруді үлкен өндірістік жолға қоюға дайындық жұмыстары басталады. Өңірдің мыс байлығы көне заманнан белгілі болғанмен жоғары басшылық пен кейбір мамандар тарапынан Жезқазған кен қорына қатысты әртүрлі пікірлер айтылып жатқан тұс болатын бұл. Қазақтың ұлы ғалымы Қаныш Сәтбаевтың зерттеу еңбектері мен орасан зор қажыр-қайратының арқасында мыстың мол қорының бар екені дәлелденгенін талай мәрте жазып жүргеніміз оқырманға белгілі болса керек. Ақыры КСРО үкіметі 1936 жылдың 9 қаңтарында Үлкен Жезқазған комбинатының ауқымы мен құрылысының мерзімі туралы түпкілікті шешімін қабылдады. КСРО Ауыр өнеркәсіп халық комиссары С. Орджоникидзе ВКП(б) Орталық Комитетіне 1935 жылы қаңтарда былай деп жазыпты: «Жезқазған кен орнын игерудегі басты қиындық сыртқы әлеммен байланыстыратын теміржолдың болмауы болып табылады. Сондықтан да дайындық жұмыстарымен қоса 1935 жылдан бастап жалпы аралығы 414 шақырым болатын Өспен кеніші – Джезказган теміржолының құрылысына кірісу керек, бұл жол Жезқазғанды Қарағанды көмір бассейнімен жалғастырады. Теміржолсыз үлкен өндірістік шаруашылықтың құрылысын кеңінен жүргізу мүмкін емес». Сонымен қоса нарком теміржол құрылысының жалпы құны 500 млн. рубльге жуық болатынын айтады.
Осыдан соң КСРО Халық комиссарлар кеңесінің 1936 жылғы 9 қаңтардағы қаулысының негізінде Жол қатынастары халық комиссариаты ақпан айынан бастап Сәкен (Нілді) – Жезқазған теміржол желісінің техникалық жобасын жасауға кіріседі. Сәкен станциясы қоғам қайраткері, революционер ақын Сәкен Сейфуллиннің есімімен аталғаны белгілі. Қайраткердің «халық жауы» деген жаламен тұтқындалуына байланысты станция қайтадан Нілді деп аталса, кейіннен Жарық деген атауға ие болады. Сәкен – Жезқазған теміржолының құрылысы 1936 жылы шілдеде басталады. Сол жылдың 17 қазанынан бастап алғашқы рельстер төселеді. Ал, 1937 жылдың 1 сәуіріне дейін жаңа желінің 122 шақырымына рельс төселіп, болашақ Жаңаарқа станциясына дейін уақытша жүргізілген паровоздар құрылыс материалдарын тасымалдай бастайды. «Социалистическая Караганда» газеті 1937 жылғы 28 маусымдағы нөмірінде: «Барлық қиындықтарға қарамастан, Сәкен – Жезқазған жолын салып жатқан құрылысшылар ұжымы жаңа желінің 343 шақырымын салып үлгерді. Рельс төсеуді аяғына дейін жеткізуге енді 75 шақырым қалды» деп жазды. 1937 жылдың 11 қарашасында Нілді – Жезқазған теміржолы Үлкен Жезқазған станциясынан 1300 метр әрі қарай асып өтіп, жаңа жолдың шпалының соңғы шегесі қағылды. «…418 шақырымдық теміржол іске қосылды. Үлкен Жезқазғанға жол ашылды! Осы күннен бастап жолды уақытша пайдалану басталды. Әлемдегі алып мыс комбинаттарының бірі саналатын Үлкен Жезқазғанның құрылыс алаңына енді қажетті материалдар мен жабдықтар тиеген пойыздар Отанымыздың түкпір-түкпірінен тоқтаусыз ағылатын болды», – деп жазылыпты 1937 жылғы 15 қарашада «Социалистическая Караганда» газетінде жарияланған «Казахстройпуть» тресінің бастығы К. Гоценконың мақаласында.
