Жеті қат жер астында жүріп, шыңырауда кен қазған кеншінің еңбегіне қандай құрмет көрсетілсе де артық емес. 700-800 метр тереңдікке бойлайтын шахталардан жер бетіне кен шығарудың машақатын қайыспай көтерген сол кен өндірісінің майталмандарын еңбектегі жеке үлесі үшін марапаттау «Қазақмыс» корпорациясында дәстүрге айналған.
Жақында Шығыс Жезқазған кенішінің бір топ еңбек озаты түрлі дәрежедегі «Кенші даңқы» төсбелгісіне ие болды. Кеніш директоры Серік Сатыбалдиев, «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Манап Байдүйсенов майталмандарға салаға қосқан айрықша үлестері үшін алғыстарын білдірді. Үздіктерді ұлықтау жиынында «Анненск» шахтасы № 19 жару-аттыру телімінің жерасты өздігінен жүретін техникасының жүргізушісі Нұрлан Тобашев, № 55 шахта № 52 кен өндіру телімінің басшысы Нұрлан Көккөзов, «Анненск» шахтасы №76 су төкпе телімінің басшысы Ержан Жаңабергенов пен №55 шахта №57 дайындау блогы телімі басшысының орынбасары Ерұлан Рахымбеков ІІ дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісімен марапатталды. ІІІ дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісіне № 57 шахта № 11 үңгілеу телімінің үңгілеушісі Медет Сансызбаев ие болды.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.