Сәрсенбай ақсақал 2022 жылы 72 жасында 8 мың шақырым жол жүріп, Қазақстанның 17 облысын жаяу аралап шығу арқылы қалың елге кеңінен танымал болған адам. Сапар аясын келесі жолы одан әрі жалғастырған ол 2023 жылы Батыстағы Атырау қаласынан жолға шығып, Ресейдің Астрахан өңірі, Шешенстан, Ингушетия республикалары арқылы Түркияны аралап, 3 мың шақырым жүрген сапарын Стамбулда аяқтаған болатын. Жиһанкез қария биыл тағы да Өскеменнен бастап, Алтай өлкесі, Моңғолия арқылы Қытай мемлекетінің астанасы Пекинге дейін 3 мың шақырым жерді жаяу жүріп өтті. Сәрсекеңмен жыл соңында жолығып, осы сапарының барысы туралы әңгімелескенімізде жиһанкез қарт енді Еуропа елдері мен Америкаға көз тігіп, әлемді жаяу аралау жобасын одан әрі жалғастыруға ниеттеніп отырғанын естідік.
Жетпістің бел ортасына қарай бет бұрған қарияға мұндай қуаттылық қайдан келді? Осы оймен ақсақалдың өмір жолын шолып өткен едік. Сәрсенбай Қотырашев жасынан еңбекке араласып, қиындықта шыңдалып өсіпті. Отбасы жағдайына қарай 15 жасында жүкші болып жұмыс істеген. Өмір ерте есейткен ол көрші тұратын Қожахмет ұстаға көмекші болып, ұсталық кәсіптің де қыр-сырын ықыласпен үйренеді. Ұсталық, тас қалаушылық, ағаш шебері, электрик, моторист сияқты көптеген кәсіби мамандықтарды меңгеріп, өмір жолында соның пайдасын көп көрді. Кейінгі жылдарда «Ұлытау» қорық-музейінде еңбек етіп, темірден түйін түйетін ұста ретінде танылды.
Сәрсекеңнің шебер қолының іздерін Ұлытау өңіріндегі тарихи орындардың біразынан көруге болады. Өңірде туризмді дамытуға қатысты істерге атсасылып, үлесін қосты. Әулиетауға келушілерге арналған «Тағзым үйі» ғимаратын салды. Тауға шығатын сатылардың темір қалыптарын жасап берді. Тарихи орындарды сақтап, абаттандыру мақсатында Келінтам, Талмас ата мазарлары, Теректі кешені, Басқамыр, Аяққамыр қоныстары ескерткіштеріне темір шарбақтар жасап орнатты. Сауқым мазары мен Қонысбай мешітінің қайта қалпына келтіру жұмыстарына атсалысты. Мұның алдында Терісаққан ауылында мешіт үйін салуға қатысып, Ұлытаудағы «Гүлсара ана» ембұлағының көзін шегендеп, маңайын абаттандырып, белгітас қойып үлкен сауапты іс атқарған да Сәрсекең болатын.
Сәрсекең ұлтымыздың өткен тарихи жолдарына зерек, көне мұралар мен ескерткіштердің сырына үңіліп, оларды жаңғыртуға құмар адам. Жер-жаханды аралап, саяхаттап жүруіне де осы қызығушылығы әсер еткен болар. Жиһанкез қария сапар барысында ұлттық салт-дәстүрлерімізді кеңінен насихаттай білуде. Ұлытау қорық-музейінде қалпына келтіруші-ұста болып жүргенінде тарихи өңірге келген археолог ғалымдармен көп араласып, әңгімелескен көрінеді. Содан түйген өзіндік тұжырымдары мен ойлары да аз емес. Жаяу жүрудің денсаулыққа пайдасы туралы айтары көп. Өмірге құштарлығың артады дейді қария.
– Мен жүрген жерлерімде, аралаған елдерімде қазақтың тарихы, ұлттық дәстүрі туралы әңгімелеймін. Соның ішінде қымыз мейрамын қайта жаңғырту жайлы ойларымды білдіріп жүрмін. Ұлтқа, нәсілге бөлінуге болмайды, бір-бірімізге құрмет көрсетудің негізі осы ұлттық мейрамнан басталады деген уағызды барынша таратудамын. Өткен жылы Түркияда болғанымда қымыз мейрамының жалпы түркі жұртының басын біріктірудегі маңызы жайлы ойларыммен бөліскен едім. Түрік ағайындар ұлтымыздың бұл дәстүрін қолдайтынын білдіріп, өздерінде қымыз мейрамын өткізуге ниет танытып отыр, – дейді қария.