Болат жолдың арқасында құлан жортқан құба жонда алып өндіріс ошағы мен мыңдаған отбасының ыстық ұясына айналған әсем қала бой көтерді. Міне, содан бергі 87 жылдың ішінде бұл жол ел экономикасының дамуында айтарлықтай орны бар күретамырға айналды. Ал, жалпы ел іші бойынша теміржол желілерінің қамтымаған аймағы қалмады десек те болады. Әрідегісін айтпағанда, Тәуелсіздік жылдарында елімізде 2500 шақырымнан астам жаңа жол салынды. Оның ішінде 2004 жылы пайдалануға берілген 402 шақырымдық Хромтау – Алтынсарин, 2008 жылы салынған Шар – Өскемен желілері бар. Ал, 2009 жылдан 2015 жылға дейінгі 6 жылдың мұғдарында мемлекеттік шекара арқылы өткен Өзен – Түркіменстан, Жетіген – Қорғас, Жезқазған – Бейнеу және Арқалық – Шұбаркөл теміржол желілері салынды. Біздің өңір үшін 2014 жылдың тамыз айынан бастап іске қосылған Бейнеу жолы береке бастауына айналды.
Шығыс пен Батысты жалғаған 988 шақырымдық Жезқазған – Бейнеу болат жолының бойында 18 станса мен 39 разъезд іске қосылды. Жапандағы дала жанданып, елді мекендердің тамырына қан жүгірді. Ұлытау, Қызылорда, Маңғыстау және Ақтөбе облыстары арқылы тікелей Каспий теңізіне шығатын жаңа жолдың 142 шақырымы Маңғыстау облысын басып өтсе, басым бөлігі біздің аймақта. Жезқазғаннан Сексеуілге бет түзеген болат жолдың 374 шақырымы облысымызға тиесілі аумақтан өтеді. Жезқазғанға қатысты бөлігінде Қарсақбай, Байқоңыр, Көктал, Қоскөл стансалары бой көтеріп, 18 жолайрық бекеттері салынды. Ол жерлерде өндірістік нысандар, теміржолшылар үшін тұрғын үйлер бой көтеріп, пайдалануға берілді. Өңір тұрғындары жаңа жұмыс орындарымен қамтылды. Бізге қатысты теміржол телімдерінде 400-дей теміржолшы еңбек етуде.
Бұл – бұрын теміржол тұйығында қалған қала саналатын Жезқазғанның тыныс-тіршілігіне тың серпіліс бергені анық. Бүгінде еліміздегі тасымалдың елеулі бөлігі Бейнеу теміржолы арқылы жүзеге асу үстінде. Қытайдың Батысқа жөнелтетін транзиттік жүктері де Ақтауға осы жолмен жеткізілуде. Одан әрі Ұлы Жібек жолының бұл бағыты Баку – Тбилиси – Карс теміржолымен жалғасып, Түркия арқылы Еуропа елдеріне жол тартады. Сарапшылардың пікірінше, бұл жол жүк тасымалын 30 күннен 7-9 күнге дейін қысқартады екен. Ал, Түркменстан арқылы Иран мен Парсы шығанағы елдеріне шығу жобасының бастауында да Жезқазған – Бейнеу жолы тұрғаны айтылып жүр. Бұл енді еліміздің сыртқы елдермен байланысы мен экспорттық әлеуетін күшейтуге қатысты қадамдар болса, Арқа төсін көктей өткен Жібек жолының мысты өлкемен қатар Сыр мен Батыс өңірлеріндегі елді мекендерге де жаңа леп, қайнаған тіршілік әкелгенін атап айту керек. Қызылорда қаласына жолаушылар пойызымен баруға мүмкіндік туды. Осылайша өңірдің дамуына жаңа леп әкелген теміржол өмір жолына айналып отыр.
Амандық РАХҰЛЫ.