Ұлытау қиырынан алғаш естілетін зауыт дауылпазының ғаламат үні кең байтақ қазақ даласының әр түпкірінен жаңғырған жауап алары сөзсіз. Себебі, бұл «жаңғырықты» шексіз күшейтетін қуатқа: Ұлытаудың тарихи тиімділігі; оның кіндік ортада орналасқандығы; қазақ халқының білуге ынтызарлығы және ән-жыр шығарымпаз табиғи қасиеті де әсер етпек.
Әлбетте, бұл сарыннан бұрынғыдай қайғы-қасырет, азап-мұң, иә үмітсіздік әуені емес, мүлде басқа саз – ЕРЛІК ПЕН ЖАСАМПАЗДЫҚ толғауы естілмек. Ол енді жаңа да жаңғырған индустриалды Қазақстанның асқақ әуенді әні болмақ.
Академик Қаныш Сәтбаев.
Ағылшындар бастаған Қарсақбай мыс қорыту заводының құрылысы 1925 жылға дейін тоқтап тұрды. 1925 жылы Еңбек қорғау кеңесінің шешімінен кейін құрылыс жұмысы жалғастырылды. 1928 жылғы 19 қазанда алғашқы мыс балқымасы берілді. Көп байлықты шағын зауыт игере алмайтын болғандықтан біраз талас-тартыстан кейін Үлкен Жезқазғанды салу керек деген шешім дүниеге келді. Бұл қортынды 1934 жылы Мәскеуде, Ғылым академиясының сессиясында талқыланды. Сонда Кеңгір су қоймасын, байыту фабрикасын, мыс қорыту заводын салу ұйғарылды. Үлкен Жезқазғанды дүниеге келтіруде Қ. И. Сәтбаевтың еңбегі зор болды.
Eң алдымен байыту фабрикасының құрылысын жүргізу қолға алынады, бірақ күтпеген жерден Ұлы Отан соғысы басталып, құрылыс қарқыны баяулап қалады. Бара-бара мүлде тоқтайды. 1946 жылы Жезқазғанға СОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі А. И. Микоян келіп кеткеннен кейін құрылыс жұмыстары жүре бастайды.
Байыту фабрикасының Бас жобалаушысы Ленинградтың «Механобр» институты, сонымен қатар Мәскеудің «Центрэлектромонтаж» жобалау-конструкторлық басқармасы, «Промстройпроект» және басқалар, ал жалпы Жезқазған комбинатының бас жобалаушысы – Гипроцветмет болды.
Жезқазған байыту фабрикасының құрылысы 1947 жылы басталды. Оның құрылысы қиын жағдайда жүргізілді. Электр энергиясы, жабдықтар, материалдар жетіспеді. Жабдықтарды монтаждауға оралдық жұмысшылар мен инженерлер қатысты. Фабриканың бірінші директоры болып В. С. Барсуков тағайындалды. Ол бұған дейін Қарсақбай мыс қорыту зауытының бас инженері болып істеген.
Байыту фабрикасы іскер мамандармен, тәжірибелі жұмысшылармен, білікті инженер-техник қызметкерлермен толыға бастады. Олардың қатарында И. Меклер, Л. Ларионов, В. Ждановских, Ю. Ким, К. Меркельдер болды. Ресей заводтарынан, Балқаш және Қарсақбай фабрикаларынан мамандар көптеп келді. Олар құрылыс-монтаж жұмыстарына қатынасып, фабриканың іске қосылуына үлкен үлес-
терін қосты. Жезқазған байыту фабрикасы енді іске қосылайын деп жатқанда бұрынғы Жезқазған мыс комбинаты 1953 жылы қазан айында тарайды. Ол үш кәсіпорынға бөлінеді, олар – Жезқазған кен басқармасы, Жезқазған мыс қорыту зауыты-байыту фабрикасы, Қарсақбай металлургия зауыты. Жезқазған байыту фабрикасының директорлғына фабриканың аға технологі Л. Ларионов тағайындалады. 1953 жылдың аяқ кезінде Жезқазған фабрикасының екінші секциясында алғашқы диірмені пайдалануға беріледі.
1954 жылдың қаңтарында байыту фабрикасының үш секциясы пайдалануға беріліп, іске қосылады. Бұл тарихи оқиға Шахмардан Әубәкіровтің бригадасында жүзеге асты. Бригададағы әр ұлттың өкілдері бір үйдің баласындай қуанды. Ауысым бастығы Ю. Ким, ауысым шебері А. Мирошник екеуі бригадир Шахмарданға: «Шәке, біздің атымыз тарихта қалады» – деген екен. Иә, солай болды. Төртінші секция 1955 жылдың ақпан айында іске қосылды.
