Зулап өтіп жатқан өмірде адамның бір-біріне деген мейірі мен қиналғанда қолұшын созып демеуі адамгершіліктің ең асыл құндылығы деп саналады. Әсіресе, маңайыңызда ешкім жоқ сәтте құлап, ес-түссіз жатқанда демеу болып, өміріңе араша түсу – сауапты істің бірі. Міне, осындай сәтте адам өміріне араша түскен екі жан Балқаш қаласында тұрады.
Екеуі де Балқаш мыс балқыту зауытының еңбеккерлері. Динара Садыбаева мен Темірлан Тілеуғалов өндіріс ошағынның мысты электролиздеу цехында жұмыс істейді. Олар 15 қарашада әдеттегідей жұмыс бабымен цехтан шығып келе жатады.
Жолда бір топ адамның жерде жатқан адамға үңіліп тұрғанын көріп, дереу қастарына барады. Екеуі дереу алғашқы медициналық көмек көрсету қамына кіріседі. Түр-түсі қашып кеткен Елена Фридрих есімді келіншектің демі тарыып, әрі қарайғы тағдырының екіталай екендігінен нышандар белгілі бола бастайды. Науқасты көлденеңінен жатқызып Темірлан жүрегіне массаж жасаса, Динара өкпеге жасанды дем береді. Бұл кезде жедел жәрдем де келіп жетеді. Осы сәтте Еленаның көзінен жас шығып, есін жияды.
– Ауыр халдегі адамға алғашқы медициналық көмек көрсету – оның өмірін құтқарып қалуға себепкер болатын бірден-бір қадам. Біз әріптесіміз Темірлан екеуіміз батыл шешіммен жүрегі қысылып, талып жатқан әйелге көмек көрсетуде шұғыл әрекет жасадық. Он минутқа созылған массаж жасау, жасанды дем беру сынды медицинаның алғашқы көмегімен науқас өз-өзіне келді. Қандай жағдай болса да адамның адамға жанашырлықпен қарауы бұл – сауапты іс деп білеміз. Денсаулықтарыңызды бақылап, жиі дәрігерге көрініп жүріңіздер, – деп кеңесін де жолдады Динара Садыбаева.
Қазір денсаулықтың сыр беруі аяқ астынан орын алуда. Түрлі дерт ағзаға күш түсірген сәтте дәрігерге қаралып, ем-домын алған жөн. Ал, адам өмірі қыл үстінде тұрғанда араша түскен Динара мен Темірлан сынды азаматтардың батыл шешімі жерлестерін ажал аузынан аман алып қалды. Балқаштық қос азаматтың ісі көпке үлгі.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.