Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек біраз уақыттан бері Жезқазған өңіріне келмеген еді. Биылғы алғашқы сапары өткен аптаның сәрсенбісіне орайлас болды. Сәтті күні өткен қос қаладағы кездесулерге асыға жеткен жұртшылық облыс басшысы алдында көптен қордаланған мәселелерді ортаға салып, нақты шешу жолдарын қарастыруды сұрады. Мемлекет басшысының саяси және экономикалық реформаларды қолға алып, билік пен бұқараның тығыз байланысына айрықша мән беруінің әсері болар деп ойладық, облыс әкімі бұл жолғы сапарының барысында қала активімен қатар, қарапайым жұртшылық өкілдерімен де кездесті. Сондай-ақ, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Олардың тарапынан көтерілген мәселелерді шешуге және алдағы уақытта Жезқазған өңіріне әрбір бір-екі ай сайын келіп тұруға уәде етті.
Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек алғашқы кезекте «Қазақмыс» корпорациясының қызметкерлері мен кәсіподақ өкілдерімен кездесті. Компанияның экономикалық дамуы мен еңбеккерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту бағытындағы істер ортаға салынды. «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасының бірінші орынбасары Андрей Гайдин жалақыны өсіру және еңбеккерлердің әлеуметтік ахуалына қатысты міндеттемелерінің орындалу барысымен таныстырды. Оның айтуынша, бұған дейінгі корпорация кәсіпорындары ұжымдарымен болған кездесулерде жұмысшылар көтерген мәселелердің басым көпшілігі ұжымдық шарттың талаптарына енгізілген көрінеді. Жалпы, жалақыны көтеру, тұрғын үймен қамтамасыз ету, еңбек жағдайлары мен қауіпсіздік техникасын жақсарту бойынша бұрынғы қабылданған міндеттемелер ойдағыдай орындалып келеді.
Жеңіс Махмұтұлының Жезқазғандағы бұдан кейінгі кездесуі қала активімен және жұртшылық өкілдерімен болған жиынға ұласты. Бұл басқосуда қала әкімі Қайрат Әбсаттаров жиналғандарға Жезқазғанды дамыту жоспарлары туралы айтып, экономиканы әртараптандыру жобаларымен таныстырды. «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС қара мыс концентраттарын өңдейтін гидрометаллургиялық тәжірибелік зауытын іске қоспақшы болып отыр. «Қазхимсинтез» ЖШС өнеркәсіптік реагент шығаратын химиялық зауытты пайдалануға бермекші. «Kaz Green Energy» ЖШС тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу арқылы энергия өндіретін биоэлектр станциясын салуда. Қала әкімінің мәлімдеуінше, осы үш ірі жоба өнеркәсіптік өндірістің өсуін қамтамасыз ете отырып, 320-дан аса жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Салынған инвестициялар көлемі 17,6 млрд. теңгені құрайды. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жоспары да ортаға салынды. Биыл дарынды балаларға арналған «Өркен» мектебі жанынан 200 орындық жатақхана салынбақшы. Бұл жоспар жүзеге асқанда ауылдан келетін оқушыларды көптеп қабылдауға мүмкіндік береді. Қала басшысы Қабанбай батыр шағын ауданын дамытуды көздеп, жаңа мектеп салуға шешім жасалғанын жеткізді. Қала жолдарын жөндеу жұмыстары да жалғасады. Биыл 8 көшенің жолы орташа жөндеумен қамтылмақшы. Тұрғын үй құрылысы бойынша 6 үй пайдалануға беріледі, олардың екеуі коммерциялық үйлер. Осының нәтижесінде 224 отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі. Қаланың биылғы жылға қарастырылған 22 млрд. теңгеден астам бюджеті барлық жоспарланған жобаларға жеткілікті екені айтылды.
Дегенмен, бүгінгі таңда қоғам белсенділері жиі көтеріп жүргендей, өңірде шешімін күткен өзекті проблемалар көп. Мәселен, ұзақ жылдардан бері Жезқазған қаласы тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі қағаз жүзінде қатталғанмен, іс жүзінде орындалмай келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен күзде өңірге келген сапарында осы жайға назар аударып: «Сапалы сумен қамтамасыз ету – шешуді қажет ететін маңызды әлеуметтік мәселе. Үкімет әкімдікпен және «Қазақмыспен» бірлесіп қысқа мерзім ішінде, әрі кеткенде 1,5 жылда осы мәселені шешуі керек. Біз адамдарымызды таза ауызсумен қамтамасыз етуіміз қажет.