Жезқазған байыту фабрикасы сол уақытта Одақтағы ірі кәсіпорындардың санатында болды. Алайда, оны жоспарланған қуатқа жеткізу жобалау кезінде жіберілген техникалық қателіктерге байланысты кешіге берді. Әсіресе, ірі және орта ұнтақтау бөлімшелерінде бірқатар олқылықтар орын алды. Жобадағы кемшілікті жою жеңіл түскен жоқ. Бірақ, бірте-бірте бәрі де орнына келді. 1955 жылы кен өңдеу екі есе өсті. Фабрика ұжымы жобалық қуатқа жетуде және өнім сапасын көтеру жолында аянбай еңбек етті.
№ 1 байыту фабрикасын іске қосуға және игеруге зор үлес қосқан аға электрик Г. Юмашев, слесарь-жөндеушілер бригадирі А. Басов Ленин орденімен, ұнтақтау бөлімінің бригадирі Т. Көпеев Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталды. Диірмен машинисі Ш. Әубәкіров пен классификаторшы К. Ербатыров «Қазақ КСР-нің Құрметті металлургі» атанды.
Жезқазған байыту фабрикасының құрылуы, оның өнім бере бастауы Үлкен Жезқазған кентін қала дәрежесіне айналдыру мәселесін тездетті. 1954 жылғы 20 желтоқсанда Жезқазған қаласы өмірге келді. Қалалық мекемелерді орналастыруда байыту фабриаксы және басқа да кәсіпорындардың рөлі зор болды. 1956 жылы Бүкілодақтық социалистік жарыста Жезқазған байыту фабрикасы бірінші орын алды.
1958 жылы «Совнархоздың» шешімімен Жезқазған кен-металлургия комбинаты құрылып, оның директорлығына В. В. Гурба тағайындалды. Сол жылы № 2 фабриканың құрылысы басталып, 1963 жылы № 2 фабриканың алғашқы кезеңі іске қосылды. Қарсақбай байыту фабрикасының жабылуына және № 2 фабриканың іске қосылуына байланысты Жезқазғанға қарсақбайлық жұмысшы-мамандар көптеп келді. Алғашқы келгендердің ішінде бригадирлер Я. Герц, К. Классен, диірменнің аға машинистері С. Сансызбаев, Ф. Шмидт, Э. Кинас, В. Ушаков, Ә. Балқыбаев, флотаторлар А. Давыдова, Н. Палатова, В. Шмельцер тағы басқалар болды. Кезінде Жезқазған байыту фабрикасының директоры қызметін атқара жүріп, 1991 жылы ҚСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланған Қ. Күсенов және Ленин орденінің иегері А. Салқынбеков те Қарсақбайдың түлектері болатын.
1974–1975 жылдары байыту фабрикасының №№ 9, 10, 10 «а» секциялары пайдалануға берілді. Комбинат кен өңдеуден толық жобалық қуат бойынша жұмыс істеуді бастады. Байыту фабрикалары жоғары өнімді жабдықтармен жарақтандырылған прогрессивті технологиялық жүйелермен жұмыс істейді. Байытушылардың тағы бір жеңісі айналма сумен қамтамасыз етуді өндіріске енгізуі.
Кен байыту технологиясын жақсартуда, өндірістік қуатты арттыруда Жезқазған комбинатынан А. Пономарев, И. Литинский, И. Кондратенко, С. Айтмағанбетов, Б. Гучаков, С. Ибраев, Ж. Махмутов, «Механобр» институтынан Ю. Ненаркомов, А. Теребков, Ю. Еропкин, Н. Кухаренко, «Гинцветмет» институтынан С. Митрофанов, С. Дуденков, А. Лившиц, Е. Рогозин секілді инженерлер мен ғалымдар, жобалаушылар мен конструкторлар үлкен үлес қосты. Көп жылдар бойы Жезқазған кенін байыту технологиясын жетілдірумен ҚР «металлургия және байыту институты» мен «Казмеханобр» институты айналысты.
Жезқазған байыту фабрикасының тоқтаусыз жұмыс жасағанына биыл 70 жыл. Осы уақыт аралығында фабриканы 17 директор басқарған, олар: В. Барсуков, Л. Ларионов, И. Кондратенко, А. Мирошник, И. Литинский, А. Аврахов, Н. Салабаев, К. Күсенов, С. Ибраев, В. Цветков, Т. Тоқболатов, Н. Айбеков, В. Гущин, С. Нұрымов, А. Аринов, М. Әтен. Соңғы жеті жылда Мұрат Бөрібаев фабриканы абыроймен басқарып келеді.
Фабрикалардың қуатын игерудегі еселі еңбектері үшін конвейер машинистері Н. Сумская, А. Одожник, флотаторлар Э. Сивожелезова, Л. Попкова, Д. Безносюк, М. Радченко, А. Червоняк, Т. Есентаева, жетекші маман А. Тарасова, диірмен машинисі Ә. Балқыбаев, слесарьлар бригадирлері М. Абдраманов, Ә. Тілеубергенов, Б. Исанбаев, технологтар бригадирлері К. Классен, ауысым бастықтары Р. Сейтжанов, Ф. Петрович, И. Хайдуков, А. Тюрин, О. Көлбаев, Ю. Романенчук жоғары наградаларға ие болды.
