Сәуірдің салқын желіне қарамай «Қазақмыс» корпорациясы Ардагерлер кеңесінің мүшелері 1 сәуір күні ұйымдасқан түрде сенбілікке шықты. Ардагерлер сенбілікке жастарды да шақырды.
Сәтбаев қалалық жастар ресурсы орталығының бас маманы А. Ібіраш бастаған бір топ қыз- жігіт пен 25 ардагер сенбіліктің көрігін қыздырды. «Жеңіс» саябағының іші тазартылып, қаламыздың құрметті азаматы, Ұлы Отан соғысының ардагері Ж. Үншібаев атамыздың ескерткіші маңы сыпырылып жиналды. «Даңқ» алаңы, «Тағзым» алаңдары да қыс бойы жиналған күл-қоқыстан тазартылып ерекше сәнге ие болды.
Қалалық «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы» басшысы Н. Кенжеғұлов техника бөліп, сенбілік жасаушы азаматтарға көп көмегін тигізді. Техниканың арқасында жиналған қоқыс қалдықтары шашпай-төкпей сыртқа шығарылды.
Бұған дейін де әр жерлерде жастарды Отансүйгіштікке, адамгершілік, еңбекқорлыққа баулу тақырыбында кездесулер өткізіп жүрген ардагер кеншілер бұл жолы да сол үрдістен танған жоқ. Жастарға қаламыздың өсіп-өркендеуіне қосып жатқан үлестерін болашақта мақтанышпен еске алатындарын да айтып өтті. «Халық игілігі үшін атқарылған істердің ешқайсысы да ескерусіз қалмайтынын ескерсек, жастар сендер біздің болашағымыз әрі ізбасарымызсыңдар. Ертеңсендер де туған қаланың тазалығы үшін өздеріңді үлгі ете отырып, соңдарыңнан жас ұрпақты ертетін боласыңдар. Ұрпақ жалғастығы деген де, міне осы», – деді ардагер ағалар.
Сегізінші шақырылған қалалықм әслихаттың депутаты А. Молақов сенбілік жүріп жатқан аймақ өзінің депутатық құзырында екенін және бұл атқарылған жұмыстар халыққа берген уәдесінің бір көрінісі ғана деп тоқталды. Болашақта қаламыздың өсіп-өркендеуіне қосар үлесінің мол екенін жеткізді.
Сенбілік соңында депутат А. Молақов келген жастарға ардагерлер кеңесі атынан ризашылық білдіріп, Алғыс хат табыс етті.
Жәми Тұрсынбаев,
«Қазақмыс» корпорациясы Ардагерлер кеңесінің мүшесі.