Мен бұл мәселені өз бақылауыма аламын», – деді. Ендігі сауал облыс әкімі мен корпорация басшыларына келіп тірелетіні белгілі. Осыған байланысты Ж.Қасымбек Үйтас-Айдос су құбыры құрылғысын Қожамсейіт су көзімен бірге қайта жаңарту жөніндегі сметалық-жобалау құжаттары әзірленіп жатқанын, 15 ақпанда мемлекеттік сараптаманы қарастыру жүргізілетінін, құрылыстың бірінші кезеңі биыл басталатындығынан хабардар етті. Қала халқы күте-күте күдерін үзген 320 орындық жаңа бала бақшаның жайы жырға айналғанына да биыл 9 жыл болғалы отыр. Сонау 2013 жылдан бері биыл бітеді, келесіде бітеді деп елді үміттендірумен жүргенде ата-аналардың оған апармақ болып жүрген балалары бүгінде мектеп бітіруге жақындап қалды. Сондай-ақ, өткен жылы салынуға тиісті Денешынықтыру-сауықтыру кешені де тапсырыс берушілер мен мердігерлер арасындағы шалағай жұмысқа байланысты құрылысы басталды да тоқтап қалды. Ал, Жезқазғанның экологиялық ахуалына қатысты проблемалар жылда айтылып келе жатқан жауыр тақырыптардың біріне айналғанмен, нақты жасалған шешім жоқ. Мәселен, Жезқазған мыс балқыту зауытындағы күкірт қышқылы цехының 40 жыл бойы пайдаланылып келе жатқан технологиялық жабдықтары моральдық және техникалық тұрғыдан әбден ескіріп тозығы жеткен. Түтін газдарының көлемін күкіртті ангидридтен толық тазартуды қамтамасыз етпейді. «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС Жол картасы бойынша мыс зауытында озық технологиялы жаңа күкірт қышқылы цехын салуды қарастырған болатын. Алайда, күкірт қышқылы диоксидін 20 мың тоннаға дейін төмендетуге мүмкіндік береді деген бұл жоба да жыл сайынғы уәде деңгейінен аспай келеді.
Облыс әкімімен болған кездесуде қаладағы қоғамдық кеңестің төрағасы, Қарағанды облысының Құрметті азаматы Сағындық Қожамсейітов «Қазақмыстың» күкірт қышқылы цехын саламыз деп бірнеше жылдан бері уәде берумен экологиялық ахуалды жақсарту шараларын қолға алмай отырғанын дәйекті дәлелмен жеткізді. Корпорация кәсіпорындары өндірістерінен ауаға, суға таралатын зиянды қалдықтар құрамында кадмий, сынап және басқа да адам организміне қауіпті улы элементтер мөлшерінің жоғары екендігіне тоқталды. Сонымен қатар, қуаң өңірде жасыл-желек пен көгалдандырудың аса маңызды шара екенін алға тартып, корпорация кейінгі жылдарда ағаш отырғызып, баптап өсіру шараларынан да қалыс қала бастағанына назар аударды. Бұл мәселелерді мұқият тыңдаған облыс басшысы Жеңіс Қасымбек алдағы бір айдың ішінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасарын қатыстыра отырып, корпорация басшыларымен проблеманы шешу жолын қарастыруға уәде етті. «Қазақмыс» корпорациясы «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қарағанды облысының Құрметті азаматы Төлеген Бүкіров еліміздегі қалыптасқан ахуалға байланысты бірталай толғақты мәселелерді ортаға салды. Соның ішінде өңірдің дұрыс дамуы үшін Жезқазғанға облыс мәртебесін қайтарып беру қажеттігі, қаланы басқаруға қатысты кадр таңдаудың да көңілден шыға бермейтіні туралы мәселелерді көтерді. Әрине, бұл облыс әкімінің құзырындағы шаруа емес екені белгілі.Дегенмен, мысты қаланың облыс орталығы болып тұрған кезінде ойдағыдай дамығанын еске алатын көпшілік сол жағдайға қол жеткізу туралы жиі пікір білдіретіні жасырын емес. Халықтың сол үкілі тілегінің ресми жиында айтылуы да орынды болды.