– Сәрсеке, биылғы жылғы сапарыңыздың ауқымы да айтарлықтай болған сыңайлы. Алтайдан асып, шығыстағы Моңғолия арқылы Азия құрлығындағы ірі мемлекет – Қытай Халық республикасының астанасына жетіп табан тіредіңіз. Осы жолдағы сапарыңыздың ерекшеліктері жайлы айтсаңызшы?
– Иә, Алтай өлкесі арқылы Баян-Өлгей аймағының жерін басып, Ұлан-Баторда болдым. Бай-Өлке аймағында қазақтар көп, тұрмыстары жақсы екен. Біздегіден жақсы тұра ма деп қалдым. Халықтың 20 пайыздайы мал шаруашылғымен айналысса, 80 пайызы бизнеспен айналысып өз кәсіптерін қалыптастырған. Көпшілігі екі-үш қабатты үйлерде тұрады. Жолыққан жандармен әңгіме барысында ата жұрт жайлы айтып, елге шақырғанымда олар туып-өскен жерлерінен қозғалғысы келмейтінін сездірді. Қасиетті Ұлытау өңірінің ерекшеліктерін, мыс өндірісінің орталығына айналған Жезқазған жайлы айтқандарыма оң қабақ танытқан тек екі отбасы келуге уәде етті. Басты мақсаттары – балаларын Қазақстанда оқытқысы келеді.
Алтай асуының жолы ауыр болды. Ал, Қытайға қарайғы жолда елсіз мекендер жиі кездесті. «Әлгі қытайда жер жоқ» деген бекер сияқты. Ол жақта құлазыған кең дала жеткілікті, бос жер көп. Күніне 40-60 шақырымға дейін жүріп отырдым. Елді мекен кездеспеген жерде 6-7 рет палатка тігіп, далада түнеуге тура келді. Қытай жағында қазақ кездесе қоймады. Тіл білмеймін, қиын болды. Ол жақтың тәртібі қатал, автожолмен жаяу жүруге болмайды екен. Қайта-қайта полицейлер тоқтатады. Құжаттарымды көрсетемін, аудармашы шақыртып әрең-пәрең дегенде жіберіп жүрді. Астанасы Пекинде бір күн болдым. Такси жалдап, Ұлы Қытай қорғанына барып көрдім. Қытайдың Мин аулеті тұсында, жалпы 10 патшалық аулеттің қатысуымен салынған қорғаныстық құрылыстың ұзындығы 10 мың шақырым дейді. Әлемнің жеті кереметіне кіретін қорғанды сырттай тамашалап қайттым. Қайту жолда Қытайдан Алматыға самолетпен жеттім. Астанада Туризм және спорт комитетінде болып, министрмен кездесуге жазылып кеттім. Одан кейін Қазақ география қоғамында болып, баспасөз конференциясында сапар барысы жайлы әңгімеледім. Ендігі мақсат – Еуропа елдері арқылы Америкаға дейін жету. Дүние жүзін жаяу аралау жобасын сол сапармен түйіндесем деген ойым бар, – дейді жиһанкез ақсақал.
Сәрсекең Еуропа елдері арқылы сапар шегудің күрделі болатындығын да аңғартты. Ол жақтағы жолда қаржы жағы жеткілікті болуы керек. Қытайға сапарының жол пұлын «Қазақмыс» корпорациясы көтеріп, 2 млн. теңге берген екен. Үш мың шақырымдық ұзақ жолда қонақүйі бар, ас-ауқаты бар дегендей, өз қалтасынан да қосымша ақша шығаруға тура келіпті. Туризм және спорт министрінің қабылдауына баруға ниеттеніп отырғаны да осы алдағы сапарының жай-күйін пысықтап алу болса керек. «Шешінген судан тайынбас» демекші, Сәрсенбай ақсақал әлемді жаяу аралау жобасын Еуропа аймағын кесіп өту арқылы түйіндемейінше тыным таппайтын сыңайлы. Не дейміз, жиhанкездің ойға алған мақсаты орайымен орындалып, сапары сәтті болсын дейміз!
Амандық РАХҰЛЫ.