Еңбек жарысындағы табыстары үшін 400-ден аса байытушылар одақтың және Егеменді Қазақстанның орден-медальдарымен марапатталды. Металл алудың жаңа әдістерін өндіріске енгізгендері үшін Кеңес Одағының Министрлер кеңесінің сыйлығына фабриканың бұрынғы директорлары И. Кондратенко, И. Литинский, Қазақстан минералды ресурстар Академиясының мүше-корроспонденті, техника ғылымдарының кандидаты Ж. Махмутов ие болды.
Байыту технологиясын жетілдіруде, өндірістік көрсеткіштерді арттыруда фабриканың бас корпус жетекшілері Г. М. Ковалев, Б. Харченко, К. Шипунов, Ж. Жақанов, А. Мырзабеков, И. Наливайко, фабриканың өндірістік-техникалық бөлімін көп жылдар басқарған В. Коляда мен С. Серікбаев, бас энергетик В. Бойко, бас механиктер С. Денисенко және Н. Сидоренко тағы басқалары көп еңбек сіңірді.
№1 ,2, 3 Жезқазған байыту фабрикасы ТМД көлемінде өз саласы бойынша ірі кәсіпорын саналады. Мұнда жылына 22 млн. тоннаға дейін мыс кені өңделеді. Кәсіпорындағы мысты байыту және мыс концентратының сапасы әлемдік үлгіге сай. Бұл кәсіпорында өндірістік қуатты арттыруда алғашқы күндерден бастап жан-жақты іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Ғылыми зерттеу институттарымен тығыз байланыстың арқасында кенді өңдеу мен байыту қарқынды технологиялық шешімдер пайдаланылуда.
Жезқазған байыту фабрикасында бірінші рет тәжірибелік зерттеулер жүзінде құмдық мыс кендерін байыту технологиясының көптеген мәселелері тиімді шешілді. Минералды құмдар мен шламдарды жеке-жеке флотациялаудың жүйесі енгізіліп, игерілді. Осының нәтижесінде мыс концентраты сапалықтың жоғарғы деңгейіне (мыс құрамы 35-38%) жетті.
Фабрикада әрқашан да жабдықтарды жетілдіруге, бірінші кезекте тиімді техникаларды жаңартуға, олардың жаңа үлгілерін ойластыруға үлкен көңіл бөлінеді. Мәселен, 2022 жылы 2-бас корпусында өндірісті тоқтатпай жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Ескі, тозығы жеткен байыту машиналарын (Механобр-5, 6, 7) жаңа үлкен көлемді МЕК-25, МЕК-70 байыту машиналарына ауыстыру жүргізілді. Осы жаңартулар белгіленген көлемде өңделген кеннен қажетті мөлшерде сапалы концентрат алуға мүмкіндік туғызды және мыс концратының сапасын 1,5 есе көтеруге себепші болды.
Жаңадан жұмысқа тұрған жастарға тәлімгерлік тәрбие беруге өндіріс ардагерлері белсенді күш салысады, атап айтқанда, Дархан Тоқпанбаев № 1 бас корпусының бөлім басшысы, Жәнібек Жанайдаров № 2 бас корпусының диірмен жүргізушісі, Валерий Еременко шаң үрлеу цехының электр газ дәнекерлеушісі. Сонымен қатар жастар арасында фабриканың қоғамдық өміріне, спортқа ат салысып жүрген жастар көптеп саналады, олар – Қанат Мусин № 1 ұсақтау қорпусының жөндеушісі, Медет Нұрмағанбетов № 1 бас корпусының аға шебері, Мейіржан Балтабайұлы Фермағали жөндеу құрылыс цехында бетоншы, Азамат Шомпаев № 2 ұсақтау корпусының конвейер машинисі.
Байыту фабрикасының ұрпақ сабақтастығын жалғастырып, байытушылар әулеттері де еңбек етеді, олар Классендер әулеті, Мұсылманбековтер әулеті, Әшірбековтер әулеті, Груздевтер әулеті, Жанайдаровтар әулеті, тағы да басқа әкелі-балалы отбастары жұмыс істейді. Бүгінгі күні фабрикада 1890 адам еңбек етуде.
Қашанда игі дәстүрге берік жезқазғандық байытушылар еліміздегі ірі өндіріс ошақтарының бірі әрі бірегейі саналатын «Қазақмыс» корпорациясының күш-қуатын арттыру жолында жемісті істерін алдағы уақытта да жалғастыра бермек.
Жезқазғандық байытушылардың мерейтойы құтты болсын!
Төлеген БҮКІРОВ,
еңбек ардагері.