Әз Наурыз – Ұлыстың Ұлы күні, қазақ даласына шуағын шашып келгенде бүкіл тіршілік атаулыға жан бітіп, ерекше күйге енеді.
Наурыз – ежелден келе жатқан мейрам. Тамыры тереңге кеткен әз Наурыз қай кезде де еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі. Ұлы даланың биік рухымен, тәңірге сиынған тәккәппар мінезінен басталатын Наурыз – халқымыздың тірлігі мен бірлігінің, ырысы мен берекесінің көрінісі, биік рухымыздың, өрелі мәдениетіміз бен өнеріміздің, салт-дәстүріміздің, тіліміз бен діліміздің өзегі.
Тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуымен бірге Наурыз мейрамы да барлық қазақстандықтар үшін жалпыхалықтық мерекеге айналды. Көктем мезгіліндегі күн мен түннің теңелуін ежелден ата-бабаларымыз Ұлыстың ұлы күні деп атаған.
Наурыз – жаңа күн ғана емес, бұл ең алдымен ізгілік пен жақсылықтың мейрамы. Наурыз – рухани тазару мен үйлесімнің, бейбітшілік пен берекенің символы.
Ұлыстың ұлы күні елдік, бірлік, берекелік, сипатын былай қойғанда, оның құндылығы сол – адамзатты инабаттылыққа, адамгершілікке, иманжүзділікке, ізгілікке баулиды.
Ежелден жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы болған әз Наурыз қажырлы еңбектеріңізге толайым табыстар әкелсін.
Еліміздегі тұрақтылық тұғыры бекемделіп, бақ-берекеміз арта берсін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, ағайын!
Құрметпен, Ерболат САТЫБАЛДИН,
Тау-кен металлургия және аралас өндіріс еңбеккерлерінің «КәсіпҚорған» кәсіподағының төрағасы.