«Қазақмыс» корпорациясы еңбеккерлерінің арасында салауатты өмір салтын насихаттап, спорттық шаралардың өз деңгейінде өтуіне ұйытқы болып жүрген «КәсіпҚорған» кәсіподағының Жезқазған филиалы кеншілер мен байытушылардың төл мерекесі қарсаңында «Кубог-2022» атауымен шағын футболдан турнир өткізді.
Аймақтағы кеніштер мен байыту фабрикасының ұжымынан іріктелген командалар қатысқан байрақты бәсеке тартысты өтті. Ала доп бәсекесі десе делебесі қозатын еңбеккерлер жарыс алаңында қызу ойын өрнегін көрсетті. Алғашқы ойындарда-ақ жеңіске ұмтылған командалар ақтық мәреге жолдама алды. Ұжым абыройын асқақтатып, намысты қолдан бермеуге тырысқан Жыланды, Батыс кеніштері мен Жезқазған кен байыту фабрикасының ойыншылары ақтық сында оңай шағылатын «жаңғақ» еместіктерін дәлелдеді.
Кәсіподақтың Жезқазған филиалының төрағасы Ақылбек Төлепбергеновтің бастамасымен қолға алынған бұл жарыста шын мықтылар дараланды. Жарыс қорытындысы бойынша, Жыланды кенішінің командасы үшінші орынды иеленсе, батыстықтардың еншісіне екінші орынның жүлдесі бұйырды. Бірінші орынның тұғырына Жезқазған кен байыту фабрикасының командасы көтеріліп. Кубог иегерлері атанды.
Сондай-ақ, турнир барысында үздік ойын көрсеткен Батыс кенішінің еңбеккері Асхат Тұрлыбек «Ең үздік ойыншы», энергетика басқармасынан Ғалым Бадағұлов «Ең үздік шабуылшы», Жезқазған кен байыту фабрикасынан Мейіржан Фермағали «Ең үздік қақпашы», Жыланды кенішінен Айбек Бекмырза «Ең үздік қорғаушы» номинациясына лайық деп танылды.
Бағдат АЙТӨРЕҰЛЫ.