«КәсіпҚорған» салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ерболат Сатыбалдин облыс басшысы тарапынан аймақтарға жасалған бір игілікті ісіне Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының ілікпей қалғанын жеткізді. Облыстың бірнеше қаласы бойынша металлургтер мен кеншілерге төменгі процентпен ипотекалық несие беру мақсатында облыстық бюджеттен 1 млрд. теңге бөлінген көрінеді. Алайда, бұл тізімге кенді өңірдегі қос қаланың енбей қалуының қисынсыз екенін алға тартты. Облыс басшысы Жеңіс Махмұтұлы бұл мәселеге түсіністік танытып, жақын арада оң шешім жасайтындығын жеткізді. Nur Otan партиясының «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Бауыржан Шыңғысов көтерген мәселелердің бірі өңір тұрғындары үшін өткір күйінде тұрған онкологиялық ауру деңгейінің асқынуына байланысты жаңадан онкологиялық аурухана салу жөніндегі ұсынысы көпшілік көңілінен шықты. Шындығында, аймақтық денсаулық басқармасы өкілдігінің бұрынғы белгілі бір тұрағы жоқ жандарды бейімдеу орталығын жөндеп, онкологиялық аурухана филиалына айналдыру жөніндегі қолға алған ісі жұртшылық көңілінен шықпайтынын жиі естіп жүрміз. Бұл ұсынысқа облыс әкімі келісетіндігін білдіргенмен, әзірше қыруар қаржы бөлініп жөндеу жұмыстары жүргізілетін жоғарыда айтылған ғимаратты көңілге тоқ санап отырғаны аңғарылып қалды. «Жаңа аурухана құрылысына кемінде екі-үш жыл кетеді, оған дейін 50 орындық бөлімше аша тұру дұрыс» деген ойын білдірді. Қоғам белсенділері Абзалбек Мулаков аймақтағы ауылшаруашылығын дамытуда маңызды орны бар Жезді су қоймасының тиісті көңіл бөлінбеу салдарынан жарамсыз жағдайға жеткенін ашына жеткізсе, Арман Әшімов Жезқазған-Ұлытау өңірі бойынша мал індетінің алдын алу үшін сынама алып отырған жалғыз ветеринариялық зертхананың жабылып қалуы, оның жабдықтарының Жаңаарқа ауданына көшіріліп жатқаны қалай деген мәселені көтерді. А.Мулаков көтерген Жезді су қоймасының жетімсіреген күйі мен шаруашылық алқаптарын игеру жайы газетімізде жарияланып отырған «Стратегиялық нысан неге мемлекет меншігінде емес?» деген проблемалық мақалада жан-жақты жазылғандықтан оған көп тоқталмай қояйық. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек тиісті шешім жасау үшін бұл екі мәселелені де зерттеп, қатаң бақылауда ұстайтынын мәлімдеді. Сөзбұйдаға салынған жаңа бала бақша, денешынықтыру-сауықтыру кешені құрылыстарының нақты аяқталар мерзімін де атап айтты. Қызылорда жолын қайта жаңғыртудың биылғы көктемде басталатындығын құлағдар етті. Сәтбаев қаласындағы осындай кездесуде де жұртшылық апатты үйлердің жайы, коммуналдық қызмет көрсетудегі келеңсіздіктер сияқты бірталай түйінді мәселелерді ортаға салған еді. Облыс басшысы көпшілікті толғандырған жайттардың барлығының ойдағыдай шешілуін қала әкіміне тапсырды. Өз тарапынан да тұрақты бақылау жасалып, алда да бұқара халық өкілдерімен осындай кездесулер жиі болып тұратындығын жеткізді.
Иә, бұрын облыс немесе одан жоғарғы басшылар келгенде қала активімен жиналыс өткізіліп, оған артық-ауыс сөз айтпайтын «таңдаулылар» ғана іріктеліп шақырылатын. Ал, бұл жолғы кездесулердің басқаша сипат ала бастағаны көңілге үміт ұялатты. Президентіміз алға қойып отырған саяси реформаның алғышарттары осы болар деген ой түйдік. Қалай дегенмен де, билік пен бұқараның ортақ тіл табысып, бір-біріне сеніммен жақындай түсуі екі жаққа да, қоғамға да пайдалы қадам екені сөзсіз.
Амандық РАХҰЛЫ.