Халқымыздың маңдайына біткен ғұлама ғалым, қазақтан шыққан түңғыш геолог, Қазақ Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың есімі әлемге аян тұлға. Оның жер қойнауындағы қазба байлықты дәл басып айтып, оң нәтижеге жетуі оның көрегендік қасиетін аңғартатындай сезіледі. Мұндай қасиет ұлы ғалымның есімін де, еңбегін де көкке көтерді.
Үлкен Жезқазған – Қаныш Имантайұлының ашып кеткен үлкен жаңалығы. Оның геологиядағы сүбелі үлесін тек Жезқазған кен орындарын ашумен байланысты қарамау керек. Ол Қазақстанның қазіргі мақтанышына айналған мұнай байлығының көзін ашуға да тікелей қатысы бар.
Маңғыстау өңірінің мұнайлы қабаттарға мол екенін көрегендікпен болжаған геологтардың басында Қанекең болған. Осыған байланысты шараларды дайындау барысында 1956 жылы түбектен уран кен орны ашылып, соған 900 шақырымдық «Мақат-Ақтау» теміржолы салынады. Азғантай уран кенін алу үшін теміржол салудың тиімділігіне күмән туады. Алайда Қаныш Имантайұлы бұл мәселені де министрлік арқылы шешуге атсалысады. Осы уақытта: «Маңғыстаудан мұнай көзі ашылғанда Мұнай министрінен кем қуанған жоқпын. Теміржол мұнай өндірісінің тағдырын шешсе, мұнай кені мені жазадан құтқарды», деп жазады КСРО-ның Орташа салмақты машиналар жасау министрі Е. Славиский (Медеу Сәрсеке, «Қазақтың Қанышы», 527-бет)
Екібастұз электрстанциялары еліміздің электр энергиясын өндіретін зор орталыққа айналды. Бұл дүниежүзінде теңдесі аз, 5 жылу станциясынан құралған алып құрылысты сумен қамтамасыз ету жайы кезінде шешімінің табылуы қиын мәселеге айналған болатын. Оның 1 станциясының қуатты конденсаторларын суыту үшін секундына 118, ал жылына 4 млрд текше метр көлемде су керек екен. Бұған қоса тез өркендеп келе жатқан Қарағанды өндіріс торабының суға деген сұрынасы да шешімін табуды күтіп тұрған еді. Осы мәселені шешу жолын бір жағынан, одақ деңгейіндегі «Водоканал» институты және оны қолдаушы қазақстандық гидрогеологтар жерасты суларын пайдалану арқылы шешу керек деп шешсе, екінші жағынан, Қаныш Сәтбаев бастаған Қазақстан Ғылым академиясының ғалымдары Ертіс өзенінен жарма (канал) тарту арқылы шешу керек деген шешімге келеді. Осыған байланысты пікір алуандығы да көпке созылады. Сол сәтте Қанекең: «Түптеп келгенде, мәселе – жер астындағы судың Қарағанды өндіріс торабының қажеттілігін толық өтей алмайтындығында емес. Әңгіме, сол суды орнынан қозғауға болмайтындығында!… Неліктен біз жер қойнауында жатқан барлық байлығымызды, бұған мен су қорын да қосамын, алды-артымызға қарамай, еш нәрсеге ойланбай, тып-типыл етіп құрта беруіміз керек?! Жоқ, біз оларды көздің қарашығындай сақтауға міндеттіміз! Өзімізді өмірбақи асырап отырған табиғатты қорғау, жер астындағы қазба, су байлықтарымызды шақтап пайдалану – бұл, жолдастар, болашақ ұрпақ алдындағы қасиетті борышымыз!… Әлбетте, мен Сарыарқа қойнауындағы жерасты суын ауыл шаруашылығы қажеті үшін пайдалануға, айталық жан-жануарларды суғарып, егін, көкөніс өсіруге, елдімекендердің қажеттілігін өтеуге жұмсауға ешқандай қарсы емеспін. Жылма-жылғы қар мен жаңбыр суы бұл шығынды әрқашан толтырып отырады. Жерге одан келер зиян жоқ… Ал жарма құрылысын ешқандай дау-дамайсыз жақтағанымыз жөн болар», – деген Ғылым академиясының осы мәселені қараған арнаулы отырысында (Медеу Сәрсеке «Қазақтың Қанышы», 549-бет).
Дегенмен, бұл мәселенің түпкі шешімін Мәскеу қабылдайтын еді. Ал ондағылар болса «Водоканал» институының жобасын құп көрді. Өзіне тән қасиет – бастаған ісін аяғына дейін жеткізетін Қанекең 1959 жылы 11 шілдеде КСРО Министрлер Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары және Жоспарлау комитетінің сол кездегі төрағасы А. Косыгинге хат жолдайды. Қанекең бұл мәселенің хатпен шешілмейтінін бағамдап, Мәскеуге арнайы жол тартады. А. Косыгинмен кездесуде біраз талас-тартыс туындағанымен А. Косыгин ұлы ғалымның жобасына илануға мәжбүр болады. Сөйтіп, Орталық Қазақстанның болашағы үшін маңызды «Ертіс – Қарағанды» жармасын салу да Қаныш Сәтбаевтың көрегендігінің арқасында жүзеге асқан болатын.
Міне, бір ғасырда, тіпті мың жылда бір туатын дала дарынының ғылымға, өндіріске қосқан өлшеусіз үлесінің бір парасы осындай еді, сондай-ақ аймақтардың өзіне тән мәселелерін шешуде ұлы ғалым ғұмырын сарп етті. Қазақ үшін туып, қазақ ұлтының мүддесі үшін қорған бола білген Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың ұлы істерін ұмытауға хақымыз жоқ! Заман ауысып, уақыт жылжыса да Қаныш Сәтбаев өзінің заңғар биігінде жарық жұлдыз болып қала береді.
Сұлтан СҮТБАЕВ,
КСРО-ның үздік барлаушы геологы,
Қазақстан Республикасының Құрметті геологы.