Өткен ХХ ғасырдың 20-30-жылдары ағылшын акционерлерінің қасиетті мекендегі ен байлықты игеруге деген талпыныстарының нәтижесінде жұмысшы қалашығы ретінде іргесі қаланған Қарсақбай кентінде осыдан 96 жыл бұрын алғаш қара мыс кәсіби тұрғыда балқытылып алынған болатын.
Түсті металлургияның тұтас шежіресін қалыптастырған бұл құтты мекенде қазір сол дәуірдің куәсі саналатын Қарсақбай металлургиялық зауытының тіршілігі жалғасып жатыр.
Металлургияның өңірдегі биік сатысында тұрған қарашаңырақтағы өндіріс ошағының еңбеккерлері алдыңғы буын салып кеткен сара жолды берік ұстанып келеді. Оларды бүгінде осы құтты мекеннің тірегі деп айтуға толық негіз бар. «Қазақмыс» корпорациясының қолдауымен тыныс-тіршілігін тоқтатпай отырған зауыттың кент пен келер буын үшін тарихи маңызы мол. Сондықтан бұл қарашаңырақты ұстап қалу өңір өндірісіне қатысты барша жұртшылық үшін өзекті.
Суретте: зауыттың құю-механикалық цехының озат еңбеккерлері. (Солдан оңға қарай) Қайрат Бекбауов, Сәруар Жаңабаев, Дархан Қожахметов, Оразбай Жанаділов, Марғұлан Қожабергенов.