1992 жылдың 7 мамырында «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлыққа сай дербес әскеріміз құрылды. Сол себепті осы күн Отан қорғаушылар күні деп белгіленді. Міне, содан бастап мемлекетімізде ерлік, міндет, абыройды қатар алып жүрген жандардың мерекесі әр жыл сай аталып келеді.
Ғасырлар бойы халқымыз ұрпағын ізгілікке, өз елін сүюге баулып келеді. Бұл берік қалыптасқан дәстүрді ұлттық тәрбиенің өзегі, діңгегі десе де болады. Бүгінгі таңда Қазақстан әскери техникасы дамыған, қорғаныс қабілеті күшті, бейбітшілігі баянды мемлекет болып саналады. Тәуелсіздік жылдарында әскерімізге барынша жағдай жасалып келеді. Қарулы Күштердің қабылеті мықты, айбыны асқақ. Соңғы жылдары Қазақстан әскерінде жұмылдыру резервін дайындау, әскери қызметке шақыртуды ұйымдастыру, келісімшарт бойынша әскери қызметті білікті мамандармен жасақтау мәселесі қолға алынып, жыл сайын Қарулы Күштер қатары нығайып келеді.
Ұлытау облысында қорғаныс істері департаменті құрылып, өз жұмысын бастады. Біздің негізгі мақсатымыз – жастарымызды отансүйгіштікке баулып, елінің айбыны болатын рухы мықты азаматтарды қалыптастырып, үгіт-насихат жүргізу және Отан алдындағы міндетін адал орындауға үндеу. Департамент құрылғаннан бергі уақыт ішінде жастармен тәрбиелік мазмұндағы ауқымды жұмыстар жүзеге асуда.
Департамен құрылғанна бері екі кезеңнен тұратын азаматтарды әскери қызметке шақырудың алғашқы – көктемгі кезеңін жүргізудеміз. Көктемгі әскери мерзімді қызметке шақыру бойынша наурыз-маусым айлары аралғында 300 азаматтың әскерге баруын қамтамасыз етеміз. Қазіргі таңда 140 азамат әскери міндетін өтеуге аттандырылды. Күзгі жедел әскер қызметіне шақыру межесі де 300-ден кем болмайды деп үміттенеміз. Өйткені,Ұлытау облысынан әскер қатарына баруға ниетті жігіттердің ынтасы басым. Бұл қуантарлық жайт.
Ер бала отбасының тірегі, елінің қорғаны, айбынды сарбаз болуы тиіс. Өйткені бүгінгі бозаң шақта жүрген бозбала ертең әскер қатарына қосылғанда елдің шетінде, желдің өтінде жүріп ел тыныштығын қорғайды. Ата-ананың аялы алақаны, жылы ұясынан шыққан жеткіншек «әскер» атты үлкен өмір мектебінде шыңдалады, шынығады. Темірдей тәртіп пен төзімді талап ететін әскери өмір көк байрақ пен қалың жұртты кірпік қақпай күзету қауіпсіздіктің қалқаны, тұрақтылықтың тірегі саналады.
Бабаларамыз білектің күшімен, найзаның ұшымен әлемдегі жер көлемі жағынан тоғызыншы орынды иеленетін территорияны бізге аманат етті. Енді біз байтақ жерімізді қорғап, тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай сақтап, өскелең ұрпаққа беретін тәрбиемізді де осы бағытқа негіздеп, туған жердің қасиеті мен киесін ұғындырғанымыз абзал.
Ербол Уткельбаев,
Ұлытау облысы қорғаныс істер департаменті бастығының орынбасары. Тәрбие және идеологиялық жұмыс басқармасының бастығы, подполковник.