Елордасы — Астана қаласында 11 қарашада тұңғыш рет «Тәуелсіз Қазақстанның Халық батырлары» республикалық қоғамдық бірлестігінің І-республикалық конференциясы өтті.
Оған облысымыздан егемендік алған жылдардан бері қарапайым еңбек адамының қатарынан алғаш «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған Батыс кенішінің бригадирі, даңқты кенші Тұрсынбек Макишев қатысып қайтқан болатын. Тұрсынбек Шамбылұлы алқалы жиыннан алған әсерін бізбен бөліскен болатын.
«Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев бастаған еліміздің әр өңіріндегі Халық қаһармандары мен «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын иеленген 40-тан аса азамат бас қосқан жиынға арнайы қатысып қайттым, – дейді ол.
– Жиында Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев әр салада жетістікке жетіп, ел құрметіне ие болған азаматтарды кеңінен насихаттап, өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетті қалыптастыру арқылы ұлтымыздың салт-дәстүрін жаңғыртуға барынша ықпал етуге шақырды.
Бүгінгі таңда елімізде 9 Халық қаһарманы, 35 «Қазақстанның Еңбек Ері» бар. Алқалы бас қосуда Халық қаһармандары мен Еңбек Ерлерінің ерліктерін паш ете отырып, азаматтарды патриотизм мен жауапкершілікке дағдыландыруды жүзеге асырудың жолдары талқыланды.
Алқалы жиын барысында бірлестіктің кеңес мүшелерін сайлау, бірлестіктің Тұжырымдамасын бекіту, аймақтарда бірлестіктің филиалын ашу туралы мәселелер талқыланды. Аладағы уақытта аймақтарда бірлестіктің филиалдарын құру жоспарда бар.
Конференцияға қатысу арқылы мен әр салада жетістікке жетіп, Халық қаһарманы мен Еңбек Ері атағын иеленген ел жанашырларымен пікірлесе отырып, жан-жақты тәжірибе алмасып қайттым. Ел батырларының даңқын асырған конференция мен үшін ерекше әсер қалдырды.
Бұл конференцияның негізгі мақсаты — Халық қаһармандары мен «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын иеленген ел азаматтарын кеңінен насихаттап, қоғамға сіңірген еңбектерін кейінгі буынға паш ету. Жасыратыны жоқ, қазір Халық қаһарманы мен Еңбек Ері атағын алған азаматтарды көпшілік тани бермейді. Осы олқылықтың орнын толтыруда «Қазақстанның Халық батырлары» қоғамдық бірлестігі жұмыс атқармақ.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.